Мемлекет басшысы қоғам қайраткері Салтанат Рахымбекованың отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал қоғам қайраткері, эколог, экономика ғылымдарының докторы Салтанат Темірқұлқызы Рахымбекованың дүниеден өтуіне байланысты оның жұбайы, "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбековке және отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
"Салтанат Темірқұлқызы әр жылдары қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жетілдіру, сондай-ақ, "Жасыл" экономиканы дамыту бағытында көп іс атқарды. Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағының тең төрайымы, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті болып, еліміздегі саяси-қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", делінген жеделхатта.