• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Шілде, 2020

Алыстан арбаламайды

413 рет
көрсетілді

Маңғыстауда ауылдық жерлерде атшаптырым аумаққа егін егіп, еңбек көрігін қыздырған кәсіпкерлер аз емес. Олар ауылдастарын көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.

Өткен жылы ашылып, өз шаруашы­лы­ғын қарбыз-қауын егумен бастаған Бейнеу ауданындағы бір ғана шаруашылық биыл 25 мың тонна өнім беруді жоспарлап отыр.

– Биыл қауын мен қарбызға қосып, картоп пен қияр ектім. Бұйырса, алдағы уақытта өзге де өнімдер егіп, ауыл тұр­ғын­дарын жергілікті өніммен қамтуды жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда қарбыздың бір килосы 120 теңгеден сатылуда. Әрине, өзге өңірлерден келетін өнімдер бар. Бәсекеге қабілеттілікті арт­тыру қажет. Осы орайда жергілікті әкім­діктен қолдау сұрадық, – деді шаруа қожа­лығының иесі Сегізбай Ережепов.

Ал бейнеулік тағы бір кәсіпкер Әліпбай Кәрібаевтың жылыжайында қияр және дәмдеуіш аскөктер өсіріледі. Жалпы көлемі 0,2 гектарды құрайтын жылы­жай кешенінде 10 тонна қияр өнімін алу жоспарда бар. Бұдан бөлек, аудан­дағы екі шаруашылықта қауын-қар­быз бен көкөніс өнімдерін өсіреді. Мәселен, «Берекет» шаруа қожалығы 3,5 гектар жерге қауын-қарбыз егіп, 2019 жылы 5 тонна қауын, 15 тонна қарбыз алды. Биыл өнімді көбейтіп, қауыннан 10 тонна, қарбыздан 15 тонна және картоп пен қияр егіп, 2 тонна картоп, жарты тонна қияр алуды жоспарлап отыр.

– 2019 жылы 10 гектар жерден 50 тонна қарбыз, 40 тонна қауын, қызанақ пен қиярдан 15 тонна және дәмдеуіш бұрыштардан 5 тонна өнім алдық. Биыл осы өнімдерге қоса сәбіз де ектік. Алдағы уақытта тоннаға жақын сәбіз аламыз деп отырмыз және қауын мен қарбыз, қызанақ пен қиярдан да былтырғыдан көп өнім болады деп күтудеміз, – дейді «Назар» шаруа қожалығының өкілі Хамит Тарғын.

– Өзімізден шығатын өнім ең алдымен жергілікті нарықты қамтамасыз етіп, содан кейін өзгелерді қамтуы қажет. Бағасы да сай болуы керек. Кәсіпкерлердің ұсыныстары назарға алынып, қолдау көрсетіліп келеді, – деді Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Рахымжан Шалбаев.

Сондай-ақ жылыжай өнімдерінің көлемін ұлғайту қолға алынды. Мысалы, Түп­қа­раған аудандық ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің басшысы Дәулет Өтебалиевтің мәліметінше, ауданда аумағы 5,1 гектар жерді қамтитын жылыжай жұмыс істейді.

– Жыл соңына дейін аумағы 1 гек­тар болатын жаңа жылыжай Ақ­шұқыр ауылында іске қосылады деп жос­пар­лан­ған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүр­­гі­зілуде. Жоба құны – 480 млн теңге, – деді Дәулет Өтебалиев.

Ауданда ауыл шаруашылығымен ай­налысaтын 317 шаруашылық және 3 ЖШС тіркелген. Оның 286-сы мал шаруа­­шылығымен және 31-і егін шаруа­шы­лығымен айналысады.

– Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дар­ға арналған «Еңбек» бағ­дарламасы аясында Түпқараған ауданына шағын несие алып, кәсіптерін ашу және одан әрі дамыту үшін 110 млн теңге бөлінген. 6 айдың қорытындысы бойынша 9 кә­сіп­кер 40 млн теңге қаражат алды. Тағы 7 жоба комиссия қарауына ұсынылды. Ша­ғын несиелер жұмыссыз азаматтарға кәсібін ашуға, сондай-ақ орта және шағын кә­сіпкерліктерін одан әрі дамыту үшін бе­рілетіндіктен, алдағы уақытта да тұр­ғындарға өз кәсіптерін ашуға және да­мы­туға септігін тигізбек, – деді Д.Өтебалиев.

«Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, ауыл іргесіндегі өнімдер ауыл тұр­ғын­да­рын «алыстан арбалаудан» құт­қа­ра­ты­ны анық.

 

Маңғыстау облысы