• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 31 Шілде, 2020

Алаш үні – Аргентина төрінде

402 рет
көрсетілді

Аргентиналықтар бүгінде Димашты тәулік бойы тынбай тыңдап жатыр. Бұл туралы dimashnews.com сайты хабарлады. «Аргентинада Димаш Құдайберген мен оның фанаттарына арналған «La Era Dimash» радиостанциясы ашылды. Аталған толқында күні-түні қазақстандық орындаушының әндері қосылады. Аргентинадағы жанкүйерлер үшін 2020 жылдың басты оқиғасы осы болды», деп жазды аталған сайт.

Тек Димаштың әндері қо­сы­латын радиостанция ашу туралы ой жерлесіміздің Ар­ген­тинадағы тыңдарманы Паола Роминаға 2019 жылдың та­мызында келген екен. Бой­жет­кеннің бастамасын тек Ла­тын Америкасындағы емес, жер жү­зіндегі фанаттар да қол­даған.

Аталған сайт жазғандай, «Dimash´s Dears Argentina» фан-клубы әкімшілерінің бірі Флавия Альтамирано Паоламен аргентиналық фанаттардың Росариодағы кездесуінде та­ныс­қан екен. Қыздар тез тіл табысып, аз уақыттан кейін Паола «The Dimash Era» деген атпен мәдени алмасуға арналған па­рақша ашқан. Бұл парақшада Паола Қазақстан мәдениетін өзге елдердің мәдениетімен салыс­тыра отырып, ұқсастығы жә­не айырмашылығы туралы жариялайды екен.

Фанаттар тарапынан оң баға алған Паола дүние жүзіндегі фанаттарға тарту жасағысы кел­ген. Ойлана жүріп соңында жеке радио станция ашуға бел буыпты. Жаңа идеясы туралы Паола аргентиналық Dears-қа ха­барлайды, ал олар өз кезе­гінде қуана-қуана қолдау та­нытқан.

Айта кетуіміз керек, радио­станцияның негізгі мақсаты – әлем­де болып жатқан жағдайға бай­ланысты қиналған, мұқтаж жандарға, фанаттарға бақыт сыйлау. Радионы WiFi желісі жоқ орындарда да мобильді траффик жұмсамай-ақ тың­дай беруге болады. Ол үшін «ZenoRadio» мо­бильді қосым­ша­сын «App Store» және «Google Play-ден» жүктеп алуға болады.

Димаш бүгінде әлемге танымал тұлға. Қаршадай ұлдың қа­зақ сахарасында туып, аз ғана жылдың ішінде аты әлем­ге мәшһүр болуы, Атлант мұхи­тын асып Аргентина төрінде тәу­ліктер бойы әні шырқалып жатуы – ұлтымызға теңдессіз мерей.

Қазақтың әні мен сәнін, өне­рі мен тілін насихаттап жүр­ген құбылысты ел ішінде бұдан да үлкен құрметпен насихаттауымыз керек қой.