Түркістанда карантин талаптарын бұзғандарға 42 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz
Түркістан облысында карантин талаптарын сақтамағандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 769 хаттама толтырылып, 42 миллион 322 мың 830 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Оның 26 миллион 784 мың 75 теңгесі өндірілді. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіның басшысы Нұрбек Нышанов хабарлады.
Нұрбек Садықбекұлының айтуынша, өңірде коронавирусты инфекцияның алдын алу мақсатында 5 шілде мен 3 тамыз аралығында мобильді топтармен аталған департаменттің аудандық және қалалық басқарма мамандары бірлесіп карантин режимі кезінде қызмет көрсететін обьектілерге мониторингілеу жұмыстарын жүргізілген. 7061 нысанды аралау нәтижесінде 1386-сының карантин талаптарын бұзғаны анықталды. Тарқатып айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 425-бабының 1-тармағымен 732 жеке тұлғаға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (АЕК) айыппұл салынған. Сонымен қатар 33 жеке кәсіпкерге, 3 заңды тұлғаға және 1 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылып, жалпы 230 АЕК көлемінде айыппұл төлеу міндеттелген. Дегенмен, карантин тәртібін сақтамағандарға жеңілдік те қарастырылған. 7 күн ішінде айыппұлын өтейтін болса, 50 пайызын төлейді.
Рейд барысында сондай-ақ тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралар анықталып, тоқтатылды.
Атап айтқанда, 50 адамға дейін қонақ шақырып, Арыс қаласында – 8, Келес ауданында – 2, Сарыағаш ауданында – 2, Сайрам ауданында 2 беташар тойлары ұйымдастырылғаны белгілі болды.
Сол сияқты Қазығұрт, Сайрам, Төлеби аудандарындағы ауылдарда 50-ден аса азаматтарды жинап қыз ұзатудың 3 фактісі анықталған. Тіпті, сансыз бабтар мекенінде ұжымдық отбасылық мерекені атап өтуге де тоқтау салынды. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрғандығы зерделеу барысында дәлелденген Төлеби ауданындағы 4 демалыс орнының жұмыстары тоқталды.
Олардың қожайындарына әкімшілік хаттама толтырылып, 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Карантин тәртібін бұзғандардардың басым бөлігі маска тақпаған, қызмет көрсетушілер бір рет пайдаланылатын қолғаптар кимеген, нысандарда антисептигі бар санитайзерлер орнатпаған және күнделікті дезинфекциялық залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбеген.
Сондай-ақ, Түркістан облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес жабылған орындардың жұмыстарын жалғастырғандары, қызмет көрсету мерзімі шектелген нысандардың арасында уақытқа қарамастан істеп тұрғандары да кездескен.
Өз кезегінде Түркістан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тұрғындарды карантин талаптарын сақтап, жақындарына жанашырлық танытып, өздерін инфекциядан қорғауға шақырады.