Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен қалалық әкімдік бірлесіп, ерекше бастаманы қолға алып отыр. Өткен аптада қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қабырғаларына Әбу Насыр әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Сұлтан Баймағамбетов сияқты тарихи тұлғалардың алып бейнелері іліне бастады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, зәулім үйлердің сырт қабырғаларына ілінген алып муралдар қаланың ажарын аша түсумен қатар, тұрғындардың жүрегіне ерекше жылу ұялатып, Отанға деген сүйіспеншілікке үндейді.
«Бүгінде өскелең ұрпақтың бойына адалдық, әділдік пен парасат және отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді сіңіру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Биыл елімізде Шоқан Уәлихановтың 185 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Атаулы мерекеге біз өз үлесімізді осылайша қосқымыз келді. Қазіргі қоғам сыбайлас жемқорлық сияқты әлеуметтік дертті тек бірлесе отырып жеңе алатынын түсінуі керек. Сондықтан бұл бастаманың қала тұрғындарына тигізер тәрбиелік мәні зор деген ойдамыз», – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Қуаныш Бекбасов.
ҚОСТАНАЙ