• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Тамыз, 2020

Қысаң заманда той жасауға құлшынатындар азаймай тұр

377 рет
көрсетілді

Карантин режімі кезінде отбасылық салтанатты шараларға рұқсат етілмейтіні, адамдардың жиналуға болмайтыны жөнінде ескерту алғанына қарамастан Петропавл қаласының бір тұрғындары 5 тамыз күні қала іргесіндегі Қызылжар ауданына қарайтын Архангелка селосының шіркеуіне келіп, үйлену рәсімдерін жасаған. Олардың қонақтарға жайып қойған дастархандары да фото және бейнекөріністерге түсірілген. Шіркеу қызметкерлері карантиндік режімнің бұзылатынына қарамастан осы шараның өтуіне рұқсат берген.

Халықтың шіркеуге көп жиналып жатқанын көріп, ауыл әкімі мұндай шараға қазір жол берілмейтінін айтып, тарау керектігін ескертсе де оған ешкім бағынып, мойынсұнбаған. Басқа амалы қалмаған әкім учаскелік полицияны шақыртқан. Полиция қызметкерлерімен бірге келген мониторингтік топ жергілікті әкімге бағынбай, карантиндік талапты мойындамай жатқан топтың өрескел қылықтарын өз көздерімен көрген.

Осы бассыздыққа жол берген шіркеу басшыларының үстінен әкімшілік материалдар жиналып, қазір ол шара қолданылуы үшін тиісті органға жөнелтілді.

Жаман індеттің қасіретін кейбір қазақтар түсінбейді, адам жиналмасын дегенге қарамай отбасылық салтанатты шаралар өткізеді деп өзімізді сынаушы едік. Сөйтсек, оның қасіретін түсінбейтіндер басқа халықтардың арасынан да табылып жатыр.