Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында елдегі эпидемиялық ахуал және коронавирус инфекциясымен күрес шаралары қаралды. Тақырып бойынша Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың баяндамасы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Маңғыстау, Қостанай облыстары әкімдерінің есептері тыңдалды.
А.Цойдың айтуынша, 5 шілдеде қатаң карантиндік шектеу шаралары енгізілгеннен бергі 3 апта ішінде вирус жұқтырған 35 951 науқас тіркелді. Жалпы, вирус жұқтыру көрсеткіші 29%-ға төмендеді.
«COVID-19-бен ауыру жағдайы орта есеппен тәулігіне 1600 адам деңгейінде. Сауығып кеткендердің үлесі 63%-ға дейін өсті. Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің негізгі көрсеткіштері төмендеуіне қол жеткізілді», деді министр.
Инфекцияның репродуктивтік көрсеткіші 1,2%-дан 0,99%-ға дейін, төсектік орындардың қамтылу пайызы 90%-дан 47%-ға дейін төмендеді. Яғни денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің негізгі көрсеткіштерінің жоғарыда көрсетілген оң серпіні карантиндік шараларды кезең-кезеңмен азайту мүмкіндігі бар екенін көрсетіп отыр.
«COVID-19-дан сырқаттану мен өлім-жітім жағдайын одан әрі тұрақтандыру экономиканың барлық секторларының үйлесімді жұмысына байланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Қабылданатын тұрақтандыру шараларының тиімділігі тек 30%-ға медициналық көмек пен эпидемиялық іс-шаралардың сапасына байланысты», деген ведомство басшысы қалған 70%-ы маска режімі мен жеке гигиенаны сақтауға (30%), әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтауға (40%) байланысты екенін жеткізді.
Министр айтқандай, барлық қазақстандық қоғамға коронавирус емес, қауіпсіздік пен салауатты әдеттер «жұқпалы» болуы үшін барлық шараларды қабылдауы қажет. «Үйден тыс жерлерде маска кию инфекцияның таралуын 30%-ға азайтады. Инфекцияның таралуында қол гигиенасы ерекше рөл атқарады», деді А.Цой.
Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер мен жұмыс берушілерді, басқа да ұйымдарды тарта отырып, маска режімін сақтау жауапкершілігін күшейту, барлық қоғамдық орындарда санитайзерлер орнатуды қамтамасыз ету, барлық ақпараттық арналар арқылы халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.
Тыйым тәртібі сақталады
Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтау, маска тағу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау арқылы бір апта ішінде төсектік орындардың қамтылу көрсеткіші 70%-дан азайып, өлім-жітім деңгейі төмендеген кезде уақыты мен күндері бойынша шектеулер сақтала отырып мынадай инфрақұрылымдық объектілердің қызметіне рұқсат етіледі: сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері, жабық азық-түлік, азық-түліктік емес базарлар, балаларға арналған түзету кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, әр топта 5 адамнан аспайтын үйірмелер, кезекші топтар режіміндегі мектепке дейінгі балалар мекемелері, сұлулық салондары, шаштараздар, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар. Сонымен қатар қашықтан жұмыс істеу формасы мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) қызметкерлері мен кеңсе қызметкерлерінің кемінде 80%-ы үшін сақталуға тиіс.
Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада жеке және топтық жаттығулар жасауға рұқсат етілетінін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құрамалар үшін 30 адамнан аспайтын құраммен спорттық жаттығулар жасауға болады.
Халықтың жүріп-тұруына қатысты мынадай талаптар сақталады: көшеде жүру, саябаққа, скверге және жағалауға бару – 3 адамнан аспауы тиіс; қоғамдық көліктерде маска тағу, санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтау, кондуктордың болуы міндеттеледі. Қоғамдық көліктердің жұмысында уақыт бойынша шектеу, жолаушылардың 50%-дан аспауы сынды ережелер де сақталады.
Сонымен қатар: көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралардың барлық түрлеріне, ойын-сауық мекемелерінің, кинотеатрлардың, фудкорттардың, банкет залдарының жұмысына; мейрамханалар, барлар, түнгі және ойын клубтарының жұмысына; мәдениет нысандарының, музейлердің жұмысына, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге; спортзалдардың, фитнес-орталықтардың, бассейндердің, аквапарк жағажайларының жұмысына; діни нысандар жұмысына; қала маңындағы жолаушылар пойыздарының (жұмыс пойыздарынан басқа) қозғалысына, ортақ вагондардың, қалааралық автобустардың (шағын автобустар) рейстеріне тыйым салынады.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 5 шілдеде күшейтілген шараларды енгізу дұрыс шешім болғанын атап өтті. Алматыдағы эпидемиялық жағдай кешенді түрде тұрақтанды. Мегаполистегі коронавирус жұқтырғандардың өсімі 2,2%-ға дейін төмендеді. Қазіргі таңда қалада COVID-19 жұқтырған 10 965 адам тіркелген. 6 341 адам немесе 60%-ы емделіп шыққан. Коронавирустан қайтыс болғандар саны – 73 адам (0,68%). Пневмония және COVID-19 жұқтырды деген күдікпен жедел жәрдем шақыру саны 4 есеге азайды. Стационарларға жатқызылған адамдар саны 2 еседен астам төмендеді. Сондай-ақ емханаға жүгінушілер саны да 2 есе азайды.
Пандемиямен күресу және жаңа толқынның басталуына дайындық жұмыстары күшейтілді. Жедел жәрдем бағытының жаңа моделі жасалды. Негізгі клиникалық-диагностикалық бағыттар бойынша штаттан тыс мамандар институты құрылды. Жалпы қалалық зертхана желісі орталықтандырылды.
Алғашқы медициналық жәрдем бөлімшелері COVID-19-бен күресуге бейімделді. Амбулаториялық деңгейде мобильді бригадалар қызмет етеді. Қауіпті топқа жатқызылған пациенттермен Мониторинг орталығының жетекші мамандары жұмыс істейді.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов те өз өңірлерінде эпидемиялық жағдай бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарғаны туралы баяндады. Бұл аймақтардағы ахуал мен қолданылған шаралар Алматыға ұқсас.
Тақырыпты Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, биыл 2 тамызда аяқталатын карантин режімі кезеңінде Қазақстанда эпидемиялық жағдай тұрақтанды, медицина ұйымдарының жүктемесі біршама азайды. COVID-19-дан сауығып кеткендердің саны 63%-дан асты. Ауру жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 1,7%-ға дейін азайды, стационарлардағы орындардың жүктемесі 46%-ға дейін, жедел жәрдемді шақыртулар саны 38%-ға төмендеді. Өңірлер дәрі-дәрмектің жеткілікті қорымен қамтамасыз етілген.
«Эпидемиялық жағдайды одан әрі жақсартуымыз қажет. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі карантиндік шараларды біртіндеп алу жоспарын ұсынып отыр. Ағымдағы жағдайды және осы айдың қорытындысын ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның отырысында бұл жоспар қарастырылып, тиісті шешім қабылданатын болады», деп түйіндеді сөзін А.Мамин.
Электронды сауда екпін алды
Үкімет отырысында электронды сауданы дамыту мәселесі де қаралды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін уақытша атқарушы Б.Мусин баяндады.
Биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанда электронды сауданың бөлшек тауар айналымындағы көлемі бір жарым еседен аса өсті. «Қазпочта» АҚ мәліметіне сүйенген Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, алты айда электронды сауда нарығының көлемі 435 млрд теңгені құрады. Бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4%-ын құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін өсім 900 млрд теңгеге жетеді деп болжануда. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 13%-ын құрап, 1,9 трлн теңгеге жетеді.
Бағдат Мусин пандемия кезінде интернет және электрондық мемлекеттік қызметтер бірінші қажеттіліктегі қызметтерге айналғанын атап өтті. Электрондық сауданы дамыту қазіргі күрделі уақытта өзекті мәселе болып отыр. Биыл өсім қарқыны жоғарылап, 6 ай ішінде интернет-дүкендерден сатып алынған тауар саны 19,5 млн-ға жетті.
Премьер-Министр электронды сауданың перспективасы зор екенін, ол экономиканың ілеспе секторлары – логистикаға, контейнерлік тасымалдауға, курьерлік қызметтерге, цифрлық сервистер мен қызметтерге, қолма-қол ақшасыз айналымға, еңбек нарығына және тағы басқасына мультипликативті әсерін тигізетінін атап өтті.
«Біздің алдымызда электронды сауда рәсімдерін жеңілдетіп, қаржыландыруға жол ашатын, интернет арқылы мәміле жасауға сенімді нығайтатын, сондай-ақ киберқылмыстарға қарсы әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді шараларды қалыптастыру міндеті тұр», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы 2025 жылға қарай, елімізде электронды сауда секторында аралас салаларды ескере отырып, шамамен 300 мыңнан аса жаңа жұмыс орны мен мамандығы ашылатыны жеткізді. Ол Сауда министрлігіне Еңбек министрлігімен «Атамекен» ҰКП-мен және ірі интернет-дүкендермен бірге кәсіпкерлерді онлайн-сауданы тиімді жүргізуге оқыту үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді, осы бағдарламаға жастарды белсенді тартуды тапсырды.
Сауда логистикасын одан әрі тиімді дамыту мақсатында тиісті министрліктерге фулфилмент-орталықтар желісін және қазіргі таңда құрылып жатқан Ұлттық тауар өткізу жүйесін дамыту жоспарын үйлестіру, Қазақстанның Даму банкімен бірлесіп онлайн-саудада жаңа несиелендіру өнімдерін қарастыру мәселесін пысықтау тапсырылды. «Инновациялық технологиялық шешімдерді қолдану осы саладағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді» деген Премьер-Министр Цифрлық даму министрлігіне тиісті заң жобасын әзірлеуді жеделдетіп, Үкіметтің қарауына ағымдағы жылы ұсынуды жүктеді.
Үкімет басшысы «бір терезе» қағидаты бойынша онлайн саудадағы тұтынушылардың шағымдары мен ұсыныстарын қабылдаудың Бірыңғай платформасын іске қосу жұмысын жандандырып, тиімді кері байланысты жолға қоюды міндеттеді. Сонымен қатар А.Мамин электронды сауданы дамытудың 2023 жылға дейінгі Жол картасын жандандыруды тапсырды.