Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті көшпелі отырысын Ақтауда өткізді. Сенаттың негізгі іс-шаралар жоспарына сай өткен отырыстың мақсаты «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заңның орындалу барысы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің дайындығымен танысу болды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті көшпелі отырысын Ақтауда өткізді. Сенаттың негізгі іс-шаралар жоспарына сай өткен отырыстың мақсаты «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заңның орындалу барысы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің дайындығымен танысу болды.
Көшпелі отырыстың көк теңіз жағасында өтуінің де өзіндік себебі бар, телегей арқылы бірнеше шет мемлекетпен шектесіп жатқан өңірде ел тыныштығын сақтау, теңіз байлығын күзету – өзекті мәселе. Еліміздегі бірден-бір шекаралық және өндірістік мақсатта су көліктерін құрастыратын зауыт та осы батыс аймақта. Сондықтан Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті мүшелері бұл бағыттағы маңызды әңгімелерді алыста отырып сырттан сөз еткенше, кемелер мен катерлерді көзбен көріп, олардың әлеуетіне тәнті болуды, сондай-ақ аталмыш заңның орындалу барысына іс жүзінде көз жеткізіп, шекарашылардың әлеуметтік ахуалымен танысуды мақсат етіпті. Қорғаныстық тапсырысты орындаушы зауыттар өмірінде қандай мәселелер бар, оларға заңнамалық тұрғыда қандай көмек қажет, аталмыш салада келешекте қандай бағыттар ұстануымыз қажет – осының бәрі көшпелі отырыстың айтар сөзі, көтерер тақырыбы болды. Иә, мемлекеттің қорған-қалқаны – әскер. Ал олардың жағдайы қаншалықты қамтамасыз етілген? Заманға сай лайықты жабдықтап, материалдық-техникалық тұрғыда толыққанды жарақтандыра алып отырмыз ба? Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасының айтуынша, қазіргі таңда әскери бюджет жөнінен АҚШ көш басында тұрса, Қазақстан 171 елдің ішінде 58-ші орында. Парламент бекіткен халықаралық құжаттар ел қорғаныс әлеуетін арттыруға, шетелдермен әскери салада ынтымақтастық жасауға негіз болып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде оған мүше мемлекеттермен бірге оқу-жаттығулар өткізіліп, өзара тәжірибе алмасу жолға қойылған. Әскери Доктринаға сай Қарулы Күштерге бөлінетін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызынан кем болмауы, яғни ІЖӨ өскен сайын қорғаныс саласына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып отыруы қажет. Бірақ, бұл көрсеткіш бізде белгіленген 1 пайызға да жетпейді екен. Бірақ, салаға бөлінетін қаражат көлемі артуда. Мысал келтірер болсақ, 2012 жылы бұл салаға 272,9 млрд. теңге, 2013 жылы 333,9 млрд. теңге бөлінген. Келер жылдың үлесі биылғы жылғы сомадан 12,8 пайызға артып, 376,9 млрд. теңгеге жетпек.
Қорғаныс пен қауіпсіздік мәселесіне мән беретін депутаттар Ақтау қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің базасының материалдық-техникалық базасымен, жеке құрамның жауынгерлік дайындық деңгейімен танысумен бастады. Отандық зауыттың өнімдері – «Қазақстан» және «Орал» зымыранды-артиллериялық кемелерімен теңізге шығып, олардың жауынгерлік мүмкіндіктері мен қауқар-қуатын бақылады.
Депутаттар іссапардың екінші күні көшпелі отырыста бас қосты. Еліміздің заңдарының Қорғаныс және Шекара қызметі құрылымдарында іске асырылуы мен мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалуы мәселесін күн тәртібіне қойған отырысты ашқан Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы И.Адырбеков:
– Елбасы бастамасымен елімізде жүзеге асырылу үстіндегі қазақстандық қамтуды дамытудағы индустриялық-инновациялық саясат аясында Қарулы Күштерді, Шекара қызметін, өзге де күштік құрылымдарды отандық тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі қарқынмен қолға алынуда. Парламентте Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасының негізгі ережелерін жүзеге асыру мақсатында тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздігін күшейтуге, қорғаныс әлеуетін арттыруға, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Сыртқы барлау туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы», «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңдар қабылданды, – деді.
Қорғаныс саласындағы заңдар бойынша жұмыс топтарына жетекшілік жасап, біраз шаруаның басын қайырған М.Алтынбаев «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасына, Парламенттің заң шығару қызметіне тоқталып, әскери салаға қатысты қабылданған заңдар туралы баяндады.
– 2001 жылы қабылданған «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заңға 2009 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, онда мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орындау тетіктерін жетілдіру, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалынды. Осы өзгерістерге сәйкес қорғаныстық тапсырысты орындау бойынша отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі. Еліміздің Қарулы Күштері мен басқа да күш құрылымдарына тапсырыс бергенде отандық тауар өндірушілерді таңдау қажеттігі жөнінде міндеттер қойылды, – деді ол.
Бүгінде Каспий теңізі жағалауында зор аумаққа ие еліміздің теңіз беттегі тыныштығы мен қауіпсіздігін «Қазақстан», «Орал», «Астана», т.б. кемелер мен катерлер қадағалап жүр. Шекарашылардың ақ толқынмен алыса жүйткіген көліктерінің ұшқырлығы, су қысымына қарсы тегеурінділігі, нысанаға дәлдігі, жалпы сапалық қасиеттері мен жауынгерлік қуаты тыныш жағаның тыныштығын қадағалауға жетіп тұр. Әйтсе де, су көліктерін жаңа технологиялармен жабдықтауды жалғастырып, қандай жағдайда да жолда қалдырмайтын тегеурінділігін арттыра түсу қажет-ақ. Басқосуда ҚР ҚК Әскери-теңіз базасының командирі С.Бекжанов, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындауға қатысы бар, еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешенін біріктіруші болып табылатын компаниялар басшылары – «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ вице-президенті Қ.Тілеубалдин, «Зенит» Орал зауыты» АҚ бас директоры В.Валиев, «Гидроқұрал» ғылыми-зерттеу институты» АҚ бас директоры А.Гниломедов және «Индро» Қазақстан Инжиниринг» ЖШС бас директоры Ғ.Толқымбаев өз саласындағы жасалынып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді ортаға салды. Бейнеролик арқылы суасты және сүңгуір, шекарашы, ауыр тонналық, зымыранды-артиллериялық кемелер, катерлер түрлері таныстырылып, оларды заманауи тұрғыда жетілдіру бағыттары сөз болды. Айтылған тілек, ұсыныстар депутаттардың қойын кітапшаларына ілікті.
Әскер айбынды болса, бейбітшілік баянды. Көшпелі отырыс көтерген мәселелер ел қорғанысының қауқарын арттыруға тағы бір серпін беріп, қойын кітапшалардағы ұсыныс-тілектерге маңызына қарай Парламент мінберінде мән берілсе дейміз.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.