Әйгілі әнші, Қазақ КСР-нің халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен ономастикалық тізімнен сызылып тасталған көрінеді. Қазақстанның батыс өңіріне тән Мұхит ән мектебінің ірі өкілі, 1934 жылы Алматыға келгеннен бастап бүкіл өмірін өнерге арнаған, жүздеген шәкірт даярлаған қайраткер ұстаз, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аңызға айналған Ғарекеңе – Ғарифолла Құрманғалиевке қиянат жасау деген ойдың өзі ақылға сыйымсыз көрінеді.
Мәселенің мәнісі
Оқиға былай болған екен: Ғарифолла Құрманғалиевтің туған жері – Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Сөйтіп, жаңарған мәдениет ошағына әйгілі әншінің есімін беру туралы ұсыныс айтылады. Аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің №17 санында «Мәдениет үйіне Ғарифолла есімі сұранып тұр» деген тақырыппен мақала жарияланып, оны аудан халқы да түгел қолдайды. Бірақ осы тұста республикада бекітілген арнайы ономастикалық тізімге Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі кірмей қалғаны белгілі болады. Бұл, әрине, талай жұрттың наразылығын тудырды.
– Біздің қолымызда Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі ұсынып, Премьер-Министрдің Кабинетінде бекітілген арнайы тізім бар. Онда 345 адамнан тұратын тарихи тұлғалардың тізімі, 380 жер-су атауы берілген. Міне, осы тізімде Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі жоқ екені рас. Біз өз тарапымыздан бұл тізімді толықтыру туралы ұсынысымызды бердік, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің бас маманы Ізбасар Жұмағали.
Қобыланды бар, Ер Тарғын жоқ...
Біз, әрине, министрліктің тізімімен мұқият танысып шықтық. «Ұлы даладан» басталып, Қостанай облысы аумағындағы тарихи жер атауы Ырыстомарға дейін созылған тізімге Батыс Қазақстан өңірінен Бекетай құмы, Жайық, Деркөл, Тақсай, Тастөбе, Шаған, Хан тоғайы атаулары еніпті. Ал көне дәуірлерден күні бүгінге дейінгі ұлт тарихында есімі қалған тұлғалар тізімі б.з.д. VII ғасырдағы Тұран елінің әйгілі билеушісі Алып Ер Тоңғадан басталып, Олимпиада чемпионы Анатолий Храпатый мен Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке дейін жеткен. Яғни тарихтағы хандар мен би-батырлар, өнер иелері мен қоғам қайраткерлері, спорт саңлақтары да қамтылған. Тізімдегі ешбір тұлғаға қарсы уәж айта алмайсыз.
Бірақ бұл тізімді халқымыздың арғы-бергі тарихында барлық тұлғалар қамтылған, ешкімді алып-қосуға болмайтын ақырғы ақиқат деп айтуға да келмейді. Мысалы, бұл тізімде қазақтың батырлар эпосындағы Алпамыс пен Қобыланды кіргенімен, Ер Тарғын қалып қойған.
Белгілі ақын-ағартушы, ұлттық баспасөздің басында тұрған тұлғалардың бірі, Алашорда қайраткері Ғұмар Қараш та бұл тізімге кірмей қалған.
«Көкірегінен әсем әннің
көк мұхитын шайқаған,
Ей, Ғареке!
Қасиетті қазына жыр, байтақ ән!» – деп Төлеген Айбергенов жырға қосқан қазақ ән өнеріндегі құбылыстың бірі Ғарифолла Құрманғалиевтің де ұмыт қалғанын жоғарыда айттық.
Әрине, ономастика мәселесінде мемлекеттік бақылау, идеологиялық нұсқаулық керек екендігі сөзсіз. Бір кездері «атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» дегендей өрескел оқиғалар да көбейіп кеткендігі шындық. Жоғарыдағыдай тізім осындай орынсыз оқиғаларды болдырмау үшін жасалғаны да сөзсіз.
Бірақ, мұндай тізімдер «айттым – бітті, кестім – үзілді» дегендей қатып қалған қасаң қағида болмауы қажет қой. Осы іспен айналысатын тиісті лауазымды мекемелер мен жауапты адамдар орынды ұсыныстарды ескеріп, тізімді толықтырып, халық пікіріне де құлақ асып отырса дейміз. Әйтпесе Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі республикалық тізімнен қайта-қайта сызылып қалуы, жергілікті және республикалық БАҚ бетінде жарияланған наразы мақалаларға тиісті министрліктің назар аудармай, мәселенің мәнісін түсіндіріп жауап бермей отырғаны Президентіміз айтатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келмейтіні түсінікті.
Ел пікірі ескерілгені жөн
Жалпы, ономастика мәселесіндегі олқылықтар тек қана жоғарыдан кетіп жатқан жоқ. Мәселен, жоғарыдағы тізім еліміздің әр өңірінен жолданған ұсыныстардың негізінде жасалатыны анық. Ендеше, кейбір елге белгілі тұлғалардың тізімге енбей қалуы – ұсынушы жақтың әлсіз аргументі мен табансыз позициясынан болуы да мүмкін.
Айта кетейік, «жоғарыдан келген тізім» жергілікті мекемелер мен мамандардың ауызды қу шөппен сүртіп, шөп басын сындырмай отыра беруіне де жол ашты.
Өзіміз анық куә болған бірер жайт еске түседі. Батыс Қазақстан облысының Ақсай және Орал қаласында Жолбарыс батыр Торыұлының атына көше беру туралы ұсыныс жиырма жылдан бері ескерусіз қалып келеді. Жолбарыс Торыұлының XVIII ғасырдың тарихи тұлғасы екенін, қазақ-орыс қатынастарында үлкен орны болғанын Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының сол кездегі басшысы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Хангелді Әбжанов ресми хатымен бекітіп берген. Батырдың сауыты Бөрлі аудандық музейінде сақтаулы тұр. Жолбарыс Торыұлының зираты Қазақстанның киелі жерлері тізіміне еніп, «өңірлік қасиетті нысан» атанған. Бұған қоса Ақсай қаласының Чингирлауская көшесінің 157 тұрғыны, Орал қаласындағы Жұлдыз шағын ауданының аты жоқ шағын ғана №9 көшесінің 59 тұрғыны тиісті жиналыс өткізіп, хаттама толтырып, өздері тұратын көшеге Жолбарыс батырдың есімін беруді сұраған. Берілмеді. Ең басты уәж – үкіметтік тізімде жоқтығы.
Қазталов ауданына қарасты Көктерек ауылының мектебі ұжымы осы білім ордасын ашып, іргетасы қалаған Сақып Ақбаевтың есімін сұрап жүргеніне де талай жыл болды. Сақып Ақбаев – 1880-1956 жылдары өмір сүрген қазақтың алдыңғы толқын мұғалімдерінің бірі. 1949 жылы Ленин орденімен марапатталған, 1955 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі атанған ағартушы, аңызға айналған ұстаз. Көктерек тұрғындары, әсіресе ұстаздың тәлімін алған аға буын Сақып Ақбаевтың парасаты мен адамгершілігін аңыз етіп айтады. Қарап тұрсақ, ауыл мектебіне есімін беруге әбден лайық-ақ тұлға.
Дәл осындай мұғалім, Алаш көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұхамедұлына сабақ берген Құрбанғали Сүйербаевқа Жымпиты ауылынан көше беру туралы халық ұсынысы да әлгіндей себептермен іске аспай келеді.
Мінеки, көріп отырғанымыздай, басқа жерді қайдам, Батыс Қазақстан облысында «осы өңірден шыққан тарихи тұлғаларды ұлықтауға орталық билік үнемі кедергі жасап отыр» деген көзқарас қалыптасып келеді. Бұл жақсы емес.
Мәселенің шешімі
Сонымен, Қаратөбе аудандық мәдениет үйіне Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі беріле ме?! Бұл мәселе қалай шешілмек?
– Елді мекендер мен көшелерге, мекеме-ұйымдарға атау беру, кісі есімін берудің өзіндік тәртібі бар. Ол үшін Қаратөбе мәдениет үйінің ұжымы жиналыс өткізіп, хаттама толтырып, қолдаушылар қолын қойып, тиісті құжаттарды бізге ұсынуы керек. Бізге мұндай құжат түскен жоқ. Ал Ғарекеңнің есімі үкімет бекіткен ресми тізімге енбей қалуы – жөндеуге болатын, кездейсоқ кеткен қателік деп ойлаймын, – дейді Ізбасар Жұмағали.
Ізбасардың айтуынша, жақында ономастика мәселесі бойынша заң талаптарына өзгеріс енгізілуі мүмкін. Яғни ауыл мен аудан деңгейіндегі атауларды қою, өзгерту, қайта атау құзіреті облыс деңгейінде, облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімімен жүзеге асуы ықтимал көрінеді.
Осы мақаланы жазу барысында Ғарифолла Құрманғалиевтің немересі, Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Меруерт Құрманғалиеваға да хабарластық.
– Иә, мемлекеттік тізімге Ғарифолла Құрманғалиевтің енбей қалуы мені де алаңдатып отыр. Болашақта атамыздың мұрасын, еңбегін насихаттауда, түрлі байқауларды өткізуге кедергі болар ма екен деп уайымдаймын. Бүгінде Ғарифолла Құрманғалиевтің атында Алматы қаласында берілген шағын көшеден басқа ештеңе жоқ. Шығармалары да талан-таражға ұшырауда. Мысалы, атамның өнердегі серігі Жүсіпбек Елебековтің есімі олар қоян-қолтық бірге қызмет еткен Алматы эстрада студиясына берілді. Ономастикалық тізімге де енгізілген. Өнер адамдарын бұлай алалауға болмайды ғой, – дейді Меруерт Санатқызы.
Батыс Қазақстан облысы