«Халал» деген жазуы бар шұжықтар харам болып шықты. Мұндай жағдай республикамыздың бірқатар өңірлерінен анықталды. Мәселен, Қарағанды қаласындағы ірі сауда орталықтарында сатылып келген шұжықтар құрамында ішек ауруларын тудыратын қауіпті бактерия бар екені мәлім болды. Бұл туралы «31» телеарна хабарлады.
Жергілікті жердегі цехта еттің сапасын дәлелдейтін анықтама қағазы жоқ болып шықты. Соған қарамастан, бұл жерде «мұсылман шұжығы» әзірленіп келген. Осы былыққа байланысты цех бастығы құқық қорғау қызметкерлеріне жауап беруде. «Шұжық өнімін шығаратын цехта санитарлық талаптар сақталмаған. Барлық жері шаң-тозаң, лас. Тіпті өрмекшіге дейін қаптап жүр. Ет өнімін жерге қоя салған. Енді біз цех бастығына қатысты құжаттарды сотқа жөнелтеміз»,- дейді Октябрь аудандық прокуратурасының бөлім жетекшісі Әлия Ансарова.
Алматы қаласының тұрғыны Салтанат Қанатбек те дүкеннен сатып алған «халал» шұжығы ішінен құстың қауырсындары мен полиэтилен қапшығының қалдығы шыққанын айтады. Ең сорақысы, дүкен сөресінде сатылып келген бұл шұжықтың сыртқы қаптамасында өндіруші кәсіпорынның аты жазылмаған. Сатушы болжамы бойынша шикілігі анықталған шұжық Тараз қаласындағы «Достар» кәсіпорнына тиесілі көрінеді. Осы мәселеге байланысты түсініктеме берген «Достар» ЖШС бас директоры Саид Персануков бұл былықты қаскөйлердің әрекетіне жатқызып, біздің серіктестіктің атын жамылушылар бар дегенді айтты. Қалай дегенмен де, халықты алдап жүргендердің тірлігі ақтап алуға жатпайтын келеңсіз көрініс.
Бақытбек Кенешұлы.