Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған диспансердегі соңғы науқас 12 тамызда емделіп шыққан, - деп хабарлайды Egemen.kz.
«Соңғы аптада стационарға коронавирус, пневмония инфекциясымен науқастар түскен жоқ. Сол себептен, 15 тамызда провизорлық стационарды жабылды. Екі күн дезинфекция жасалды. Қазір дәрігерлерімізді еңбек демалысына жібердік» дейді Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері директорының міндетін атқарушы Серік Әбішев.
Ал, емдеуші дәрігердің бірі Асхат Есмурзин туберкулезге қарсы күрес диспансері жанындағы провизорлық стационарда наурыз айынан бері жұмыс істеген.
«Пандемия ушығып тұрған кезде тәулігіне 20-30 адамға дейін қабылдадық. Көбінесе, өкпесі 70-80 пайызға дейін қабынған науқастар түскен еді. Мұндай ауруға шалдықпау үшін гигиеналық шараларды сақтау, коронавирус белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге көріну қажет» дейді дәрігер Асхат Есмурзин.
Қазір облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде пандемияның екінші толқынына дайындық басталған. Мұнда 25 орынға оттегі желісі тартылып, дәрі-дәрмек пен медициналық жеке қорғаныс құралдарының қоры жасақталып жатыр.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.