Ерлі-зайыпты Қуан және Найля Қабылдиндердің медицина саласына келген жолдары екі түрлі болды. Мысалы, Қуан Советұлының дәрігер болуын кездейсоқтық деп те айтуға болушы еді. Орта мектептің сегізінші сыныбын бітіргеннен кейін, туған топырақ – Қарқаралыдағы мал дәрігерлік техникумға түскен. Аталған оқу орнын үздік бітірген өрен үшін мол мүмкіндіктердің қақпасы сол кезде айқара ашылған еді. Қолында Мәскеудегі Тимирязев атындағы аграрлық университетке берілген мақсатты жолдама болды. Дегенмен, бұл – ел ішіне аласапыран ала келген 1991 жыл еді. Алысты болжайтын әдеті бар әкесі ұлдың тұңғышын алысқа жіберуден бірден бас тартқан.
Жалпы, дәрігер Қуан әкесі Совет Қабылдаұлын өзінің өміріндегі ұлы ұстазы санайды. Совет Қабылдаұлы – Қарағанды облысына танымал тұлға. Заманында Қарқаралы ауданы басшыларының бірі болып, елге қалтқысыз қызмет етті. Зайыбы Оркен Серкенқызы екеуі үш баланы тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы болды. Қазіргі уақытта бұл кісілер еліміздің астанасында тұрып жатыр.
Содан, Мәскеуге барар жол жабылған соң, Қуанды қуантып тағы бір мүмкіндік туындай қалған-тын: сол жылы Қарағандыдағы медициналық институтқа техникумды үздік бітірген түлектерді бір ғана емтихан нәтижесімен қабылдайтын қаулы шыққан. Талапты жас мұндай мүмкіндікті құр жібермеді де, сол кезде атағы дүрілдеп тұрған оқу орнының студенті атанып шыға келген.
Қуан Советұлы медицина институтын жалпы хирургия бойынша 1997 жылы тәмамдап шықты. Сол жылы танымал маман, хирургия кафедрасының меңгерушісі Сергей Викторович Лохвицкийдің ақыл-кеңесімен урология саласына ден қойып, бағыт алды.
Еңбек жолын 1999 жылы облыстық көпсалалы ауруханада бастады. Қуан Советұлы өзін өмірде жақсы ұстаздан жолы болған адам ретінде санайды. «Еңбек жолымды енді ғана бастаған кезімде медицина саласының майталмандары, өзім тұлға ретінде қатты қадірлеген жандардың қамқорлығын, істеген жақсылықтарын көп көрдім. Бұл ретте өзімді бақытты жандардың қатарына ойланбастан қосамын. Қазір арамызда жоқ марқұм Болат Алдабергенұлы Нілдібаев ағамыздың шапағаты көп тиді. Қуандық Тұрлығұлұлы Бейсенов деген ұстазым маған ота жасаудың қыр-сырын жалықпай үйретті. Медицина ғылымдарының докторы Сұңғат Қуандықұлы Күдеринов сынды ұлағатты ұстазымнан да үйренгенім көп болды», деп сыр ақтарады Қуан Советұлы ұстаздары жайында әңгіме қозғалғанда.
Міне, осындай ұстаздардың алдын көрген Қуан Советұлы 2004 жылы сол кезде Қарағанды облыстық көпсалалы емдеу-диагностикалық бірлестігі деп аталған мекемеде еңбек жолын жалғастырды. Қазір Хафиз Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана болып атауы өзгертілген мекеме жанынан құрылған №5 емханада уролог-андролог болып абыроймен еңбек етіп келеді.
«Бүгінде Қарағанды бойынша урология саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа технологиялар келіп, жаңалықтар мен өзгерістер емдеу-сауықтыру үдерісіне жылдам енуде. Қазір біз пышақпен ота жасамайтын болдық. Қуық ішіндегі, несеп жолдарындағы, бүйректегі тастарды лазерь сәулесімен үгітеміз. Бұрын отадан кейін науқастар ауруханада 10-15 күндей жатушы еді, қазір әрі кетсе бір аптаның ішінде сауығып кететін болды», дейді Қуан Советұлы.
Білікті маманның айтуынша, тастың жиналуы көбіне дұрыс тамақтанбаудан, бұрын алған жарақаттардың салдарынан, тұз айналу үдерісінің бұзылуынан болады екен. Жалпы, сүзбеден өткізілген кәдімгі суды көбірек ішуге кеңес береді дәрігер.
«Археологиялық қазба кезінде жерленген адамдармен қоса көмілген бұйымдарға ғана емес, мүрденің сүйектеріне де үлкен мән беріледі. Сондай зерттеулердің нәтижесінде, біздің бұрынғы бабаларымыз – сақтарда аденома, яғни қуық түбі безінің ұлғаюы ауруының өте сирек болғаны анықталған. Неге десеңіз, олар үнемі ат үстінде жүрген ғой. Жалпы, ер адамдарда көп кездесетін бұл ауруды дер кезінде емдемесе, ол асқынып, қатерлі ісікке айналып кетуі әбден мүмкін», дейді маман. Ал бұл кеселге ұрынбаудың бірден-бір жолы суық тигізбей, тазалықты үнемі сақтау керек екен. Кейбір жастарымыздың жыныстық қатынасты тым ерте бастайтыны өз алдына, бұл бағытта бей-берекетсіздікке ұрынып, соңынан осындай қауіпті дертке ұрынып жататыны қынжылтады дегенді айтады дәрігер. «Ер адамдар үшін атқа жиі мінгеннің пайдасы өте зор. Ондай жағдай болмаса, велосипедпен дос болған абзал. Содан кейін, көбірек жаяу жүрген аса пайдалы. Мұның бәрі жамбас қуысындағы қан айналымының жақсаруына игі ықпалын тигізеді», деп кеңес береді маман.
Қуан Советұлының сүйіп алған жары да дәрігер. Найля Әмірбекқызының жұбайынан бір айырмашылығы, дәрігер болуды жасынан арман етіпті. Оның өзіндік себептері де бар. Соның ең үлкені – Найляның әкесі мен анасы да дәрігерлер.
Найля Әмірбекқызы Қарағандыда туып, балалық шағын Сәтбаев қаласында өткізген. 1991 жылы ата-анасы батыл шешім қабылдап, сол кездегі комсомолдық екпінді құрылыс – Байкал-Амур магистралі (БАМ) деп аталған алып құрылысқа аттанған екен. Табиғаты қатал, жат өңірдегі Северо-Байкалский ауданының Новый-Уоян деп аталатын ауылына қоныстаныпты. Сол жерде әкесі Әмірбек Төлеубайұлы Ғабдыбеков бас дәрігер, ал анасы Дана Секеженқызы Ғабдыбекова рентгенолог дәрігер болып қызмет еткен. Ата-анасының мұндай нартәуекел қадамға не үшін барғандарын сұрағанымызда, Найля күліп жауап берді. «Алдымен, ол кезде БАМ сияқты алыс жақтардағы құрылысқа бару романтика саналды. Екіншіден, әрине ол жақта еңбекақы да жоғары болды», дейді ол.
Байкал өңірінде орта мектепті 1995 жылы бітірген Найля атамекенге оралып, өзінің бала күнгі арманын жүзеге асырып, Қарағанды медицина институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін облыстық онкологиялық ауруханада интернатурадан өтті де, өзін жақсы қырынан көрсете білгендіктен сол мекемеде жұмысқа қалдырылды.
Жұмыс барысында Найля Әмірбекқызы ғылымға бейімді екенін таныта білді. Жетекшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Валентина Брониславовна Сирота талантты шәкіртіне көп үміт артты. Жас ғалымның сүт бездерін емдеу және сауықтыру тақырыбындағы ғылыми жұмысы білікті мамандар тарапынан жоғары бағасын алды. Ғылыммен айналыса жүріп Найля Әмірбекқызы 2004-2008 жылдар аралығында дәрігер-радиолог болып еңбек етті. Осы кезеңде ол Қани Жұмкенұлы Мұсылманбеков, Мейрам Байзрахманұлы Тұрғынов, Владимир Алексеевич Кулешов, онкологиялық аурухананың қазіргі директоры Мұратбек Дәулетханұлы Жұмақаев сынды ұстаздарынан маман ретінде, адам ретінде де өміріне азық болар тәлім-тәрбие алды. Еңбек пен ғылымды қатар алып жүрген ол 2008 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, 2013 жылы доцент ғылыми атағына қол жеткізді. Ал 2018 жылы Найля Әмірбекқызы сынды әмбебап маманға онкология және сәулелік диагностика кафедрасының меңгерушісі қызметі сеніп тапсырылды.
Найля Әмірбекқызы үнемі ізденіс үстінде жүрген ғалым-дәрігер. Ол шет мемлекеттерде, елімізде өтетін біліктілікті жетілдіру жөніндегі семинарлар мен тренингтерге жиі қатысады. Ғылыми-практикалық конференцияларда мазмұнын азуын айға білеген мамандар мақұлдаған баяндамалар жасап тұрады.
«Мен өзімнің мамандығымды, айналысып жүрген ісімді барлық ынта-шынтаммен жақсы көремін», деп жалғыз ауыз сөзбен жеткізеді Найля Әмірбекқызы өзінің медицина саласына деген сүйіспеншілігін. Бүгінде ол болашақ дәрігерлерді медициналық білімнің нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаз.
Найля Әмірбекқызы сынды әмбебап маманның айтқан ақыл-кеңесі мұқият құлақ түруді қажет етеді. «Қатерлі ісіктің алдын алуда дер кезінде диспансеризациядан өтіп тұрудың маңызы зор, дейді ол. – Дұрыс тамақтану, сауатты ұстанған өмір салты – осының бәрі адам денсаулығына әсерін тигізбей қоймайды. Шылым шегу, алкогольді ішімдіктерге әуестік қатерлі ісікке бастайтын қауіпті жол».
Ерлі-зайыпты дәрігерлердің алғашқы танысуы да қызғылықты жағдайда өткен екен. Ол кезде, яғни 1999 жылы мединститутта дәріс беріп жүрген жас оқытушы Қуан Советұлына аяқ астынан сырқаттанып қалған әріптесін алмастыруға тура келіпті. Міне, осындай тағдыршешті оқиғаға алып келген кездейсоқтық болмағанда, жас жігіт сол күні 4-ші курста оқып жүрген Найля арумен таныспас па еді? Бірақ Қуан Советұлы мұны кездейсоқтық деп санамайды: тағдырының сыйы, заңдылық деп ұғынады.
Қазір қос дәрігердің құтты шаңырағында Әмина есімді қыз бен Жанарыс атты ұл бар. Бір қызығы, ерлі-зайыпты дәрігерлердің қызы заң саласын таңдапты. Қазір ол Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-да оқып жүр. Ал Жанарыс болса, әке-шешенің жолын қуып, дәрігер болуға белді бекем буған екен. Биыл сәтін салса, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің табалдырығын аттайды.
«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген мәтел біздің отбасына келгенде мәнін жоғалтады, деп күледі ерлі-зайыпты дәрігерлер. – Біздің екеуіміздің дәрігер болғанымыз, керісінше, арамыздағы түсінік атаулыны арттыра түседі. Мысалы, біз шай үстінде отырып та ортақ тақырыпта әңгіме өрбітіп, жаңалықтармен бөлісіп, ақпараттармен алмасамыз. Түсіне білген адамға мұның пайдасы өте мол: біз бірімізде жоқты бірімізден тапқан бүп-бүтін дүниенің екі жартысымыз».
Күні кеше, нақты айтқанда, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ерлі-зайыпты дәрігерлер Қуан мен Найля Қабылдиндердің Қазақстан медицинасы алдындағы адал да жанкешті еңбектері еленіп, екеуі де «Кәсіби жетістіктері үшін» медалімен марапатталды.
ҚАРАҒАНДЫ