• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2013

«Көргенде есің кетеді»

246 рет
көрсетілді

Сіздердің бүгінгі өмірлеріңіз тамаша. Сіздердің ертеңгі өмірлеріңіз керемет болады. Мынау сұлулық, мынау сән-салтанат елдің рухының асқақтауына қызмет етсін. Мемлекеттің мәдени өрлеуі, рухани өрлеуі елдің экономикалық дамуымен бәсекеге түссін. Қазірдің өзінде солай болып та жатыр.

Валерий ГЕРГИЕВ.

(Әйгілі дирижердің «Астана Опера» театрының

әлемдік таныстырылымында сөйлеген сөзінен)

«Астана Опера» мемле­кет­тік опера және балет теа­трының әлемдік таныс­тырылымы Дж. Вердидің «Аттила» операсының пре­мьерасымен ашылды. Қойы­лымды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп та­машалады.

Сіздердің бүгінгі өмірлеріңіз тамаша. Сіздердің ертеңгі өмірлеріңіз керемет болады. Мынау сұлулық, мынау сән-салтанат елдің рухының асқақтауына қызмет етсін. Мемлекеттің мәдени өрлеуі, рухани өрлеуі елдің экономикалық дамуымен бәсекеге түссін. Қазірдің өзінде солай болып та жатыр.

Валерий ГЕРГИЕВ.

(Әйгілі дирижердің «Астана Опера» театрының әлемдік таныстырылымында сөйлеген сөзінен)

«Астана Опера» мемле­кет­тік опера және балет теа­трының әлемдік таныс­тырылымы Дж. Вердидің «Аттила» операсының пре­мьерасымен ашылды. Қойы­лымды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп та­машалады.

Әлемдік таныстырылым деген атының өзі аңғартып тұрғандай, қойылымның режиссерінен бастап басты партияны орындаушылардың бәрі түп-түгел әлемге әйгілі танымал тұлғалар болып табылады. Белгілі итальяндық қоюшы-режиссер, сценограф, костюм жөніндегі суретші Пьер Луиджи Пицци, Санкт-Петербургтің Мариин (Мария) театрынан ғұн патшасы Аттила рөліндегі Елдар Әбдіразақов, Аквилея әміршісінің қызы Одабелла бейнесіндегі Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, сопрано Анна Маркарова, музыкалық жетекші және дирижер Валерий Гергиев, итальяндық дирижер Марко Боэми, Рим қолбасшысы Эционы сомдаған баритон Клаудио Сгура (Италия), Аквилея жауынгері Форесто партиясын орындаған Лучано Ганчи, жарық бойынша суретші Винченцо Рапони, хорео­граф Роберто Мария Пизутти (Италия) сияқты құрамында әлемдік деңгейдегі тарландар бар шығармашылық топ елордалық жас театрдың даңқын бір сәтте бүкіл дүние жүзіне әйгілеп отыр.

Мәселен, Аттила партиясына таңдаудың әлемдегі ең үздік бас иесі Елдар Әбдіразақовқа түсуі кездейсоқтық емес, себебі оған мұндай жоғары мәртебе мен атақтың осы рөлді орындаудан кейін келуінің өзі өте қызық жағдай. Сахнада әрдайым шоқтай маздап жануға дайын тұратын бас орындаушының миына жас театр­да өнер көрсету туралы ойды құя келіп, оған Аттила бейнесін сомдау идеясын алғаш айтқан адам жерлесі Валерий Гергиев болатын. «Астанаға табаным тиген сәтте бойымды алапат сезім билеп әкетті. Өзімді-өзім тұсап тұра алмадым. Кең даланың шалқар тынысты ауасы кісіні бауырына тез баурап алады екен. Жолдағы кездескен адамдарының өзін жаныңа ерекше жақын тұтып тұрасың. Мынадай дарқан елде адамның шабытының тасып, ерекше екпінде жұмыс істемеуі мүмкін емес деп ойладым. Жер бетінде даңқы, абыройы асқан небір әсем қалалар бар шығар, бірақ дәл мынадай табиғаты ғажайып, ал адамдары өзіңді туыстай қабылдайтын емен-жарқын, алдыңғы толқынға жасы кішілері әманда иіліп амандасатын мейірбан халық мекендейтін қаланы еш жерге ұқсатпадым. Қазақтарды тек сырттай ғана естіп, салт-дәстүрінен аз-маз хабарым болатын. Енді міне, менің көптен күткен сол арманым орындалды. Мен әлгі мейірбандық пен ізгілікті өз басымнан өткердім. Қазақ халқының жомарт та кеңпейіліне риза болдым. Тағы бір қызығы, қазақта менімен тегі ұқсас адамдар көп екен. «Астана Опера» театрының суреттерін үсті-үстіне көре бергің келеді, ол өте әдемі. Оның келешекте әлемдегі үздік театрлардың бірі болып таныларына өз басым имандай сенемін.

Аттиланы «Метрополитен-операда», сондай-ақ, Пьер Луиджи Пиццидің қойылымында «Рим операсында» Риккардо Мутимен бірге орындау бақытына ие болдым. Дж.Вердидің операсында басты кейіпкер – рақымсыз емес, көбіне басқыншы бейнесіне жақынырақ. Мен Аттиланы Дж.Верди мен либреттошылар Т. Солер мен Ф. Пьяве жазған мәтін мен музыкаға қарап орындаймын», – деп ағынан жарылды журналистерге берген сұхбатында Елдар Әбдіразақов.

Қойылым режиссері Пьер Луиджи Пицци елордаға осымен екінші мәрте атбасын тіреп отыр. «Мен Қазақстанға бұдан бірнеше ай бұрын «Астана Опера» театрының әртістер жөніндегі директоры Уильям Грациозидің шақыруымен келген болатынмын. Сол жолы өзінің ынта-жігерімен жаңа өнер шаңырағын бірден ұнатуға мәжбүр еткен театр директоры Төлеген Мұхамеджановпен кездестім. Бірнеше күн бұрын Камералық залда өте жоғары деңгейде өткен концертті тамашаладым. Бәрінен де мені «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкашысы Бағдат Әбілхановтың орындауындағы Жюль Массненің «Таис» операсының «Толғануы» қатты тебірентті. Кезінде Вене­циядағы «Ла Фениче» театрында осы операны қойған сәттегі жұрт­тың ерекше қошеметі есіме қайта оралды», – деді премьера қар­саңында берген сұхбатында Пицци.

Өзінің ауқымдылығы жағынан әлемдегі ең үлкен театрлардың бірі болып саналатын «Астана Опе­раның» сахнасындағы «Ат­тила» көркемдік деңгейі жағы­нан әлем театрларындағы үлгі­лер­мен терезесі тең түсетін қойы­лым деген пайымды шетелдік са­рап­шылардың бірі айтып қалды. Еске сала кетейік, әлемдік тұсаукесерге Италиядан Паоло Петрони, му­зыкалық сыншылардан Сабино Леноччи, Давиде Гараттини, ис­па­ниялық сыншы Хуан Анхель Вела Дель Кампо мен Фернандо санс Ривьере сияқты белгілі сыншылар мен басылым басшылары шақырылған болатын. Олар да жаңа жобаға көздерін тігіп, елордалық «Аттиланы» өзге нұсқалармен са­лыстыра ой қозғамақ. Француз та­рихшысы А.Тьерри: «Аттила есі­мі адамзат тарихындағы ұлы адамдар – Александр Македонский мен Юлий Цезарьдің қатарынан орын алады» деп тарихи тұлғаға лайықты сөз айтыпты. Ал біз мұн­дай кесек тұлғаның бейнесі қазақ сахнасында ұзақ өмір сүре береріне сенеміз.

Біздің қазақта «аузы дуалы» деген сөз бар. Ондай адамдардың сөзіне халқымыз бөлекше құр­мет­пен қарайды. Бүгінгі әлемдік му­зыка өнеріндегі аузы дуалы, айтқанына барша жұрт тақ тұратын сондай тұлғалардың бірі – кеше әлемдік таныстырылым ретінде қойылған спектакльге дирижерлік еткен Валерий Гергиев. Әлемге әйгілі музыкант спектакль соңында қатысушыларды сахнаға қайта-қайта шақырып, ұзақ уақыт тік тұрып қол соққан астаналықтарға, елорда қонақтарына қарата, сөзін Елбасымызға арнап былай деді:

– Ең алдымен, ардақты Нұр­сұл­тан Әбішұлы, Сізге рахмет айт­қым келеді. Сіз ерекше үлкен жұ­мыс тындырғансыз. Мен осы тамаша ұжымға ризашылығымды білдіремін. Жас оркестр жаны­мен, жүрегімен ойнайды. Тем­пе­раментпен әрі ұқыпты орындайды. Хор да тамаша, еркін қозғала жү­ріп қиналмай шырқайды. Опера труппасына, балет труппасына, тех­никалық қызметкерлер құ­ра­мына, театр әкімшілігіне тамаша табыс тілеймін. Енді бір­не­ше жыл өткенде аты сондай сәт­ті қойылған осы театрдың репертуары керемет қойылымдар­мен толығып, барынша танымал бола түсетініне сенемін. Біз кеше театрды әбден араладық. Тамаша сахнасы техникалық тұрғыдан өте-мөте еркіндік береді, репетиция залдары қандай – әрі көп, әрі кең. Көргенде есің кетеді (театрдан асығып жетіп, мақаланы жеделдете жазып жатқанда маэстроның «Дух захватывает» деген сөзін аударған түріміз осы болды – Қ.Т.). Мен мұны күні кеше ғана жаңа театрды ашып келген адам ретінде айтып тұрмын. Санкт-Петербургте де жаңа театр салынды.

Аттила партиясын орындаған Елдар Әбдіразақов өзімнің шәкір­тім. Бүгін ол сіздерге әлемдік та­рихтың ғана емес, өздеріңіздің төл тарихыңыздың да жарқын бетін ашып берді.

Мен бұл елде мәдениетке қан­дай­лық көңіл бөлінетінін білемін. Өткен жолы Астанада, Алма­тыда болдық. Консерватория сту­денттерінің өнеріне қайран қалдық. Сіздердің бүгінгі өмірлеріңіз тамаша. Сіздердің ертеңгі өмірлеріңіз керемет болады. Мынау сұлулық, мынау сән-салтанат елдің рухының асқақтауына қызмет етсін. Мем­лекеттің мәдени өрлеуі, рухани өрлеуі елдің экономикалық дамуымен бәсекеге түссін. Қазірдің өзін­де солай болып та жатыр.

Ұлы музыканттың бұл сөз­деріне қосымша түсініктеме қа­жет­сіз деп ойлаймыз.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

––––––––––––––

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар