Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысында көшпелі отырыс өткізді. Ақтау қаласындағы Әскери-теңіз базасының Жауынгерлік басқару орталығында өткен отырысты Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков ашып, депутаттар сапарының мақсатымен таныстырды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысында көшпелі отырыс өткізді. Ақтау қаласындағы Әскери-теңіз базасының Жауынгерлік басқару орталығында өткен отырысты Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков ашып, депутаттар сапарының мақсатымен таныстырды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Парламентте қабылданған заңдар Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясынан бастау алатынын атап өткен И.Адырбеков сапардың Сенаттың 2013 жылға арналған Негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес өтіп отырғанын жеткізді.
«Бүгінгі таңда Елбасымыздың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан қазақстандық қамтуды дамытудағы индустриялық-инновациялық саясат аясында Қарулы Күштерді, Шекара қызметін, басқа да күштік құрылымдарды отандық тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі қарқынды түрде қолға алынуда. Парламент қабырғасында еліміздің қауіпсіздігін нығайтуға, қорғаныс әлеуетін арттыруға, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған: «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Сыртқы барлау туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» және «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» бірқатар заңдар қабылданды. Осы басқосуымыздың басты мақсаты – сол заңдардың жай-күйімен, орындалу барысымен танысу», деп атап өтті комитет төрағасы.
Отырыста еліміздің Қорғаныс және Шекара қызметі құрылымдарында Қазақстан заңдарын іске асыру және қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырыстардың орындалу барысы жан-жақты сараланды. Сөз алған Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев еліміздің батыс өлкесінде қорғаныс саласының тапсырыстарын орындап отырған бірқатар өндіріс ошақтары бар екенін айта келіп, ондағы шешімін таппаған мәселелерді қарастыруға тоқталды. Сенатор өндіріс орындарына заңнамалық тұрғыда қандай көмекті қажетсінетіні, келешекте қандай бағыт-бағдар ұстану керектігі толғандыратынын атап өтті.
«Заңдардың қалай жүзеге асып жатқаны, заң баптарын іске асыруға кедергілер, басқа да күрделі мәселелер бойынша өздеріңізбен бірге ой бөлісіп, пікір алмасуды мақсат етіп отырмыз», деді М.Алтынбаев.
Көшпелі отырыста еліміздің Қарулы Күштері Әскери-теңіз базасының командирі С.Бекжанов, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының вице-президенті Қ.Тілеубалдин, Оралдағы «Зенит» зауытының бас директоры В.Валиев, «Индро» Қазақстан инжиниринг» ЖШС-нің бас директоры F.Толқымбаев, «Гидроқұрал» акционерлік қоғамының бас директоры А.Гниломедов сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды.
Отырыс соңында сөз алған комитет төрағасы И.Адырбеков басқосуда айтылған ұсыныстар мен пікірлер жоғарғы палатада заң жобаларын жетілдіру және заң шығару жұмыстарының барысында ескерілетінін атап өтті.