• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Шілде, 2020

Жалаңаяқ жүретін гүлзар ашылды

423 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Корей мәдени-ағартушылық бірлестігі белсенділері Орал қаласында «Бес ұрпақ» атты шағын саябақ ашып, жала­ңаяқ жүруге арналған «Денсаулық жолы» сауық­тыру жолағын ашты.

Өңірдегі ұлттық-мәдени орталықтар былтырдан бері жаңа үрдіс бастады. Өткен жылы әзербайжан орталығы Орал қаласындағы Әзербайжан көшесіне 50 түп шырша егіп, өз қамқор­лығына алған болатын. Өңірдегі Ассамблея жетекшісі Ғайса Қапақовтың идеясынан туған бұл бастаманы биыл корей ұлттық мәдени бірлестігі жалғады.

– Қазақстанда корей ұлтының жүз мыңнан астам өкілі тұрады. 1937 жылы сталиндік репрессия кезінде Қиыр Шығыстағы атамекенінен күштеп көшірілген көрейлер қазақ жеріне алғаш табан тигізсе, бүгінде бұл топырақта сол босқындардың бесінші ұрпағы дүниеге келіп жатыр. Бүгінгі гүлзар бақтың атауын «Бес ұрпақ» деп атауымыздың себебі осы. Мұнда қойылған орындықтардың өзі осы бес ұрпақтың өзіне тән дәуірді көзге елестетеді. Сонымен қатар өзім дәрігер болғандықтан, арнайы ұсыныс айтып, жалаңаяқ жүруге арналған «Денсаулық жолы» соқпағын жасадық. Табандағы нүктелер арқылы адамның ішкі ағзасына, маңызды мүшелеріне әсер етуге болады. Бүгінгідей әлемді жайлаған пандемия кезінде денсаулық – зор байлық екеніне көзіміз жетті ғой. Ақжайық өңіріндегі корей диаспорасының қолдауымен ашылып отырған бүгінгі гүлзар оралдықтар мәнді де пайдалы демалатын сүйікті мүйіске айналады деп сенемін, – дейді корей қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Ан.

Кәріс халқының дүниетанымында қазақпен сәйкесетін салт-дәстүр көп екен. Соның бірі – киелі дарақты тәу етіп, Тәңіріден тілек тілеп, ағаш бұтағына шүберек байлау. «Бес ұрпақ» саябағында дәл осындай символикалық «бәйтерек» орнатылған. Сондай-ақ, жаңа үйленген жас жұбайлар неке берік болуы үшін осы гүлзардағы Жүрек бейнесіне келіп, құлып тағып, кілтін «Махаббат құдығына» тастайды.

 

Батыс Қазақстан облысы