Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, атыраулықтар 1 шілдеден бері полиция бөлімдеріне 40-қа жуық атыс қаруы мен 100-ден астам оқ-дәрі тапсырыпты. Ерікті түрде қару мен оқ-дәрі тапсырған тұрғындарға сыйақы ретінде республикалық қазынадан 1 млн 700 мың теңге төленбек, - деп хабарлайды Egemen.kz
"Акцияның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруларымен жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу. Акция кезінде ерікті түрде заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапсырғандар қылмыстық, әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Азаматтарға сыйақы Ішкі істер министрінің «Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру қағидаларына бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес төленеді", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.