2020 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда «Жас отбасы» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтып берді.
"Құрылғанына үш жыл толмаған жас отбасылар депозит ашып, бірден тұрғын үй құнының 50%-ын сала алады, сонда ипотека төмендетілген мөлшерлемемен ресімделеді. Бізде негізінен 8,5%, ал жас отбасылар үшін арнайы 6% белгіледік. Сұраныс өте жоғары, бір айда 1,5 мыңға жуық депозит ашылды», — деп хабарлады Л. Ибрагимова.
Оның айтуынша, қазір жас отбасының жасын 3 жастан 5 жасқа дейін арттыру мәселесі қарастырылып жатыр.
«Қазір көптеген отбасылар: “Неге 3 жыл? 5 жыл да жас отбасы үшін ұзақ уақыт емес. Бізді де қолдаңыздар” деп жазып жатыр. Біз бұл ұсыныстарды қарастырамыз. Сондықтан біз үшін Отбасы банк трансформациясы тек қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындалғаны өте маңызды. Біз барлық отбасылар үшін мамандыққа, әлеуметтік мәртебеге қарамастан, тең қолжетімді болғанын қалаймыз», — деді ол.
Табысы төмен әрбір отбасы төмен мөлшерлемемен ипотека алуға үміткер болуы қажет.
«Осы қағидаларды енгіземіз, біз жыл соңына дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге, Үкіметтің қолдауымен заңнамалық бастамалардың үлкен топтамасын іске асырып, қоғамға түсіндіретін боламыз, содан кейін толық дайын болғанда және Отбасы банкінің аталған жоғары статусына сай болған сәтте біз қайта атау процесін қолға аламыз», — деп атап өтті Л. Ибрагимова.
Жылжымайтын мүлік нарығына келер болсақ, бұл қоғамда көп талқыланып жатқан өзекті мәселе.
«Карантиннен кейін біз барлық ипотекаға деген қызығушылықтың артқанын байқадық. Маусым айында біз 5 мыңнан астам қарыз бердік. Бұл наурыз, сәуір және мамырдан бастап кейінге қалдырылған сұраныс. Шілде айында да сұраныс аса жоғары болды. Біз сондай-ақ “Бақытты отбасы”, “Әскери баспана” бағдарламаларын іске асырып жатырмыз, “5-10-20” өтінімдерін қарауды толықтай тамыз айынан бастаймыз. Айта кетерлігі, элиталық тұрғын үй нарығында бағаның төмендеуі байқалады, өйткені өте үлкен қымбат пәтерлерге деген сұраныс төмен. Менің ойымша, қайталама тұрғын үй нарығында баға төмендеуі мүмкін, өйткені онда бәрі сату жылдамдығына байланысты, яғни, егер сіз қымбат бағаға сатқыңыз келсе, онда сіз ұзақ уақыт жүріп қаласыз», — деп түсіндірді Л. Ибрагимова.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне ықпал ететін ешқандай факторлар жоқ. Сонымен қатар ұзақ мерзімді перспективада сұраныс жоғары болады, өйткені жастар саны өсуде.