• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Оқиға 29 Шілде, 2020

Талдыкөл табиғи саябаққа айналады

542 рет
көрсетілді

Елордадағы Талдыкөл маңын абаттандыру, көгалдандыру жөнінде осыған дейін де бірқатар жоба қарастырылған болатын. Оның ішінде Диснейленд орталығын құру сынды күллі астаналықтарды бейжай қалдырмаған ауқымды жобалар болды. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы аталған көлдің маңынан ашылуы жоспарланып отырған табиғи парктің сызбасын жариялады.

Жоба бойынша, рекреациялық ай­мақ­тың аумағы 5700 гектарды қам­тиды. Саябақ қаланың оңтүстік-батысында – Қорғалжын шоссесі, Ш.Айтматов көшесі мен К-1 айналма жолы аралығында орналасады деп жос­парланып отыр. Тұжырымдамаға сәйкес, парк бірнеше аймаққа бөлі­неді. Оның ішінде орман паркі, су­лы-батпақты алқап, хайуанаттар пар­кі, сафари паркі және этнопарк қарастырылған. Сондай-ақ жобада визит орталық, қонақ үй мен мейрамханалар кешені, балалар мен спорттық алаңдар да көрсетілген.

Қазір жасыл аймақтың табиғи ғы­лыми негіздемесі жасалған. Парк Қызыл кітапқа енген құстар мен жа­нуар­лардың тіршілік ету ортасы ретіндегі табиғи қалпын сақтайды, сонымен бірге студенттерге, биологтарға, ихтиологтарға, орнитологтарға, эко­логтарға арналған айрықша білім орта­лығына айналады деп күтілуде.

Парк жұмысына Ұлыбританиядағы тәжірибе ретінде лондондық сулы-батпақты алқаптың үлгісі, Rainham Marshes табиғи паркі, Шервуд орманы мен Minsmere қорығының үлгі­сі пайдаланылмақ. Қаржы көзі – Ұлы­бри­тания құстарын қорғау Королдік қоға­мының биоалуан­түр­лілікті сақтау бағ­дар­ламасы бойынша бөлінген грант.

Айта кету керек, Талдыкөл көлі 1970-2015 жылдары су жинақтау-буландыру қызметін атқарды. Жер­гілікті дәрежедегі орнитологиялық маңызды аумақта маусымдық миграция кезінде құстардың 200-ге тарта түрін көруге болады, оның ішін­де бұйра бірқазан, ақбас үйрек, сұң­қыл­дақ аққу, аққұйрық субүркіт сияқ­ты ерекше түрлері бар. Сондай-ақ көл аумағына тиесілі далалы аумақта өсім­діктердің 98 түрі тіркелген.