Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 01:00-де Чемпиондар лигасының ширек финалдық ойындары аясында «Аталанта» (Италия) ПСЖ-ға (Франция) қарсы шығады. Жеңімпаз тек бір ғана ойында анықталады. Аталған кездесуді «Qazsport» телеарнасы көрсетеді.
Биылғы Италияның А сериясын үшінші орынмен аяқтаған «Аталанта» Чемпиондар лигасында басты сенсация жасаған командалардың бірі. Топтық кезеңінің алғашқы төрт ойынында небәрі бір ұпай жинаған ұжым соңғы екі кездесуде барын салып топтан екінші орын алды. Плей-офф жолдамасына ие болғаннан кейін тоқтап қалмай, 1/8 финалда атақты «Валенсияны» артта қалдырды.
Томас Тухель жаттықтыратын ПСЖ Франция чемпионаты мерзімінен бұрын аяқталып, барлық ойынды ойнамаса да ішкі біріншіліктің жеңімпазы атанды. Ал 2020/2021 маусым жылы бастала салысымен «Пари Сен-Жермен» Франция кубогын, Лига кубогын басына көтерді. Ақпан айынан бері жеңіліс дегенді білмейтін париждіктер Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде қарсыластар қақпасына 17 гол соққан. 1/8 финалда Дортмундтың «Боруссия» командасын жолда қалдырды.
Деректер:
– «Аталанта» Чемпиондар лигасы аясындағы соңғы төрт ойынын жеңіспен аяқтады;
– «Аталанта» еурокубок ойындары аясында сырт алаңда өткізген 15 ойынның төртеуінде жеңілген;
– «Аталанта» еурокубок ойындары плей-офф кезеңінде тоғыз рет жеңіске жетіп, алтауында жеңілген;
– ПСЖ Чемпиондар лигасы аясында өткізген 15 ойынның 10-ын жеңіп, 3 ойынды тең нәтижемен аяқтады. 2 ойында жеңіліс тапты;
– ПСЖ Чемпиондар лигасы аясында қатарынан өткізген 32 ойынның барлығында гол соғып келеді;
– ПСЖ Чемпиондар лигасы ¼ финалында 1 рет жеңіске жетіп, 5 рет жеңілген.
Дәл қазір Неймар әріптестері нағыз бабында десек те артық айтқанымыз емес. Болжамымыз бойынша жартылай финалға ПСЖ бірінші болып жолдама алады.