Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуы тиіс. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Пандемия кезеңінде және мемлекет пен азаматтарымыздың табысы азайған тұста жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуіміз керек. Халықаралық сарапшылардың айтуы бойынша мемлекеттер пандемияның салдарымен күреске мол қаражат жұмсап жатқан кезде қаржыны мақсатқа сай пайдаланбау және жымқыру қаупі арта түседі. Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз", - деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы қажетсіз шығындарды алдын ала анықтау керектігін атап өтті.
"Әсіресе, қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай мәселелерге болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру – өте маңызды", - деп қадап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.