Ақмола облысында "Қайырымдылық вирусы" марафоны жақсы жалғасын табуда. Жүрек жылытар, иманды шара барысында аудандық ауруханалар бұған дейін қолы жетпей, әбден сусап отырған оттегі концентраттарымен қамтамасыз етілуде, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Игі іске "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйытқы болып отыр. Күні бүгінге дейін оттегі концентраттарының 35 қорабы жеткізілді. Қасқалдақтың қанындай тапшы медициналық құрылғыларды тарту ету акциясы әлі де жалғасуда. Жаман тұмауды жұқтырған науқастарға аса қажетті құрылғыларды "Айдың нұры" жекеменшік қайырымдылық қоры мен "BI Group" компаниясы жеткізген.
- "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігі осы концентраттарды жеткізуге жауапты болатын. Таяуда жиырмадан астам оттегі концентраттары әкелінді. Оларды да шалғайдағы аудандық ауруханаларға қажеттілігіне орай жөнелтіп жатырмыз", - дейді палата директорының орынбасары Ерқанат Мұсылманбек.
Бұған дейін Бұланды, Аршалы, Егіндікөл, Жақсы аудандарының ауруханаларына қайырымдылық қоры 19 аппарат жеткізіп беріпті. Шортанды, Сандықтау, Біржан сал аудандарындағы ауруханалар шарапаты мол шара барысында қолдарына тиген концентраторлардың көмегімен жаман тұмаудың тырнағына іліккен жандарды емдеуде.
Ақмола облысы