Al Jazeera арнасының мәліметтеріне сүйенсек, Біріккен Араб Әмірліктері Парсы шығанағы елдері арасында бірінші болып атом электр стансасын салуға кіріскен болатын.
Emirates Nuclear Energy Corporation-нің хабарлауынша, нысанды іске қосу жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен көрінеді. «Барака» деп аталатын атом электр стансасы Әбу-Даби қаласының батыс жағалауында орналасқан. Кешен 2017 жылы ашылуы тиіс-тұғын. Алайда түрлі жағдайға байланысты кейінге шегеріліп келген.
Дубайдың әміршісі шейх Мұхаммед бин Рашид әл-Мактум сүйінші хабарды туиттердегі парақшасында жазып, алғашқы ядролық отын сәтті толтырылғанын жариялады. Оның айтуынша, «Барака» араб әлеміндегі бейбіт мақсатта қолданылатын алғашқы атом энергиясы.
«Біз негізгі мақсатымызға – халқымыздың энергетикалық қажеттіліктерін өтеп, алдағы дамуымызды қауіпсіз, сенімді әрі зиянсыз электр энергиясымен қамтамасыз етуге тағы бір қадам жасадық», деді ENEC компаниясының төрағасы Мұхамед Ибраһим әл-Хаммади.