Қазір әлеуметтік желіде мынадай қызық үрдіс бар. Кез келген даулы оқиғадан кейін кінәлі тарапты ақтаған жазбалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап шыға келеді. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса». Әркім әлеуметтік желідегі парақшасына не жазатынын өзі біледі. Әйтсе де, кенеттен бір сарынды жазбалардың қаптап кетуі күмән тудыратыны бар.
Әңгімеге арқау болып отырған кейіпкерлеріміз кез келген тақырыпқа «сарапшылық» пікір айтып, кейде жұртты сабырға шақырып, кейде «үкімет қайда қарап отыр?» деп жоқ жерден мәселе көтеріп, төтенше жағдай болған жердің басы-қасында жүреді. Бір қызығы, мұндай «бесаспап» блогерлердің әңгімесі бір-біріне өте ұқсас. Біреуі Қазақстанның мына басында, келесісі ана басында отырған азаматтардың түрлі тақырыптағы көзқарастары әрдайым егіз қозыдай ұқсас өрбуі таңғаларлық нәрсе емес пе?!
Таңғаларлығы сол, мұндай «бесаспап» блогерлерге көріпкелдік қасиет дарыған ба дерсің. Әйтпесе, еліміздің шығысында жүрген азаматтың батыстағы жағдайды, солтүстігіндегі блогердің оңтүстіктегі ахуалды тап басып тануы көріпкелдік емей немене? Сол өңірдің азаматтары қанша жерден сынап жатса да, «көріпкел» блогерлер «бәрі жақсы» деуден таймайды.
Қазіргі кезде Қазақстанда блогер ұғымы түбегейлі өзгерген. Бұрын жеке блогы бар азаматтар ғана осы санатқа кіретін. Блогосфера ұғымы, блог жазу дәстүрінің іргетасы біздің елде сонау 2005 жылдан бастап қалана бастады. «Мәссаған.ком» секілді блогтұғырлардың дәурені асқақтаған кезең еді. Интернетке қолы жеткен қазақ тілді қолданушылардың дені осы сайттардың форумдарында отыратын. Кейінірек қазақ аудиториясының ауқымы кеңейіп, wordpress.com блогтұрғырында көптеген блогтар ашылды. Осылайша, елімізде блогерлер қауымы пайда болған-ды. Бірақ олардың көбі 2010 жылдары елімізде wordpress.com тұғырының бұғатталуы салдарынан бұл хоббиімен қоштасуға мәжбүр болды.
Қазір әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары дені блогер санатына еніп кеткен. Осындай желі белсенділерінің қызметіне жергілікті әкім-қаралар өте құмар. Әсіресе, төтенше оқиға бола қалса, түйткілді шешетін маманға емес, блогер атаулыға сұраныс арта түседі. Арнайы блог-турлар ұйымдастырылып, мәселенің оңтайлы шешіліп, туризмнің дамып, зауыт-фабрикалардың жұмысы жандана түскенін біздің кейіпкерлер жапырласа хабарлап жатады.
Таяуда Республикалық арнайы мониторинг тобының жетекшісі Айгүл Соловьева Денсаулық сақтау министрлігінің пандемия кезінде флеш-моб ұйымдастыруға 600 миллион теңге бөлгенін мәлімдеді. Сондай-ақ Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры ұйымының имиджін жақсарту мақсатында әлеуметтік желілерде блогерлер үшін 63,5 миллион теңгені жоспарлаған. Халық көшеде дәрі-дәрмек таппай сенделіп жүргенде, аталған министрліктің қомақты қаржыны пиарға бөлуі шенеуніктерді халықтың жағдайы емес, жеке басының жарнамасы мазалайтынын айғақтайды емес пе?!
Кей мекемелер арнайы блогерлердің бот-фермасын қаржыландыратын көрінеді. Олардың міндеті – әлеуметтік желіде, интернет парақшаларда әлгі мекеме жөнінде жылы пікір жазу арқылы жағымды көзқарас қалыптастыру. Factcheck.kz сайты осындай блогер-боттардың біразын әшкерелеген еді. Олардың қызметін белді-белді мекемелер де пайдаланыпты. Бір қызығы, әлгі белсенділердің бәрі өзге біреудің фотосы мен аты-жөнін пайдаланған фейк-аккаунттар болып шықты.
Бір нәрсе анық. Бот-блогерлердің қызметіне жүгінетіндер де, блогерге ақша беріп пост жаздыратындар да қоғамдық пікір әлеуметтік желіде жылы пікір жазумен емес, ел үшін істелген әрекетпен қалыптасатынын естен шығарып алған сыңайлы. Жалған пиардың ғұмыры қысқа екенін ұғына бермейтіні өкінішті-ақ. Оның үстіне азаматтардың салығынан жиналған қаржы жеке ведомстволық мүддеге емес, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуге бағытталуы тиіс емес пе?!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік желіні белсенді қолдануға шақырған еді. Мемлекет басшысының бұл сөзін шенеуніктер дұрыс түсінбеді ме, әйтеуір әлеуметтік желіде оң пікір жаздыртуға құмарлық толастайтын түрі жоқ. Қорыта айтқанда, «...Бәрінен де блогер жалдап, пост жаздырған озар» деген ұстаныммен өмір сүретіндер көбейіп тұр...