• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Шілде, 2020

Жамбылдық дәрігерлер Оңтүстік Корея дәрігерлерімен тәжірибе алмасты

197 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде жаһанды жайлап отырған коронавирус індетімен күресу бойынша жамбылдық дәрігерлер Оңтүстік Корея мемлекетіндегі әріптестерімен жиын өткізді. Шетелдік дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, қауіпті індеттің екінші толқынына дайындық барыстары туралы әңгімеледі. Дәрігерлердің кездесуі онлайн түрде, яғни Zoom платформасында өтті. Аталған конференцияға Тараз қаласы мен өңірдегі аудан дәрігерлері де қатысты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Оңтүстік Корея сарапшыларының айтуынша, бүгінде өз елдерінде коронавирусқа қатысты жағдай тұрақты екен. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың арасында жаңа жағдайлар тіркелмеген. Олар мұндай жағдайға медицина қызметкерлерінің нақты және үйлесімді іс-әрекеттерінің, азаматтардың түсіністігінің арқасында қол жеткізіп отырғанын мәлімдеді. Аталған мемлекетте барлық жерде медициналық маска кию және әлеуметтік қашықтықты сақтау маңызды қағидаға айналған. Дәрігерлер симптомсыз науқастарды, коронавирустың жеңіл түрімен және инфекцияның ауыр түрімен ауыратын науқастарға бөліп, оларды әртүрлі стационарларда емдеген. Сонымен қатар, оңтүстіккореялық дәрігерлердің айтуынша, аурудың ерте диагностикасы жақсы нәтиже берген және дәрігерлер өзін нашар сезінгендердің барлығынан коронавирусқа тест алған. Әріптестерін тыңдаған жамбылдық дәрігерлер оларға бірқатар сұрақтар берді. Мысалы, облыстық қан орталығының өкілдерін Оңтүстік Корея мемлекетіндегі коронавируспен ауырып жазылған адамдардың иммундық плазма донорлығының қолданысы қызықтырды. Ал, мамандар бұл әдістің коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу кешенінде белсенді қолданылатынын айтты. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея дәрігерлері өз елдеріндегі жағдайдың тұрақтанғанына қарамастан, күзде күтілетін пандемияның екінші толқынына дайын екендіктерін де атап өтті. Ол үшін аталған мемлекетте қосымша ауруханалар ашылып, дәрігерлер дайындықтан өтуде екен.

Семинар соңында екі елдің дәрігерлері мағыналы ой-пікірлері үшін бір-бірлеріне алғыс айтты. Сонымен қатар, бұл семинар коронавирусқа қарсы күрестегі өзара берік ынтымақтастықтың бастауы болатынына сенім білдірді.

 

Жамбыл облысы