• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Тамыз, 2020

Мұздықтар «мұңы»

4782 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда әлемдегі өзекті мәселелердің бірі – климаттың өз­геруі себебінен мәңгілікке мыз­ғымастай көрінетін мұз­дық­тардың еруі. Бұдан келе­тін қауіп-қатердің адамзат қоғамына оңай тимесін ға­лым­дар көптен бері айтып келеді.

Жалпы, мұздықтардың «көкесі» Антарктида мен Арктикада орна­лас­қан. Алда-жалда жердің асты мен үстінде жатқан осы ақ құрсау толық­тай ери қалса, теңіз деңгейі 60-70 метр­ге дейін көтерілуі мүмкін. Мұн­дай жағ­дайда Жер планетасының бі­раз бө­лігін су басатыны айтпаса да түсі­нікті.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда Арк­ти­каның да, Антарктиданың да мұз қабаты кесек-кесегімен опырылып жатыр. Өйткені климаттың өзгеруі мәңгі мұз жапқан аймақтағы судың да жылынуына әкеліп соққан. Нәтижесінде жылынған су мұздарды бұрынғыдан да жылдам еріте түскен.

1980 жылдан бері Арктикада 2,5 млн шаршы шақырым мұз жойылып кетіпті. National Geographic зерт­теушілерінің мәліметтеріне сүйенсек, 2050 жылға қарай Арктикада 520 мың шаршы шақырым мұз ғана қалуы мүмкін. Гренландия 2002 жылдан бері әр маусым сайын орташа есеппен 287 млрд шаршы тонна мұз жоғалтады.

Антарктида да жағдай мәз емес. Антарктидада мәңгілік мұздар жіпсіп, еріген су мұхитқа құйылып, теңіз деңгейі көтеріліп келеді. Батыс Антарктида мұз қабатының көп бөлігі теңіз қайраңына орныққан. Ақ құрлықта жүргізген зерттеу негізінде мәңгілік мұздардың астын теңіз сулары үңгіп жатқаны анықталды.

Бүгінде мұндағы бірнеше мұздық қауіпті деңгейде тұр. Мәселен, ондағы Туэйтс мұздығы түгелдей ерісе, әлемдік теңіз деңгейі 1 метрге көтеріледі екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, Туэйтс мұздығының аумағы Қостанай облысының аумағына тең. Ғалымдардың есептеуіне сүйенсек, 2100 жылы Туэйтстен түк қалмауы мүмкін.

Мұздықтардың жоғары қар­қын­мен еруі теңіз деңгейін көтеріп қана қой­майды, шартараптың эконо­ми­ка­сына да, экологиясына да орасан шығын әкелмек. Мысалды алыс­тан іздемей-ақ қоялық. «Сэнди» дауы­лы 2012 жылы АҚШ-тың шығыс жаға­лауын талқандап өткені белгілі. Нәти­жесінде тасқын мен желден ел экономикасына 70 млрд доллар шығын келді.

Мәңгі ақ құрсауды мекендейтін аң-құстар да мұның зардабын тартып отыр. Мәселен, Арктиканың символы саналатын ақ аю мұздықтардың еруі салдарынан тамақ таппай сен­де­ліп жүр. Соның салдарынан олар­дың саны күрт азайған. Бұдан бөлек, Аделие пингвиндері бүгінде сау­сақпен санарлық.

Мәңгілік мұздықтардың еруі көп жылғы «пәле-жаланы» қозғауы мүмкін. Нақтылай айтқанда, мұз­дық­тар миллиондаған жыл бойы жау­ған қардың қатуынан пайда бол­ғаны белгілі, осы кезеңде жел мен дауылдан ұшқан шаң-тозаң, түрлі бактерия мен вирус мұз таулардың басына қонақтап келеді. Осылайша уақыт өте келе қар қатып, мұзға айна­лып, үсті-үстіне қабатталып, бүкіл жын-жыбыр жинала берді. Ендеше, мұздықтардың еруі оларды қайта қоздыруы әбден мүмкін.

Бұлай деп дабыл қағуымыз бекер емес. Осыдан 4 жыл бұрын Сібірде 12 жастағы бала «сібір» жарасынан қаза тауып, жиырма шақты адам ауруханаға түсті. Зерттей келе осы бактерияны жұқтырып өлген бұғы 75 жыл бойы мұз астында жатып, күн жылынғанда жер бетіне шыққаны, індеттің содан тарағаны анықталды.

Ғалымдар ара-тұра бубон оба­сының, Испан тұмауы секілді қауіпті індеттердің вирустарын ара-тұра Сібірден, Аляскадан кездестіріп жүр. НАСА ғалымдары 2005 жылы Аляскадағы қатқан көлдің бірінен Carnobacterium pleistocenium деп аталатын микроб тапты. Олардың жасы 32 мың жылды құраған. Ал 2007 жылы 8 млн жыл бұрынғы бактерияның мұз арасында бүлінбей сақталғаны анықталды.

Биыл қаңтарда Тибеттегі мұз­дық­­тарда 28 түрлі бұрын-соңды кез­деспеген вирустың бар екені бүкіл әлемді шулатты. Айтпақшы, кейбір ғалымдар бүкіл әлемді әбігерге салған Covid-19 вирусы мұздықтар еруінің салдарынан пайда болды деген пікір айтып жүр.

Мұздықтар мәселесі Қазақстан үшін таңсық емес. «Тоғызыншы тер­ритория» – мұхитқа тікелей шық­пай­тын әлемдегі ең үлкен мемлекет екені белгілі. Ендеше, еліміз, жалпы Орталық Азия елдері тіршілік нәрін тау басындағы қардан алады. Қазіргі таңда елімізде 2724 мұздық бар. Со­лар­дың ішіндегі ең танымалы – Тұ­йықсу мұздығы. Екі жарым шақы­рым­ға созылып жатқан бұл мәңгілік жабын жыл өткен сайын кеміп, жұ­қа­рып барады.

Кеңес өкіметі тұсында, 1957 жы­лы Тұйықсудың жанынан зерттеу стан­сасы салынды. Бүгінде осы орта­лық­тан мұздыққа дейінгі арақашық­тық бірнеше шақырымға ұза­рыпты. Тұйықсудан аққан су Кіші Ал­маты өзеніне құяды. Келешекте мұз­дықтың қарқынды еруінің салда­рынан өзен суы көбеюі мүмкін. Бірақ ғалымдардың есептеуінше, мұндай үрдіс ұзаққа созылмайды. Қазақстандағы мұздықтардан аққан су келешекте азая бермек.

Бүгінде Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 50 пайызы еліміздің мұздықтардан келе­тін суына мұқтаж. Жаһандық жылыну салдарынан Алатаудың басындағы ақ жабындар азайса, аталған салаға орасан зиян келетіні айтпаса да түсінікті.

Климаттың өзгеруі жөнінде сөз қозғалғанда еске әуелі Арал теңізі түседі. Бір кездері толқыны шалқып, айдынында аққу-қазы қалықтаған ерке Арал бүгінде бар сұлулығынан айырылып, бірнеше есеге тартылып кетті. Рас, кейінгі уақытта теңізді қал­пына келтіру жұмыстары жемісті жүзеге асты. Алайда Аралдың өткен ғасырдың орта­сындағы деңгейіне қайта жетуі неғайбыл.

Айдынды Аралдың тағдыры қарт Кас­пийдің басына да түсуі мүмкін. Geop­hysical Research Letters журналына жарияланған зерттеудің нәтижесіне сү­йенсек, кейінгі 20 жылда теңіз бу­лана бастаған. Мәселен, су деңгейі 1996 жылдан бастап жылына 7 сан­ти­метрге азайып, 1,5 метрге төмен түскен.

Зерттеушілер мұның себебін Кас­пийдің беткі ауа температурасымен байланыстырып отыр. Яғни ондағы ауа райы 1995 жылға қарағанда 1 гра­дусқа жылынған. Алдағы уа­қыт­та жаһандық жылыну үдеген сайын қарт теңіздің деңгейі де түсе бермек.

Тығырықтан шығатын жол бар ма? Әлбетте! Қазіргі таңда әлемнің бір­неше елі жасанды мұздық жасауға қызығушылық танытып отыр. Үндіс­танның Ладакхи аймағы мұның тап­тырмас мысалы. Сонам Вангчук есім­ді инженер қолдан мұздық жасаудың әдісін ойлап тапқан.

Ол тау суын Ладакхи ауылына құ­быр арқылы жеткізеді. Содан кейін салқын ауаның әсерінен атқылаған су мұзға айналады. Осылайша конус пішіндес жасанды мұздық пайда болады. Әрине мұндай «ступаның» ғұмыры ұзақ емес. Маусымға қарай жа­сан­ды мұздық түгелдей еріп кетеді. Деген­мен осының өзі ерте көктемде Ла­дак­хидегі егістікті суаруға жеткі­лікті.

Вангчуктың бастамасына әлем қызығып отыр. Ол осы жобасын жү­зеге асыру үшін 2015 жылы 125 мың доллар қаражат жинапты. 2016 жылы Швейцария үкіметі оған «құда түсіп», Альпі таулары бөктерінде Еуропаның алғашқы мұз «ступасын» жасады.

Айта кетерлігі, Вангчуктың жаңа­лығын теңіз деңгейінен 4600-5400 метр биікте жатқан аймақтарда қол­дануға мүмкіндік мол. Яғни қысы 4-5 айға созылатын, -15-тен суық өңірлер жасанды мұздық жасауға таптырмас мекен. Жоба авторларының айтуын­ша, бұл тәсілді Орталық Азия­да, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжік­станның таулы аймағында пайда­ла­нуға болады.

Қорыта айтқанда, мұздықтардың еруі – бейжай қарайтын мәселе емес. Жер-жаһанның ақ құрсауларының ке­лешектегі әсерін нақты болжау өте қиын. Бірақ бір нәрсе анық. Мәң­гі­лік жабындардың еруі әлемге оңай ти­мейді. Ендеше, мұздықтардың мәсе­лесіне мән беріп, оған жол бермеу – бүкіл әлемнің ортақ міндеті.