Қостанайлық еріктілерден құралған «Дос» іздеу жасағы қоғамдық тәртіпті сақтауға және хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздестіруге белсенді атсалысып келеді. Полиция департаменті таяуда оларды ақшалай сыйақымен марапаттаған еді. Еріктілер ол қаржыға көктен бақылау жүргізетін арнайы құрылғы сатып алды.
- Біз еріктілермен тәулік бойы байланыстамыз. Олар хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге түн ортасында қосылған жағдайлар болды. Көбіне қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысады, бізбен бірге жүріп тұрғындарға карантиндік шараларды сақтаудың маңызды екенін түсіндіреді, - дейді Марат Сахратов.
Жыл басынан бері аймақта із-түзсіз кеткен 30-дан астам адам еріктілердің көмегімен табылып отыр. Полиция департаментінің басшылығы қоғамдық тәртіп күзетіне белсенді атсалысқан үздік еріктілерді тоқсан сайын ақшалай көтермелеп отыруды көздеп отыр. Бүгінге дейін тәртіп сақшылары 14 адамға ақшалай сыйақы табыс еткен. Полицейлердің айтуынша, мұндай тәжірибе әлі де жалғасатын болады.
- «Дос» еріктілер жасағында екі жүзге жуық адам бар. Дені – жастар.Біз полиция берген ақшаға бұған дейін рация, жилет, тағы да басқа қажетті құралдарды сатып алғанбыз. Енді, міне, кезекті сыйақыға көптен бері қол жеткізе алмай жүрген көктен бақылап, бейнетаспаға жазатын ұшқыш дрон сатып алып отырмыз. Бұл із-түзсіз кеткендерді іздестіру кезінде таптырмайтын құрылғы, - дейді еріктілер жасағының үйлестірушісі Олеся Логошиновская.
Қостанай облысы