• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 14 Тамыз, 2020

«Бавария» Месси және оның командасын үйіне ерте қайтаруы мүмкін. Бірақ...

633 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 00:50-де Чемпиондар лигасы ширек финалының үшінші ойыны өтеді. «Барселона» мен «Бавария» өзара мықтыны анықтайды.

Ширек финалда осы екі команда кездесетінін білгенде Чемпиондар лигасының финалына бергісіз ойын ерте өтетін болды дегенбіз. Бұлардың жеткен жетістігі де өз алдына бір төбе. Сондықтан бүгінде екі команданың қайсысы келесі кезеңге өтетінін болжау қиын. Себебі, «Бавария» неміс Бундеслигасында топ жарды. Германия кубогін жеңіп алды. Шабуылшысы Роберт Левандовски  Чемпиондар лигасының үздік сұрмергені. Осылардің барлығын назарға алсақ, «Бавария» Месси және оның командасын үйіне ерте қайтаруы мүмкін. Бірақ...

Бірақ, Испания чемпионатында тек екінші орын алған каталондықтар үшін биыл жүлде алатын соңғы мүмкіндік. Әрине, бүгінде «Барселона» ойынына «барсафандардың» өзі сын айтуда. Әйтсе де, «Барселона» маңызды кездесуде «құлпырып» шыға келетін командалардың бірі. Месси, Суарес, Гризманн үштігі шын кіріссе, алынбайтын қамал болмайды.

«Барселонаның» шабуылшысы Антуан Гризманн клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында «Бавариямен» болатын ширек финалдық ойынды аса қатты күтіп жүргенін айтты. «Мен багажымды 23 тамызға дейін (финал 23 тамызда өтеді – автор) Лиссабонда болатындай етіп дайындадым. Мен тіпті PlayStation-ды өзіммен бірге алдым. Чемпиондар лигасын жеңіп алу үшін бізде үш матч қалды және оған жету үшін біздің шамамыз жетеді. Біз үшін бұл ойын қиын болады, бірақ жартылай финалға шығу үшін не істеу керектігін де білеміз. «Бавария» өте күшті және допты иемденуге дағдыланған. Сол себепті әдеттегідей допты мүмкіндігінше ұзақ басқаруымыз керек. Левандовски көп гол соғады, бірақ қауіп барлық жерден келеді. Олардың вингерлері шабуылға жиі барады. Мюллер мен Гнабри де өте жақсы ойнайды».

Статистика:

– Екі қарсылас өзара 10 матч өткізіп, нәтижесінде «Баварияда» 6 жеңіс, 2 жеңіліс және 2 тең ойын;

– Өткізілген 10 матчта доп соғу бойынша орташа нәтижесі – 3,2 («Барселона» бір ойынға орта есеппен 1,4 гол соқты, ал «Бавария» – 1,8);

– Биылғы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Барселона» мен «Боруссия» екі рет кездесті (0: 0 қонақта, 3:1 үйде);

– Қос қарсылас Чемпиондар лигасының ширек финалында соңғы рет 2008/09 маусымында кездесіп, екі матчтың қорытындысы бойынша «Барселона» басымдық танытты (5:1).