• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Шілде, 2020

Кереуеттер санының 40 пайызы ғана пайдаланылады

183 рет
көрсетілді

Биылғы шілде айының басында Ақтөбе облысында күрделі эпидемиялық жағдай қалыптасты. КВИ-ға қоса вирустық пневмония дерті белен алып оны асқындырып алғандардың бірқатары өмірден озды. Өкінішке орай олардың арасында аймаққа еңбегі сіңген танымал тұлғалар мен аға-буын өкілдері бар еді. Дәл осы кезде ауруханалар мен провизорлық госпиталдарға науқастарды толықтай орналастыруға мүмкіндік болмай қалу қаупы туындағаны да жасырын емес. Бұған қоса өңірде дәрі-дәрмек тапшылығы да орын алды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Өткен маусым айының аяғында өткізілген кеңесте республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысында індетпен күрестің тиімділігі төмен болып отырғанын қатаң сынға алғаны мәлім. Бұдан кейін өңірде шұғыл шаралар қабылданып емдеу мекемелерінің әлеуеті екі-үш есеге дейін өсірілді. Дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің қосымша корпусы әзірленді. Бұл іске М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінің барлық профессор-оқытушылар құрамы мен биылғы жылы осы ЖОО-ны бітірген түлектер де тартылды.

Дертке тап болғандарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмектер қоры жасақталды. Бұған бюджеттен тыс көздер есебінен табаны күректей 500 миллион теңге қомақты қаражат бөлінді. Бұл іс жүйелі әрі кешенді түрде қолға алынып дәрі бағасына шектеулі нормалар қойылды. Алыпсатарлықпен айналысқандардың жолы кесіліп, оларға тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Сондай Ақтөбе қаласындағы ТК Фарм компаниясы вирусқа қарсы қолданылатын грипповер  деген атау берілген дәріні шығарып оны ауруханаларға шұғыл жеткізу жолдарын белгіледі. Сөйтіп осы арқылы отандық фармацептиканың тағы бір жаңа өнімінің тұсауы кесілді деуге толық негіз бар. Дәрі-дәрмек тапшылығын жоюға және оның жеткілікті қорын жасақтау ісінде облыста іске асырылған оң шешімдер мен тактикалық қадамдар Үкіметтің кейінгі кеңейтілген мәжілісінде арнайы аталып өтті. Әрі ақтөбеліктердің бұл тәжірибесі өзге өңірлерге үйренетін үрдіс ретінде ұсынылды.

Келесі кезекте індетті ауыздықтауға қарсы жүргізілген іс-шаралар кешенінің нақты нәтижелері қандай деген мәселеге келсе, атап айтуға тұрарлықтай өзгерістер жасалғаны айқын байқалады. Ең бастысы өңірде санитарлық-эпидемиялық жағдай тұрақты сыйпат ала бастады. Індеттің бәсеңдегені жедел жәрдемге қоңырау шалғандардың едәуір азайғанынан да көрініс таба алады.

Соңғы деректер өңірде емдеу мекемелеріне науқастанып түсушілердің санынан ауруынан айығып шыққандардың саны үш есеге басым түскенін көрсетеді. Осы деректен туындайтын тағы бір жағымды жәйт бүгінгі күні облыста ауруханалар мен провизорлық госпиталдардағы керуеттер санының қырық пайызы ғана пайдаланылып отырғаны.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин орынды атап көрсеткендей соңғы кезде пайда бола бастаған эпидемиялық жағдайдың оң динамикасы босаңсуға еш негіз бола алмайды. Сондықтан да Ақтөбе аймағында сақтану мен қауіпсіздің шараларына қатысты облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген талаптар мен міндеттер өз күшінде қала бермек. Сақтансаң сақтармын деген халықтық қағидаға сүйенген жағдайда ғана індеттің бетін қайтаруға болатынына ақтөбеліктер кәміл сенеді.

АҚТӨБЕ