Облыс аумағында шектеу шаралары 31 тамызға дейін созылатын болды. Осыған орай бүгін облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Ғайнеденов арнайы қаулыға қол қойды, - деп хабарлайды Egemen.kz.
«Атырау облысының аумағында 2020 жылғы 17 тамыз сағат 00:00-ден 31 тамыз сағат 00.00-ге дейін шектеу шаралары ұзартылсын. Бес жасқа дейінгі балаларды, қоғамдық тамақтану орындарында тамақтану жағдайларын, жеке және 5 адамнан аспайтын топтық спортпен айналысатын адамдарды қоспағанда, әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтай отырып, қоғамдық орындарда, қоғамдық транспортта, халыққа қызмет көрсету және демалуға арналған ғимараттарда, ашық ауада медициналық немесе мата бетперделерін кию міндетті», - делінген қаулыда.
Қаулыға сәйкес, Атырау облысының аумағында тұрғындар мен автокөліктердің сағат 23:00-ден 6:00 аралығында жүруіне болмайды. Сондай-ақ, думанды, ауқымды спорттық шаралар, көрмелер, форум, конференция, отбасылық, еске алу (банкет, той, мерейтой, садақа), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де шаралардың өткізілуіне, ойын-сауық орталықтарының (бильярд, компьютерлік клуб, кальян, букмекерлік кеңселер, түнгі клубтар, боулинг орталықтар, кинотеатрлар және басқа да ойын-сауық мекемелерінің), барлық мәдени нысандар (театрлар, концерттік залдар, мұражай, көрмелер және т.б.), фудкорт, банкет залдары, бар, караоке, қоғамдық жағажайлардың, аквапарктердің, бассейндердің қызметіне тыйым салынды.