• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2013

Парламентте азаматтар бостандығына қатысты заң жобасы қаралды

263 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс тобының мүшелері «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыста Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Қуаныш Сұлтанов 2011 жылғы 22 ақпанда Бейжің қаласында жасалған осы шарттың маңызын атап өтті. Аталған шарттың іске асырылуы туралы Бас прокуратура халықаралық ынтымақтастық департаменті шарттық-құқықтық жұмыс басқармасының бастығы Айбек Нұрахметов қысқаша мәлімдеме жасады. «Бізде Қытай тарапымен ұстап беру және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық шарттар бар. Бұл шарт екі мемлекет арасындағы сотталған адамдарды олар жазаларын одан әрі өз Отанында өтеу үшін ауыстыру мүмкіндігімен байланысты мәселелерді реттейді. Осындай шарттар Әзірбайжан, Түркіменстан, Украина, Испания және Түркия елдерімен жасалған. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар туралы» заңының 11 бабына сәйкес, осы шарт ратификациялауға жатады. Себебі, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болып отыр»,-деді сөз орайында А. Нұрахметов.

Жиынға қатысқан депутаттар Уәлихан Бишімбаев, Серікбай Нұрғисаев және Нұрғали Әшім жоғарыда аталған шартқа қатысты баяндамашыға сұрақ қойды. Ол бойынша қылмыскерлерді транзиттеу ісі мен оларды кімдер алып жүретіні, екі мемлекеттің қылмыстық заңнамасында бұл төңіректегі қолға алынатын жұмыстар реттелген бе деген мәселе қозғалды. Ал хабарламашы барлық істердің заң шеңберінде атқарылатынын жеткізді.

Отырысты қорытындылаған жұмыс тобының жетекшісі Қ. Сұлтанов Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық байланыстың жоғары деңгейде екенін мәлімдеп, шарттың маңызына тағы бір мәрте тоқталып өтті.

Аталған заң жобасын алдағы уақытта Мәжілістің жалпы отырысында қарау мәселесі қарастырылуда.

Әмірхан Алмағанбетов.

Соңғы жаңалықтар