«Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деген қанатты сөздің қадірі енді білініп жатқан сыңайлы. COVID-19 әлемнің кей елдеріне аштық қаупін төндіруде.
БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (FAO) хабарлауынша, пандемияға қарсы күрес азық-түлікпен қамту тізбегін бұзып, агроөндіріс пен логистикаға соққы болып тиеді.
– Бірқатар елдерде эпидемияның таралуы тежелсе, енді бірінде күшейіп жатыр. Бұл жаһандық проблема, сол себепті оған жаһандық ауқымда ғана жауап бере аламыз. Шекаралардың жабылғаны, нарықтардағы карантин мен шектеулер, жеткізу мен саудадағы кедергілер азық-түлік тапшылығын туындатуда. Бірақ дүрлігуге болмайды, дәл қазір бәріне жететін азық-түлік бар, – делінген FAO баяндамасында.
Былтыр әлем бойынша 690 млн адам күнделікті тамаққа жарымай күн кешіпті. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 10 млн адамға, ал 5 жыл бұрынғы деңгейден 60 млн-ға жоғары. Аштық көргендердің басым бөлігі – 381 млн адам Азияның халқы. Африкада – 250 млн, Латын Америкасы мен Кариб аймағында – 48 млн.
Әлем бойынша экономикалық өсімнің айтарлықтай төмендегені, жұмыссыздықтың белең алғаны көп ұзамай бірқатар мемлекеттерді қиын жағдайға ұшыратуы мүмкін. Әсіресе азық-түлік импортына тәуелді елдер оның зардабын көбірек тартады. Пандемия мен оған қарсы қолға алынған карантин шаралары қазіргі жағдайды сарапшылар ойлағаннан тез ушықтырып жіберді. 2020 жылы және одан кейінгі жылдарда жағдай қазіргіден әлдеқайда қиын болуы мүмкін.
Түйіп айтсақ, біріншіден, карантин кезінде тасымалдаудың шектелуі өндіріске кедергі келтіруде. Тұқым, жанар-жағармай, піскен өнімді тасу, ең аяғы жұмысшыларды тасудың өзі проблемаға айналды.
Екіншіден, пандемия қатты өршіген тұста аграршылардың және өнеркәсіп орындарындағы еңбеккерлердің вирустан үрейленіп, жұмысқа шығудан бас тарту оқиғалары да жиілеген.
Үшіншіден, шектеулердің салдарынан тыңайтқыш, ветеринарлық препарат және басқаларының уақтылы жеткізілмеуі өнімнің төмендеуіне ықпал еткен факторлардың біріне айналды.
Төртіншіден, мейрамханалар мен дәмханалар, жалпы қоғамдық тамақтану орындарының, тұтас желілердің жабылуы әлем бойынша үйреншікті жайтқа айналды. Азық-түлік дүкендерінің де жұмысы шектелді. Ең аяғы мектептер мен балабақшалардағы асханалар да уақытша жабылды. Осының бәрі өндіруші мен жеткізушінің жұмысына кері әсер етті.
Бесіншіден, туризмнің тоқырауы, мейрамхана, дәмхана бизнесінің зардап шегуі түптеп келген аквамәдени, яғни балық өсіру шаруашылығына, балық аулау және өңдеу салаларына соққы болып тиді.
Саяси, әлеуметтік тұрақтылықты агросектор айқындайды
Қазақстанның фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев айтқандай, Президент Қ.Тоқаевтың биыл 11 мамырда Төтенше жағдайға қарсы күрес шараларын ұйымдастыру комиссияның отырысында азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше тоқталғаны бекер емес.
– Қ.Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі жалпы мемлекет қауіпсіздігінің негізгі элементі болатынын айтты, ауыл шаруашылығын дамытуға барынша қолдау көрсетуді жалғастыруды тапсырды. Қазақстанда ауылшаруашылық саласының үлесі өткен ғасырдың 90-жылдарының басында ІЖӨ-нің 30 пайызына жеткен болатын. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 4-5 пайыздан асқан емес. Бізде ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту үшін барлық қолайлы жағдай бар. Қазіргі таңда Қазақстанның аграрлық секторы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін ғана емес, оның әлеуметтік-саяси тұрақтылығын қамтамасыз ететін саласы, экономиканың ең тез дамып келе жатқан секторларының бірі. Өйткені аграрлық өндірісте халықтың шамамен 20 пайызы жұмыс істейді. Бұл аз десеңіз, халықтың 42 пайызы тікелей ауылдық жерлерде тұрады, – дейді Жигули Дайрабаев.
Еліміздегі шаруалардың жартысынан көбі тек қана өсімдік шаруашылығымен айналысады, мал шаруашылығымен мүлде шұғылданбайды. Сол себепті ауылдағы халық жыл бойы жүретін тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Маусымдық жұмыс тоқтап қалса, оларға тіптен ауыр тиюі ықтимал.
Фермерлер қауымдастығының төрағасы айтқандай, өкінішке қарай әлі күнге дейін ішкі нарықты өз өнімімізбен қамти алмай отырмыз. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2019 жылы мал шаруашылығы өнімдері 4 пайызға (2,3 трлн тенге) артты. Алайда егін алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, өсімдік шаруашылығы өнімінің өндірісі 1,7 пайызға (2,9 трлн тенге) азайды.
– Осы орайда агроөндірістің негізгі буыны саналатын фермерлік шаруа қожалықтарына тоқтала кетейін. Қазақстанда 207 мыңға жуық шаруашылық немесе фермерлік қожалық бар, 1,7 млн-ға жуық жеке қосалқы шаруашылық бар. Ет, сүт, көкөніс, жеміс, бақша дақылдары өндірісінің 80-95 пайызын жеке қосалқы шаруашылықтар мен фермерлер өндіреді. Мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктері ірі өндірісті ынталандыруға арналған, ал орта және ұсақ фермерлердің едәуір бөлігі жеңілдетілген кредитке, субсидия және басқа да қаржылық емес қолдау шараларына қол жеткізе алмай отыр. Нәтижесінде жаңа айтқан 207 мың фермердің 5 мыңдайы ғана, яғни 3-ақ пайызы жеңілдетілген кредит пен субсидия алды. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің жартысын өндіретін 1,7 млн жуық жеке қосалқы шаруашылық тіпті мемлекеттік қолдауды әлеуетті алушылар қатарынан мүлдем алынып тасталған, – дейді Ж.Дайрабаев.
Яғни, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әлеуетті бірден-бір әлеуметтік топ сол мемлекеттің қамқорлығынан мүлде тыс қалды деген сөз. Сол себепті, Ж.Дайрабаев айтқандай, фермерлердің мемлекеттік қолдауға қолжетімділігін арттыру мақсатында қауымдастық тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидия қағидасына өзгерістер енгізу және «ҚазАгро» холдингіне кепіл саясатын өзгерту, атап айтқанда жылжымайтын мүлік объектілерін, жер учаскелерін, сатып алынатын малды кепілге қабылдау тәсілін өзгерту, төмендету коэффициенттерін жою жөнінде ұсыныстар жолданыпты.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, импорттық әлеуетті ұлғайтуға ықпал ететін тағы бір жол – кооперация құру деп санайды Ж.Дайрабаев. Дамыған елдерде, дәл осы кооперативтер арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайызы өндіріледі.
– Мемлекетте фермерлік шаруашылықтарды, жеке және қосалқы шаруашылықтарды әлсіз жақтары мен негізгі өндірісінің ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілсе, өндірушілерді ынталандыратын қаржы саясаты қолға алынса, оны жүзеге асыру механизмдері іске қосылса, тек фермерлерге ғана емес, бүкіл ел экономикасына жаңа серпін беруге болады. Сол арқылы біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті орындаймыз – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экспорттың әлеуетін арттыруға қол жеткіземіз, – деді ол.
Экономика ғылымдарының докторы Бауыржан Исабековтің айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы – ауылшаруашылық өнімін өндіру мен тереңдетіп өңдеуді дамыту.
– Бұл бір жағынан аймақтарды дамыту, импортты төл өнімімізбен алмастыру, халықты жұмыспен қамту, халықтың тұрмысын жақсарту сынды мәселелерді де шешуге көмектеседі. Аграрлық секторды дамыту үшін диверсификация, дифференциация және интеграция деген үш қағиданы назарда ұстаған жөн. Қазақы тілмен айтсам, алдыңғысы бойынша солтүстікте тек қана бидай, оңтүстікте – мақта еге бермей, басқа да дақылдарды егіп, өнім түрлерін әртараптандыру керек. Екіншісі, яғни дифференциация – сапаға көңіл бөлу. Мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да сапаға көңіл бөлмесе болмайды. Жиырмасыншы ғасыр индустриалдық дәуір болса, жиырма бірінші ғасыр – ақпараттық, коммуникациялық ғасыр. Сол үшін басқа елдермен ақпараттық интеграция орнатып, әріптестік негізде олардың озық тәжірибесін үйренген жөн, – дейді ғалым.
Экспорт-импорт операцияларға да ерекше мән берген жөн. Айталық, Қазақстаннан бидай сатып алатын Өзбекстан мен Тәжікстан ұн тартып, оны Ауғанстан мен Иранға сатады. Өзбекстанға ірі қара экспорттауға тыйым салынғаны да осындай жағдайдан кейін қабылданған шешім.
Қорда қанша азық бар?
Орталық Азияда агросектор дамыған елдердің көшін Өзбекстан бастап тұр. Бұл елде ауылшаруашылық саласының ІЖӨ-дегі үлесі 29 пайызға жуықтайды. Түрікменстанда – 20 пайыз, Тәжікстанда – 19 пайыз, Қырғызстанда – 11,6 пайыз. Қазақстандағы ауыл шаруашылығының ІЖӨ-дегі үлесі – 4,4-ақ пайыз. Көріп отырғанымыздай, атакәсіптен қашықтап кеткені біздің халық.
Жоғарыда сарапшылар айтқандай, агросектор дамымайынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өз халқыңды өз еліңде дайындалған өніммен асырау мүмкін емес. Бұл орайда Қазақстандағы дүкен сөрелерінде азық-түліктің 35 пайызы импорттық өнім екенін де айта кетейік. Азық-түлікті іргелес Ресей, Украина сияқты елдерді айтпағанда, Италия, Нидерланд, Ирландия сынды Еуропа мемлекеттерінен, қиырдағы Куба мен Ганадан да экспорттаймыз.
Дүниежүзілік банктің жетекші экономисі Сергий Зоряның айтуынша, COVID-19 пандемиясы Орталық Азия елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылшаруашылық саласы мен аграрлық сектор өнімінің экспортына үлкен қауіп төндіріп отыр.
– Орталық Азия елдерінде халықтың шығынының 40-60 пайызы тамақтануға жұмсалады. Карантин күшейсе, азық-түліктің кей түрінің бағасы шарықтайды, адамдардың табысы төмендейді. Ауылшаруашылық жұмысының тоқырауы, шикізатты сақтауға қатысты проблемалар, тасымал жүйесінің бұзылуы жағдайды ушықтырып жіберуі ықтимал. Одан бөлек, карантин кезінде шығынға ұшыраған жергілікті өндірушілердің несиесін жабуына қатысты да мәселе туындайды. Қорыта келгенде, 6 ай ішінде экономикалық рецессияға байланысты азық-түлікті ішкі тұтыну деңгейі құлдырап, Орталық Азиядағы мемлекеттердің ұлттық валюталары девальвацияға ұшырайды деген көңілсіз болжам бар, – дейді Сергий Зоря.
Ал ресми органдардың есебіне жүгінсек, бәрі керемет сияқты әсер қалады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, аймақтардағы тұрақтандыру қорларында – 33,1 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда – 209,5 мың тонна, қоймаларда – 154,6 мың тонна, сауда желілерінде – 311,4 мың, соның бәрін қоса алғанда елімізде 708,5 мың тонна азық қоры бар. Бұдан басқа, 404 млн дана жұмыртқа мен 2,1 млн тонна азықтық бидай бар.
Қайта өңделген күріш өндіру көлемі – 81,2 пайызға, қайта өңделген және консервіленген көкөніс – 49,3 пайызға, шұжық өнімдері – 24,2 пайызға, ет пен ет-өсімдік консервілері – 11, сары май – 11,4, жарма өндіру – 10,6 пайызға, тазартылған және тазартылмаған өсімдік майын шығару 9,5 пайызға ұлғайыпты. Қор үнемі жаңартылып, толықтырылуда, сондықтан тапшылық жоқ және болмақ емес.
Биылғы бірінші жартыжылдықта шаруашылықтың барлық санаттарындағы ірі қара мал басы 4,5 пайызға көбейіп, 9 030,9 мың басқа жетті, ұсақ қара мал 2 пайызға көбейіп, 25 млн басты құрады. 22,5 млн гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, алқап көлемі былтырғы көрсеткіштен 238 мың гектарға ұлғайды.
Алайда өнім көлемі ұлғайса да, баға көтеріліп бара жатқаны тағы рас. Айталық, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан бері орта есеппен 5,7 пайызға көтеріліпті. Картоп, сәбіз, пияз, қарақұмық, кант, сары май сияқты азық түрлері 10-20 пайыз аралығында қымбаттаған. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, оған маусымдық ерекшелік, қарақұмық түсімінің аз болғаны, жыл басынан бері қант шикізатын әкелуге кедендік баж салығының енгізілуі және төтенше жағдай кезіндегі факторлар, сондай-ақ валютаның қымбаттауынан туындаған дүрбелең себеп болыпты. Жалпы, баға мәселесі өз алдына бөлек тақырып.
Қазақстанда өндірілген ауылшаруашылық тауарлары әлемнің 72 еліне экспортталады екен. Былтыр экспорт көлемі 6,4 пайызға артып, 3,3 млрд АҚШ долларын құрапты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,2 пайызға, азық-түлік өндірісі 2,4 пайызға өскен. Алайда өндіріс көлемінің өскені 1 жылда азық-түлік құнының 10 пайыздан артық қымбаттауына тосқауыл бола алмады.
Қалай болғанда да, жылдар бойы шикізат экспортына иек артқан елдердің экономикасы сыналатын уақыт келді. Президент Қ.Тоқаев Үкімет отырысында «Ауыл шаруашылығы талай эксперимент жүргізілген, көп азап шеккен сала» екенін, дамымай жатқанын сынаған болатын. Қалай десек те, елдің қиын кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті осы «көп азап шеккен саланың» иығына түсетін түрі бар.