Сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бой алдырған мемлекеттік сатып алу саласы болып отыр. Бюджеттік қаражат көбінесе жоспарлау сатысының өзінде ұрлыққа жағдай жасап беретін бағдарлама әкімшілерінің өздерінің кінәларынан талан-таражға түседі.
Біздің елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Соған орай Елбасының тапсырмасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға бағытталған шаралар біртіндеп жүзеге асырылуда.
Алайда осыған қарамастан, жасыратыны жоқ, қабылданып жатқан шаралар әзірге айтарлықтай нәтиже бермей тұр. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан бері қаржы полициясы органдары 2240 сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтады. Бірақ бұл сандар еліміздегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының шынайы көрінісін бермейді. Қылмыстардың негізгі бөлігі қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қасақана иеленіп алу немесе ысырап ету және қызмет бабын пайдалану арқылы алаяқтық жасаумен байланысты келеді. Міне, әр адал адамның алаңдаушылығын туғызған осы мәселелер кеше Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Онда сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау, ашу, қылмыстық істерді тергеу және сотта қарау барысындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды.
Қолында билігі барлардың сыбайласа жеу деректерін көбірек аша алмаумен қатар, пара алу фактілерін анықтау да азайған және ол анықталған қылмыстардың оннан бір бөлігін ғана құрайды екен. Өйткені, пара беру және парақорлыққа делдал болумен байланысты қылмыстар өте аз анықталады. Әдетте, көп жағдайда болмашы қылмыстар үшін қатардағы қызметкерлер қылмыстық істердің өзегіне айналып жатады, ал жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасайтын лауазымды тұлғалар уәкілетті органдардың назарынан тыс қалады. Мысалға, биыл республикалық деңгейдегі 6 және облыстық деңгейдегі 167 басшы ғана жауапкершілікке тартылған.
Сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бой алдырған мемлекеттік сатып алу саласы болып отыр. Бюджеттік қаражат көбінесе жоспарлау сатысының өзінде ұрлыққа жағдай жасап беретін бағдарлама әкімшілерінің өздерінің кінәларынан талан-таражға түседі. Мәселен, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің үш тергеу абақтысының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 300 млн. теңге белгіленген, бірақ ол небары 13 млн. теңгеге жасалған. Ақтау теңіз порты «АИ-92» маркалы 80 мың литр бензинді литріне 168 теңгеден көтерме сатып алу туралы хабарландыру берген, ал оның бөлшек сатудағы анықталған құны 112 теңгені құраған.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері қалыптасқан жағдайға түбегейлі және шынайы баға берді, сыбайлас жемқорлықтың таралуының, сондай-ақ онымен күрес тиімділігінің төмен болу себептері талданды. Талқылау қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресуге, оның кез келген көріністерін уақтылы анықтау және жолын кесуге мүмкіндік беретін нақты заңнамалық және ұйымдастырушылық-практикалық шаралар жөнінде бастама көтерілді.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық базаны жетілдіру аясында қылмыстық заңнамада пара беру үшін жауапкершілікті пара алуға қарастырылған санкциямен бірдей етіп күшейту ұсынылды. Сондай-ақ, Бас прокурор сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда стандарттан тыс және тиімді шешімдер іздеу, қоғамда профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударды. Ол тұрғындардың көп бөлігінің менталитетін өзгертудің, сыбайлас жемқорлықты қабылдамауға бағытталған қоғамдық сананы қалыптастырудың маңызды екенін атап көрсетті.
Өз қатарындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаудың алғышарттарын жою, сыбайлас жемқорлық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізудің де маңызды екендігі айтылды. Электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелді азайту мақсатында Бас прокуратура Мемлекеттік сатып алуды жоспарлау үшін бағалар мониторингі орталығын, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларды өткізетін тәуелсіз мемлекеттік орган құруды ұсынды. Осыған орай, жиналысқа қатысушылар Бас прокуратура әзірлеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру жөніндегі Іс-шаралар жоспары жобасының өзектілігін атап өтті, онда мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі даму бағыттары белгіленген.
Бас прокурор уәкілетті органдардың басшыларынан сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтау және олардың жолын кесу бойынша жұмыстардың нәтижелілігін, сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ведомствоаралық өзара іс-қимылдың белсенділігін арттыруды, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді талап етті. Ал аталған отырыс жұмысына Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Жоғарғы Соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің, Кедендік бақылау комитетінің, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің басшылары, Бас прокуратура жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері қатысып, барлық кемшілікті өз құлақтарымен естіді. Демек, енді сыбайлас жемқорларға шын мәнінде де тығырық таяна түскен шығар деп ойлаймыз.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.