Коронавирус пандемиясы әлемдік саясат аренасына үлкен өзгеріс енгізіп, халықаралық қатынасты қиындата түскені белгілі. Әсіресе шартараптың бұрыш-бұрышынан індет алғаш тараған Қытайға қатысты қатты-қатты сын айтылып жатыр. Әйтсе де, батыс демократиясының белді өкілі саналатын Германия әр сөзіне мұқият мән беріп, айыптауға асығар емес. Бундестагтың бұлай етуінің мәні неде?
Таяуда Гонконг пен Қытай арасында дау туғанда АҚШ, Ұлыбритания және Аустралия секілді мемлекеттер Бейжің билігін сынап, адам құқығын бұзып жатқанын алға тартқан. Бұдан бөлек, коронавирустың шығу тегі, Қытайдың ұйғырларды қудалап, мұсылмандарды саяси лагерьге қамауына қатысты мәселелер де демократиялық елдерде қызу талқыға түсті. Бірақ Германия бұл мәселелерде қалыс қалып, «үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегенді ұстанғаны анық.
Мұны ел билігі де жасырмайды. Осыдан біраз бұрын Германияның экономика министрі Питер Альтмайер Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымына берген сұхбатында «басқа елге ақыл үйрету немістердің ісі емес» деп айтты. Сондай-ақ оның пайымдауынша, Қытаймен тығыз сауда-экономикалық байланыс орнату ел билігін ашық әрі еркін саяси жүйе орнатуға итермелейді.
П.Альтмайер мырзаның сөзіне екпін беруіміз бекер емес. Ол қазіргі канцлер Ангела Меркельдің сенімді серіктесі саналады. Сондықтан оның пікірі ресми Берлиннің ұстанымын да анық аңғартады. Яғни Меркель ханым Бейжің билігімен келіссөз жасап, әріптестік орнатуды жөн көреді.
Қытай – Германияның ең басты сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Мәселен, былтыр немістер Қытайға 96 миллиард доллардың өнімін экспорттаған. Бұл – елдің ішкі жалпы өнімінің 3 пайызына жақын. Жалпы, екіжақты тауар айналымы 200 миллиард доллардан асқан. Оның үстіне, осы елдегі экономиканың негізгі локомотиві саналатын Volkswagen, BMW және Siemens компаниялары үшін Қытай – тиімді әріптес. Ендеше бундес-канцлер Бейжің билігімен қарым-қатынастың бұзылмауын көздейді.
Жалпы, Ангела Меркельдің мұндай ұстанымына келіспейтіндер Германияда жетерлік. Олардың қатарында Христиан демократиялық одағы (CDU), Социалистік демократтар (SPD) және Жасылдар партиясы бар. Таяуда соңғы аталған партияның жетекшісі Роберт Хабек Der Spiegel журналына берген сұхбатында коронавирустың пандемияға айналуына Қытайды кінәлады. Сондай-ақ қайта тәрбиелеу лагерьлері адам құқығын бұзып отырғанын, оған жауаптыларға санкция салынуы тиіс екенін жеткізді. Р.Хабектің сыртқы істер министрлігінде де лауазымды қызмет атқаратынын ескерсек, оның сөзі Меркельді қолдамайтындар министрлер кабинетінде де бар екенін аңғартады.
Бұдан бөлек, ішкі істер министрі Хорст Сихофер де қытайлықтарға қырын қарайтынын Huawei компаниясына қатысты көзқарасы арқылы білдірді. Еуропалық одақ елдерінің 5G қызметін іске қосуға талпынып жатқаны белгілі. Германияда бұл жұмысқа Х.Сихофер жауапты. Биыл күзде 5G қызметін қосуға қатысты заң жобасы бекітіледі. Politico сайтының хабарлауынша, аталған құжатта Huawei компаниясына ерекше талап қойылып, ашықтық талап етілмек.
Осы 5G мәселесі Меркельге қиын тиюі әбден мүмкін. Өйткені «қарт құрлықтың» бірқатар мемлекеті Huawei-мен жұмыс істемейтінін ашық айтып жүр. Ал Еуропалық одақта 5G-ға қатысты ортақ ұстаным болғанын қолдайтын бундес-канцлер Ұлыбритания, Франция секілді әріптестеріне қарсы шығуы екіталай.
Оның үстіне, таяуда АҚШ билігі Huawei-ге озық технологиямен жасалған чиптерді сатуға санкция салды. Мұндай қадам қытайлық компанияның 5G қызметін жеткізуіне айтарлықтай кедергі келтіреді. Ендеше бундес-парламенттің заң жобасы қабылданар кезде Huawei-ді қолдауы екіталай.
Ангела Меркельдің Қытайға қатысты ұстанымына күзде АҚШ-та өтетін сайлау да әсер етуі әбден мүмкін. Қазіргі таңда демократтар өкілі Джо Байденнің асығы алшысынан түсіп тұр. Ол бұған дейін Қытайды сынға алып, Си Цзиньпинді баскесерге теңеген еді. Сондай-ақ Қытай мәселесіне шындап кірісіп, әріптестерімен белсене жұмыс істейтінін де жеткізді. Алда-жалда қарашада Байден жеңіске жетсе, Құрама штаттарының бастамасынан Германияның бас тартуы қиын болмақ.
Мұндай жағдайда бундестаг өкілдері бірден Қытайды жаппай айыптай қоймас. Дегенмен ұзақ мерзімдік стратегияны жүзеге асыру барысында экономикадан бұрын, саясатқа мән беретіні түсінікті.
Әрине екі арадағы қарым-қатынастың қалай өрбитіні Германияның келесі канцлері кім болатынына тікелей байланысты. Бір жылдан кейін федеральды сайлау өтеді. Әзірге тізгінді нақты кімнің ұстайтыны белгісіз. Бірақ он жылдан астам елді басқару үшін парламентте коалиция құрылғанын ескерсек, алдағы сайлаудан кейін де бірнеше партияның бірігуі әбден мүмкін. Қазіргі таңда Германияда Жасылдар партиясын қолдайтындар көп, яғни жаңа коалицияның құрамында олардың жүретіні сөзсіз.
«Жасылдар» Қытайдың саясатын әрдайым сынға алып келеді. Бұл партия адам құқығы мен климаттың өзгеруіне басымдық беретіндіктен, олардың Бейжің билігіне қатысты көзқарасы түсінікті. Алда-жалда «Жасылдар» жеңіске жетіп жатса, Германияның Қытайға қатысты ұстанымына өзгеріс енбек.
Қорыта айтқанда, қазіргі кезде Германия «жатқан жыланды баспауға тырысады». Алайда елдегі және әлемдегі саяси өзгерістерден кейін бір тарапты таңдауға тура келеді. Мұндай жағдайда «қарт құрлықтың» қақ ортасында орналасқан немістер қателеспеуі тиіс.