• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 07 Тамыз, 2020

Ұлттық сертификаттау жүйесі қалай дамуда?

1506 рет
көрсетілді

2020 жылдың қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық сертификаттау жүйесін дамытуды, елдің ішкі нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұлттық стандарттарға бедел мен сенімді қайтаруды тапсырды. Қазақстан Үкіметіне "Техникалық реттеу туралы" заңды жаңа редакцияда дайындау және оны 2020 жылдың соңына дейін қабылдауды қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Ел Президенті атап өткендей, техникалық реттеу және аккредиттеу туралы заңнама 10 жылдан астам уақыт бұрын қабылданған және қазіргі талаптарға сай келмейді. 

Ұлттық сертификаттау жүйесі — мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің бір бөлігі және өнімді өндіру мен айналымға шығару салаларын қамтиды. Қазақстанда екі техникалық реттеу жүйесі — ұлттық және ұлттықтан жоғары (ЕАЭО техникалық реттеу жүйесі) жүйелер бар. Ұлттық жүйеде сертификаттау ерікті және міндетті түрде, ұлттықтан жоғарыда – тек міндетті түрде жүргізіледі.

Өнімнің, қызметтердің және тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігі бойынша талаптарға сәйкестігін растау бұл, ең алдымен, тауарды өндірушінің немесе қызметті жеткізушінің нормативтік құжаттарда белгіленген сапа параметрлеріне сәйкес келуінің кепілдігі. Сонымен қатар бұл құжат өнімнің немесе қызметтің оның әлеуетті тұтынушы үшін қауіпсіздігін куәландырады. 

Өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын сапа мен қауіпсіздіктің ең үздік кепілі — сертификаттау. Сонымен қатар сәйкестік туралы декларация оны ресімдеудің оңайлатылған шарттарына қарамастан, елде өндірілетін немесе әкелінетін тауарларды өткізуге құқық беретін құжат болып саналады. Елімізде сертификаттау болмаса, нарық адам денсаулығы мен жалпы елдегі экологиялық ахуал үшін қауіпті сапасыз тауарларға толып кетер еді. Стандарттар өнім дайындаушыларға берілген сапа мен қауіпсіздік сипаттамалары бар өнім шығаруға көмектеседі.

Сертификаттау өндірілетін өнімнің, ұсынылатын қызметтердің, ұйымды басқару жүйесінің сапасын арттыруы тиіс және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттігін арттыруы тиіс.

 

Ұлттық сертификаттау жүйесін не үшін дамыту қажет?

2019 жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес прокуратура органдары Техникалық реттеу және метрология комитетімен бірлесіп, аккредиттеу субъектілеріне кешенді тексеріс жүргізді. Бас прокуратураның ұсынысына берілген анықтамада өнімді сертификаттаудағы және тауардың шығарылған елін анықтаудағы бұзушылықтар мен сәйкессіздіктердің 18-ге жуық түрі жазылған. Атап айтсақ:

Жалған сертификаттар беру;

Аккредиттеу тоқтатылғаннан кейін сертификаттар беру;

Құрылғыларды тексерусіз пайдалану;

Сертификаттау және сынау рәсімдерін бұза отырып сертификаттар беру (өндіріске шықпай, сынақ жүргізбей беру);

Құжаттары толық емес декларацияны тіркеу;

Аттестатталмаған тұлғаның тексеруі;

Бейтараптық принципін бұзу;

Аккредитациядан тыс сертификаттау;

Салық міндеттемелерін орындамау;

Экономикалық контрабанда. 

"Сертификаттау жүйесін" құру жөніндегі тапсырманы "сәйкестікті бағалау" деген ортаұ жалпы термин арқылы қарау қажет. Қазіргі таңда сәйкестікті бағалау жүйесі және оның құрамдас бөлігі сертификаттау жүйесі "Техникалық реттеу туралы", "Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы" және "Стандарттау туралы" заңдармен, сондай-ақ бірқатар заңға тәуелді актілермен құрылды және реттеледі.

 

"Е-сертификаттау" жүйесін іске асыру

Осы жылдың шілде айында "Е-аккредиттеу" ақпараттық жүйесі іске қосылды, ол сәйкестікті бағалау жүйесін цифрландыру үдерісіндегі бірінші кезең болып табылады. "Е-аккредиттеу" АЖ аккредиттеудің барлық процестерін цифрландыруға және аккредиттеу материалдарының қадағалануын қамтамасыз етуге, алдын ала бағалау бойынша аккредиттеуді жүргізу мерзімдерін үш есе қысқартуға, сертификаттау жүйесін дамытудың болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді. 

Екінші кезеңде 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында "Е-сертификаттау" жүйесін іске асыру жоспарланған, ол сертификаттау процесінің ресми жағын айтарлықтай күшейтеді, сертификаттау жөніндегі қызметке мониторинг жүргізуді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді, себебі жүйе барлық міндетті жолдарды міндетті түрде толтыру қажеттігін көздейді. Дегенмен, көрінеу жалған ақпарат беру қаупі болуы мүмкін, оны тұрақты мониторинг жүргізу арқылы азайтуға болады. "Е-аккредиттеу" ақпараттық жүйесі аясында өнімнің қадағалануын қамтамасыз ету осындай бұзушылықтарды анықтау деңгейін арттыруға ықпал ете алады. 

"Е-аккредиттеу" ақпараттық жүйесін енгізу сертификаттау жөніндегі қызметтің мониторингін тиімді жүзеге асыру мүмкіндігін едәуір жақсартады. 

Мысалы: Аккредиттеу немесе аккредиттеуден кейінгі бағалау кезінде аккредиттеу субъектілері, әдетте, мамандар мен жабдықтардың болуы туралы барлық қажетті құжаттар мен куәліктерді ұсынады. Алайда, басқа субъектіде тіркелген жабдықтар немесе қызметкерлер туралы ақпарат беру және манипуляциялар арқылы аккредиттеу жөніндегі органның мамандарын жаңылыстырудың жоғары қаупі бар. Қазіргі уақытта мұндай манипуляцияларды бақылау мүмкін емес деуге болады. Осылайша, жабдықтар мен қызметкерлерді бақылау жүйесінің болмауына байланысты бұл сын-тегеурін жоғары деңгейде қалады. Бірақ бұл мәселенің шешімі Ақпараттық жүйені енгізуден және цифрландырудан көрінеді.

 

ҚР және ЕАЭО техникалық регламенттерін белгілеу 

Сертификаттаудың міндеттілігі ҚР және ЕАЭО техникалық регламенттерімен белгіленеді. Техникалық регламенттердің күші қолданылатын тауарлар сәйкестікті міндетті түрде бағалауға жатады.

Одақ аумағында айналымға шығарылатын өнім қауіпсіз болуы тиіс. Талаптары Одақтың техникалық регламенттерімен белгіленбеген өнімдердің қауіпсіздігі мен айналымын қамтамасыз ету ережелері мен тәртібі Одақ аясындағы халықаралық келісіммен анықталады.

Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Техникалық реттеу туралы хаттамаға сәйкес, ЕАЭО техникалық регламенттерінде техникалық реттеу объектілеріне қойылатын міндетті талаптар, сондай-ақ өнімді сәйкестендіру ережелері, сәйкестікті бағалау формалары, схемалары мен рәсімдері белгіленеді. Одақтың техникалық регламенттерінде терминологияға, қаптауға, таңбалауға, заттаңбаларға және оларды жабыстыру (салу) тәртібіне қойылатын талаптар, санитариялық талаптар мен рәсімдер, сондай-ақ жалпы сипаты бар ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық талаптар болуы мүмкін. 

Одақтың техникалық регламенттерінде мүше мемлекеттерге тән климаттық және географиялық факторларға немесе технологиялық ерекшеліктерге байланысты ерекшеліктерді көрсететін және тиісті мүше мемлекеттердің аумақтарында ғана қолданылатын ерекше талаптар болуы мүмкін. 

Сондай-ақ өнімге және өнімге қойылатын талаптарға байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, құрылыс, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестеріне қойылатын арнайы талаптар, терминологияға, қаптауға, таңбалауға, заттаңбаларға және оларды салу ережелеріне қойылатын талаптар, азаматтардың жекелеген санаттарын (кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, бала емізетін аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар және т. б.) қорғауды қамтамасыз ететін талаптар болуы мүмкін. 

Көптеген елдерде сертификаттау жүйелері өзара ұқсас. Халықаралық талаптарға сәйкес әзірленген нормативтік құжаттарда орындалуы бірыңғай талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ техникалық кедергілерді барынша шектейтін сертификаттау жүргізетін органдарға қойылатын жалпы талаптар белгіленген. 

Бүгінгі таңда өнімді сертификаттау жөніндегі аккредиттелген органдар өнімді сертификаттайды.

 

Қызмет көрсету бойынша "жосықсыз" компанияларды анықтау 

Елімізде сертификаттау және сынау қызметтерін көрсету бойынша «жосықсыз» компанияларды анықтау мақсатында өнімді сертификаттау саласында тәртіп орнату бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда ЕАЭО елдерінің өнімдерін сертификаттау жөніндегі органдары берген сәйкестікті растау жөніндегі 1009 құжаттың күші жойылды, осылайша 1 млрд-тан астам теңге сомасына қауіпті өнімді әкелуге тыйым салынды.

Бұдан өзге 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 62 бақылау субъектісі тексерілді, олардың 35-і теріс нәтижемен аяқталды. Сонымен қатар басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша 94 бақылау субъектісі тексерілді, олардың 43-і теріс нәтижемен аяқталды. Соның нәтижесінде 37 млн-нан астам теңге сомасына айыппұл салынды. 

Сондай-ақ аккредиттеу субъектілерінің қызметіне мониторинг жүргізу аясында 2019 жылғы маусымнан бастап 2020 жылғы маусымға дейін 97 органның (аккредиттеу субъектілерінің) аккредиттеу аттестаттары кері қайтарып алынды. 

Аккредиттеу субъектілерінің қызметіне мониторинг жүргізу аясында 2020 жылдың 6 айында сәйкестікті растаудың 428 құжаты бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде: 

85 сериялық өндіріске КЗ үлгісінің сәйкестік сертификаты, өнім партиясына 59 КЗ үлгісінің сәйкестік сертификаты;

67 сериялық өндіріске ЕАЭО сәйкестік сертификаты, 28 өнім партиясына ЕАЭО сәйкестік сертификаты;

89 сериялық өндіріске EAЭО сәйкестігі туралы декларация, өнім партиясына EAЭО сәйкестігі туралы 100 декларация. 

Бұзушылықтар негізінен жеңіл өнеркәсіп, төмен вольтты жабдықтар, азық-түлік өнеркәсібі және құрылыс салалары бойынша анықталған. Бұл жұмысты министрлік тұрақты негізде жүргізеді. 

Сәйкестікті бағалау саласындағы проблемалардың туындауының негізгі себептері — сәйкестікті бағалау заңнамасы мен бизнес-процестерінің ескіруі, сәйкестікті бағалау процестерінің төмен технологиялығы, бақылаудың, реттеудің балама тетіктерінің болмауы.

 

Менеджмент жүйесін дамыту

Менеджмент жүйесі — бұл күрделі басқару механизмі. Мәселен, өнім – нақты физикалық-химиялық қасиеттері бар, объективті қасиеттерін зертханада эксперименталды жолмен орнатуға болатын материалдық объект. Сонымен қатар сапа менеджменті жүйесінің объективті қасиеттерін де анықтауға болады, бірақ бұл басқа әдістермен — құжаттаманы талдау, бизнес-процестердің нақты жағдайы туралы ақпарат жинау, осы процестерді орындаушылармен сұхбат жүргізу арқылы және т. б. жасалады.

Бүгінгі таңда, Қазақстанда ұйымдарда менеджмент жүйесін енгізу жұмыстары сертификаттау жөніндегі аккредиттелген органда сертификаттаудан өту және менеджмент жүйесінің сертификатын алу мақсатында негізінен тендерлерге, мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін жүргізіледі, өйткені менеджмент жүйелерінің сәйкестік сертификаттарының болуы шартты жеңілдіктерді алуға байланысты конкурстар кезінде артықшылық береді. 

Алайда, Қазақстанда менеджмент жүйесін енгізудің пайдасын көбісі түсіне бермейді. Бұған себеп — білікті консалтингтік ұйымдардың, мамандардың және т. б. болмауы. 

Өнімді сертификаттау мен менеджмент жүйелерін сертификаттау арасындағы айырмашылық сәйкестікті бағалаудың міндеттілігі мәселесінде де бар. Менеджмент жүйесі — бұл тұрақты жақсарту жүйесі. Өнім сапалы әрі сапасыз болуы мүмкін, алайда осы менеджмент жүйелерінсіз де қауіпсіз болуы мүмкін, осы себепті менеджмент жүйелерінің сәйкестігін заңды түрде растау ешқашан міндетті сертификаттау саласына енгізілмейді.

 

Қазақстандағы Ұлттық сертификаттау жүйесінің қалыптасуы

Қазақстанда ұлттық сертификаттау жүйесін дамыту 1991 жылғы 5 маусымда "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақ КСР Заңы күшіне енген сәттен басталды. Осылайша, аталған Заңның 13-бабына сәйкес тұтынушының өнімнің, жұмыстардың және қызметтердің тиісті сапасына құқығын және олар туралы ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету үшін сапаны бақылауды арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар (ҚазБасСтандарттың аумақтық органдары және т. б.) жүзеге асырады. 

Келесі жылдары әртүрлі өнімдердің сәйкестігін растаудың заңнамалық негізі қалыптасты. Тексеру объектілері кәсіпорын менеджменті жүйесінің сапасы мен өнімнің сапасы болды. ҚР сертификаттау жүйесі 2004 жылғы 9 қарашада "Техникалық реттеу туралы" ҚР Заңы қолданысқа енгізілгеннен кейін одан әрі дами түсті.

Сонымен қатар ҚР-ның Кеден одағына қосылуына және оның Бірыңғай экономикалық кеңістікпен, ал кейіннен Еуразиялық экономикалық одақпен дамуына байланысты мемлекетаралық экономикалық бірлестік шеңберінде техникалық реттеуді ұйымдастыру жөніндегі барлық негізгі функциялар ұлттық деңгейден мемлекеттен жоғары деңгейге – Еуразиялық экономикалық комиссияға берілді.

Тиісінше техникалық реттеу саласындағы заңнаманың барлық нормалары 2010 жылдан бастап Кеден одағының заңнамасымен анықталып, ал 2014 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамасымен реттеледі.

Алғашқы рет міндетті сертификаттау ҚР-да 1995 жылы "Стандарттау және сертификаттау туралы" ҚР Заңына сәйкес енгізілді, ал 1999 жылы "Сертификаттау туралы" ҚР жаңа заңы қабылданды, онда алғаш рет сертификаттау саласындағы қоғамдық қатынастар кешенді түрде реттелді, мемлекеттік сертификаттау жүйесінің құқықтық негіздері және өнім, процестер, жұмыстар мен қызмет көрсету сапасы мәселелерінде мемлекет пен тұтынушылардың мүдделерін қорғау шаралары анықталды. Бұрынғы заңды қайта қарау өнімге қойылатын қолданыстағы талаптарды халықаралық ережелермен үйлестіру және сертификаттау саласындағы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерді нақтылау қажеттілігінен туындады.