Хаттың Төле бидікі екеніне күмән жоқ. Себебі, жоғарыда айтылғандай, Төле би сол тұста Ұлы жүзді билеп отырған бірден-бір адам болатын. Хаттың басы: «Біз, Төле би, Қойгелді, Тәулік, Сасық би, Құттыбай, Жангелді және Күйземес» деп басталуының өзі хат иесі Төле би екендігін байқатып тұр.
Жоңғар әскерлерінің 1710-1711 жылдары Қазақстан жеріне басып кіруі халқымызға адам айтқысыз қайғы-қасірет әкелді. Олар қазақтардың жайылымдары мен мал-мүлкін тартып алып, кейде түгелдей бір рулар мен ауылдарды қырып кетіп отырды.
1717 жылы Қайып пен Әбілқайыр 30 мың әскермен Жоңғар хандығына қарсы ірі жорық жасады. Бірақ Аякөз өзенінде қазақ жасақтары ойсырай жеңілді. Түпнұсқа деректерде көрсетілгендей, 1718 жылдың көктемінде жоңғар әскерлері Түркістан маңында Бөген, Шаян және Арыс өзендерінде «қазақтарды тағы да қырды». Талас, Боралдай, Шыршық, Сырдария өзендерінен өткен кезде де талай адам өлді. Қазақ рулары Сырдарияның арғы бетінде ғана бас сауғалай аламыз ба деген дәмемен соған қарай шұбырды...
Қазақтардың көзі 1755 жылы Цинь патшалығы жоңғарларды жаулап алып, біржола күйреткеннен кейін ғана ашылды деуге болады. Жоңғар хандығын сақтап қалуға тырысқан Әмірсана, Қасақшира сияқты жоңғар ақсүйектерінің Қазақ жерін паналағаны және Цин билігі әскери күштерінің оларды тұтқындау мақсатымен Қазақ жеріне келгені тарихтан белгілі. Қытай деректерінде ұшырасатын Қазақ хандығы және оның көрнекті өкілдері Абылай хан мен Төле би сияқты тарихи тұлғалар туралы құжаттар осындай жайттарға байланысты пайда болған деуге негіз бар.
Қытай деректеріндегі еліміз тарихына байланысты құнды мәліметтермен жете танысудың мүмкіндігіне біз республикамыз егемендігін алып, өшкені жанып, өлгені тіріле бастаған кезде ғана қол жеткіздік. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамашылығымен іске асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шетелдегі қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты деректерді елге әкелу, аудару және зерттеу мақсатында қыруар жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде Төле биге қатысты деректемелермен де танысуға мүмкіндік алып отырмыз.
Ондай мағлұматтардың біразы біздің институт мамандары баспадан шығарған «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелерінің» бес томдығына енгізілді. Соңғы жылдары Қазақстан мен ҚХР арасындағы мәдени байланыстардың артуына орай Пекиндегі Бірінші тарих мұрағаты мен Шығыстану институты «Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарына байланысты Цин дәуіріндегі мұрағат құжаттарының жинағы» атты екі томдық факсимиле нұсқаны Пекинде шығарды. Қазірге дейін осы екі томдыққа енгізілген 700-дей құжаттың бір бөлімі «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы Қытай мұрағат құжаттары» және «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының саяси дипломатиялық қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары» деген атпен төрт том болып жарық көріп, оқырмандарға ұсынылды. Осы еңбектердегі Төле биге қатысты мәліметтермен таныса отырып, тарихи дара тұлғаның келбетін көз алдымызға елестетеміз.
«Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатындағы құжаттар» жарияланғанға дейін ғылыми айналымда болған тарихи шығарманың бірі «Патша бекіткен патшалығымызға қарасты Батыс өлкенің карталары мен сипаттамаларында» Төле би және оның елі мен жері туралы былай жазылған: «Оң қанат қазақтарының жері шығыс жағындағы Сол бөлік қазақтарынан екі мың ли шалғайдағы солтүстік жағы орыстармен шектеседі. Оңтүстік батысы Ташкентпен шекараласады. Бұл ұлыс «Ұлы жүз» деп аталады. Ханының есімі – Әбілез. Олардың Төле би, Қойгелді, Сасық би іспетті төрт батыры бар. Әбілез хан Ташкент қаласында тұрады. Ол ел басқаруға қырсыз болғандықтан, жұртын негізінен Төле би басқарады».
Бұл жолдардан Ұлы жүздің Әбілез атты ханы болғанмен нақты биліктің Төле бидің қолында екенін аңғарамыз. Осы мәселе туралы әрі қарай: «Бұл кезде Төле би және оның қауымы ташкенттік Тұржанның кісілерімен соғысып, бірін-бірі ала алмай, ұзақ текетірес соғыс жасап жатқан кез болатын. Сөйтіп, Төле би және оның адамдары бір жағынан әділетке мойынсұнса, енді бір жағынан айбатымыздан сескеніп біздің қосынның алдына келіп ат тарту етті», деп жазылған.
Осы екі оқиғада да Төле би негізгі тұлға ретінде суреттелген. Ал Ұлы жүз ханы деп көрсетілген Әбілездің аты бұл оқиғада аталмайды. Сол сияқты, Цин патшалығы өкілдерімен болған кездесу кезіндегі дипломатиялық мақсаттағы сұхбатты тағы да Төле би жүргізген. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың болашақ беталысы мен бағыт-бағдарын шебер бейнелеп өткен. Төле би сұхбат үстінде Цяньлун патшаға өзінің оларға елші жіберу ойы жайлы да айтып өтеді. Әдетте, мұндай жұмыстарды хандар белгілеуге тиіс, ал мұнда Төле би хансыз-ақ өз алдына шешім қабылдайды. Қытайға елші жіберуде де Төле бидің аты аталады. Тарихи құжатта ол туралы: «23-жылы (1758 ж.), Төле би өз ұлы Жолан мен Қойгелдінің інісі Бұсырманды астанаға елшілікке жіберді. Оларға Паньшаньдағы Цзинцзи тауындағы сарайда мол құрмет көрсетілді, онан кейін олар Наньюаньда әскери өнерді көрді және от шашуды тамашалады», делінген. Сол тұста өзін аспан астындағы барлық елдің иесі деп санайтын Цин патшасы Цяньлун Төле биге үлкен құрмет көрсеткен. Әдетте, бір елдің елшісіне көрсетілген сый сол ел мен сол жұрттың басшысына да көрсетілген құрмет деп есептеледі. Сол себепті Жолан мен Төле би елшісіне Қытай астанасындағы жоғары деңгейлі құрмет пен жасалған сый-сияпаттар Төле би мен оның еліне жасалған құрмет те еді деп бағалауға болады.
Төле бидің көсемдік келбеті туралы мағлұматтар соңғы жылдары Пекин мұрағат қорларынан табылған құжаттарда да сақталған. Соның ішінде 1755 жылдың 17 қыркүйегіне генерал Бандиге Батыс Қазақ, яғни Ұлы жүз қазақтарының елшісі жеткізген бір хаттан да байқалады. Мәнжу тіліндегі бұл хатта былай делінген: «Біз, Төле би, Қойгелді, Тәулік, Сасық би, Құттыбай, Жангелді және Күйземес хатнамамызды жіберіп отырмыз: Бұрын, Галдан-Церен заманында үш жүзіміз де соғыстан аулақ болып, шат-шадыман өмір сүрген еді. Кейінірек ойраттардың төрт бөлігі бір-бірімен жауласып, бір-біріне шабуылдап, ел-жұрты миша шашылды. Сол кезде босқындар «ойраттар келіп сендерді тонамақшы» дегенді жеткізді. Ол хабарды ести сала, біз атқа қонып, оларға қарсы ұмтылдық та қонысын барымталадық. Соғыс басталғаннан бері еліміз жауынгерлерінің аттары бір сәтке де дамылдамай келеді. Сіздер қазір біздің ескі жұртымызға келіп бекінген екенсіздер, мұны естіп қуаныштамыз. Галдан-Цереннің заманы қайтып келер деген оймен елдегілер өз жұрттарымызға жеке-жеке оралсақ деп тілек білдіруде, оған қоса тағы бір айтарымыз: біз сіздерден Ташкентке тағайындалатын «әкім» мен «хархан» сынды лауазым-мансаптар иелерін алып кетуді өтінеміз. Олар қалса арамызға іріткі салып, келеңсіздік тудырады. Одан да бұдан былай бір-бірімізге осылай елші жіберіп тұрғанымыз жөн. Осы хатымыздан басқа, сіздерге елшілеріміздің бірі ауызша сәлемімізді де жеткізеді».
Хаттың Төле бидікі екеніне күмән жоқ. Себебі, жоғарыда айтылғандай, Төле би сол тұста Ұлы жүзді билеп отырған бірден-бір адам болатын. Хаттың басы: «Біз, Төле би, Қойгелді, Тәулік, Сасық би, Құттыбай, Жангелді және Күйземес» деп басталуының өзі хат иесі Төле би екендігін байқатып тұр. Көпті көрген ойшыл да баһадүр қарт өз сөзін өткен дәуірдегі Галдан-Церен заманындағы бейбіт бір заман туралы бастай келе, соңғы кезде Жоңғар хандығында орын алған аласапыран оқиғалардың Қазақ еліне тудырған зардаптары мен Қазақ-Жоңғар қарым-қатынасында болған өзгерістерді тілге тиек еткен. Бұны өте маңызды мәлімет деп ойлаймыз.
Бұдан да маңыздысы хаттағы «Сіздер біздің ескі жұртымызға келіп бекінген екенсіздер, мұны естіп аса қуаныштамыз. Галдан-Цереннің заманы қайтып келер деген оймен елдегілер жеке-жеке өз жұрттарына оралсақ деп тілек білдіруде» деген жолдар. Себебі, «Ақтабан шұбырынды» кезінде қазақтардың біраз қоныстарынан айырылып қалғаны белгілі. Ал Цин патшалығы Жоңғар хандығын талқандап жойғаннан кейін Жоңғарлар иелігіндегі жерлерді өз иелігіне айналдыруға әрекеттеніп, олардың бұдан шамалы бұрын ғана қазақтардың жері болғанын ескерусіз қалдырды. Төле би «Галдан-Цереннің заманы қайтып келер деген оймен елдегілер жеке-жеке өз жұрттарымызға оралсақ деп тілек білдіруде» деген бір ауыз сөзі арқылы кезінде Жоңғарлар жаулап алған, енді Цин патшалығы өз иелігіне алуға ұмтылған жердің басқа ешкімнің де жері емес, тек қазақтардың жері екендігін, сол себепті қазақтардың ол жаққа жедел көшіп барып, қоныстануы керек екенін Цин патшалығына ескертіп отыр. Хатта көрсетілгендей, Төле би Цин патшалығынан, сондай-ақ, жоңғарлар Ташкентке билік жүргізген кезде тағайындалған «әкім» мен «хархан» сынды лауазым-мансап иелерін бұдан былай онда тағайындамауды ескерткен. Мұны Төле би сынды ұлы тұлғаның елінің азаттығы жолында атқарған елеулі еңбектерінің бірі деп есептейміз.
Осы және басқа да жайттардан Төле бидің Қазақ елі мен жерін сақтап қалу жолында ерекше еңбек еткен парасатты тұлға болғанына тағы бір рет көз жеткіземіз. Құжатта олар Төле бидің елшісі «Теміржаннан сұрап едік, ол хат ішінде жазылған сөздерге ұқсас жауап беріп: «Ойраттар табиғатынан өтірікші болғандықтан, көсемдеріміз оларға сенбей, бізге шындықты көздерімізбен көруді тапсырған. Көрген-білгендеріміз ойраттардың айтқандарымен сай келер болса, көсемдеріміздің өздері-ақ қуана-қуана сый-сияпаттарын әкеліп амбан (мәнжуше мансап аты – Ә.Д.) сіздерге үш мәрте сәлем беру салтын атқарар еді» деген. Демек, Төле би хат жазумен қатар ауызекі сәлемін жеткізуді де пайдаланған. Осының өзі Төле бидің дипломатиялық қырын да көрсетіп тұр.
Төле бидің тұлғалық келбеті келесі құжаттан да көрінеді. 1758 жылғы 5 қыркүйекте жазылған бұл деректе Жоңғариядан қашып Ташкентті паналаған Қасақшира атты жоңғар ақсүйегін Цин патшасының екі әскериі – Моңғолдай мен Хешанның қуып барып, оларды сонда өз көздерімен көргендері жазылған. Олар Манкентке, одан әрі Шымкентке, одан соң Ташкентке барып қайтқан. Құжаттағы Төле би туралы мәліметтер төмендегідей: «Біз Ташкент жеріне жеткенде Сасық би батыр 40-тан астам адамын бастап, алдымыздан қымыз алып шықты. Біз Сасық биге: «Сіздердің Батыс бөлігі қазақтары ішінде кім Ташкент қаласының бастығы саналады? Сіздерде қанша батыр бар? Олар кімдер?» деп сұрап едік, Сасық би: «Біздің Ташкент қаласында тұратын Әбілез хан Батыс бөлік қазақтарының билеушісі. Батырлардан Төле би, Қойгелді және мен өзім бармын. Тілеукенің орнын кім басатындығы әлі белгісіз (Ол осыдан шамалы уақыт бұрын қайтыс болған – Ә.Д.). Төле би осы жерден оңтүстікке қарай 100 шақырым жерде. Ал Қойгелді осыдан солтүстікте жақын маңда тұрады.
Ташкент қаласында Молдасамшы, Шада және Тұржан есімді үш қожа бар, олар сарттарды бөліп басқарады. Тұржан мен Шада қаланың оңтүстігінде тұрады, ал Әбілез ханымыз бен Молдасамшы қожа қаланың солтүстігінде. [Үш қожа ішінде] тек Тұржан ғана қазақтармен таласып-тартысып отыр. Ертең мен сіздерді қазақтың ханына ертіп барайын» деді. 13-күні, біз Сасық бимен Ташкент қаласына кіріп, Әбілез хан, Қойгелді батыр және сарттардың қожасы Молдасамшы секілді кісілермен кездестік. Ұшырасқан шақта біз, амбан сіздің тапсырмаңыз бойынша оларға мөр басылып апарған хатты жеткізіп, оқып бердік, сондай-ақ, осында келген мақсатымызды, яғни опасыз қарақшы Қасақшираны тұтқындауға келгенімізді мәлімдедік. Әбілез хан мен барлық батыр, қожалар бір ауыздан: «Сіздер айтқан опасыз қарақшылар шынында да бізге келген жоқ. Егер олар бізде болса, қалайша сіздерден жасырып алып қалмақпыз! Қазақ жеріндегі барлық істер Төле бидің басшылығымен шешіледі. Ертең Төле бидің өзі осында келмек. Біз бас қосып ақылдасқаннан кейін, сіздермен кездесіп, бір келісімге келейік».
Көріп отырғанымыздай мұнда да «Қазақ жерін барлық істер Төле бидің басшылығымен шешіледі» делінген мәлімет қайталанған.
Құжат мәтінінің келесі бір тұсында: «14-інде бір күн күтіп едік, Төле би келмеді. 15-күні біз, Моңғолдай мен Хешань екеуміз Төле бидің тұрған жеріне барып, оған болған жайттардың мән-жайын анықтап түсіндіріп бердік. Сол күні, Төле би екеумізбен бірге аттанып, түн ортасында [Ташкенттің маңына] жеттік. 16-күні, қазақтардың Әбілез ханы мен Төле би, Қойгелді және Сасық би сынды батырлары [Ташкентте] бас қосып, сонан соң олар қаладан келіп бізбен кездесті. Олар бізге мынаны айтты: «Біз, қазақтар, бұрыннан ұлық патшамен қарым-қатынаста болып, сол арқылы бейбіт өмір сүрсек деген ниетте болғанбыз. Амал қанша, арамызда жоңғарлар болып, мұндай қарым-қатынас орнайтындай мүмкіндік болмады. Бүгін, міне, ұлық патшаның Таласқа жеткен армиясынан біздің Ұлы жүз Қазақ жеріне елші жіберіліп, Қасақшира секілді опасыз қарақшыларды тұтқындасақ деген талаптарымен бірге, бізбен қарым-қатынас орнатсақ деген ниеттерін білдіріп отыр. Мұны естіп, Қазақтың Ұлы жүзінің барша елі риза болдық. Ал опасыз қарақшы Қасақшира іспеттілер біздің жерге келген жоқ. Біз ұлық патшаға барып сәлем беріп, онымен жүздессек деген ойдамыз. Алайда, Төле бидің жасы 83-ке келді, Қойгелді болса, ол да 70 жасқа толған, сондықтан олар ұзақ жол жүре алмайды. Осыны ескере отырып, ақылдаса келе біз, Әбілез, Төле би, Қойгелді және Сасық би, Төле бидің ұлы Жолан мен Қойгелдінің аталас бауыры Босұрманды елші етіп жіберіп, атымыздан патшамен дидарласып келсін деген шешімге келдік» делінген.
Қытай мұрағат құжаттарында Төле биді тереңдей зерттеу мен тануымызға көмектесе алатын осындай нақты әрі жан-жақты мағлұматтар бар.
Сөз соңында құжаттың Төле би туралы сипаттамасын да көпшілік назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Сөзді Цин әскериінің аузымен берер болсақ: Әбілез – «хан» аталғанымен, іс жүзінде ешқандай нақты істі басқармайды. Батыс бөлік қазақтары мен Ташкент жеріндегі басқару ісінің барлығы Төле бидің құзырында, өзге батыр қолбасшылар мен бұқаралардың барлығы Төле бидің билігіне бойсұнады. Олардың жеріне барғандағы байқағанымыз – Төле би шынында да батыл шешім қабылдап, істерді тез-тез шешіп, бізді қысқа уақыт ішінде қайтаруға талпынды. Ол біздің «сарттармен татулассаңыздар» деген сөзімізді де қабыл алып, алдымен барып бітімге келді делінген.
Бұл, әрине, халқының қамын ойлағандықтан туған іс екені сөзсіз. Атамыз қазақ: «Сырт көз – сыншы» дейді. Бұл Цин патшалығының Моңғолдай және Хешань есімді екі уәзірінің Төле бимен дидарласып, бірге болып, біраз істі бірлікте бейбіт жолмен шешкеннен кейінгі оған берген бағасы. Шетел елшісін тәнті еткен Төле би бабамыздың жарқын келбеті, ақыл-парасатымен мақтанамыз, оның болмысы бөлек келбетін әр қазақ өзіне үлгі тұтуы керек.
Иә, Төле бидің қазақ тарихындағы орны бөлек. Ол халқы үшін аянбай қызмет етті. Ойлағаны жұртының бірлігі болды.
Бұл қазақтың баласы,
Тегінде нені көрмеген.
Неше бір жайсаң данасы,
Шешен де болған сөзбенен.
Көсем де болған ойменен,
Бірақ соның бәрі де
Ыдырап жатқан қазақтың,
Қоса алмады бастарын.
Мен боламын дегендер,
Ақтамады сенімді.
Көкірек қаққан хандардың,
Лауазымға таласы,
Быт-шыт қылды елімді,
Береке-бірлік келместен,
Аз дұшпаннан жеңіліп,
Қайыстырды белімді,
деп алауыздықты көріп, аһ ұрды. Одан кейінгі Абылайлар да, басқалар да қазақтың басын қоса алмай зарлап кетті. Қазақ алауыздықтан езілген, шаншылған, тапталған, көрмегені жоқ халық. Талай рет тарих сахнасынан жойылып та кете жаздады. Міне, осындай қасіреттен жұрттың басын қосып құтқарған, ел етуді, мемлекет болып, өзгелермен терезесі тең тұруды іске асыруды Алла тағала Нұрсұлтан Назарбаевқа нәсіп етіпті. Егемендігіміз мәңгілік болсын. Жаратушы иеміз еліміздің бірлігіне береке берсін дегім келеді.
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор.