Коронавирус пандемиясы басталғалы жергілікті кәсіпорындар медицина ұйымдарына көмектесіп келеді. Бұл жолы Бейімбет Майлин ауданының ауруханасына инфрақызыл термометрлер, маскалар, респираторлар, індетпен күресте киетін костюмдер және басқа да қажетті заттар жеткізілді, - деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Төтенше жағдай және карантин кезеңі жарияланғаннан кейін «Варваринское» АҚ қайырымдылық акцияларына қосылып, пандемиямен күреске қаражат бөле бастады.
Бірінші кезеңде медицина қызметкерлері үшін қорғаныс құралдарын алуға көмек көрсетілді. Екінші кезеңде «Варваринское» АҚ аудандық ауруханаға жабдықтар, атап айтқанда 5 компьютер мен 2 электрокардиограф жеткізді. Қайырымдылық көмек тамыз айында да жалғасты.
Күні кеше аудандық ауруханаға көпфункционалды кереуеттер, электрокардиографтар, зертханалық жабдықтар, дефибрилляторлар әкелінді. Аудан әкімдігі мен «Варваринское» АҚ кәсіпорны арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды», - деп хабарлады аудандық ішкі саясат бөлімі.
Жалпы, аталмыш кәсіпорын пандемиямен күреске 80 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған.