Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионаты өзінің шешуші кезеңіне келіп жетті. Бұрнағы күні ойналған ширек финалдық жекпе-жектердің қорытындысында жүлдегерлердің есімдері түгел анықталды. Ендігі мәселе кімнің қандай түсті медаль алатынын нақты анықтауға қарап тұр. Бүгін шаршы алаңды шайқайтын жартылай финалдық шайқастар сол жолдағы бірінші қадам болмақ.
Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионаты өзінің шешуші кезеңіне келіп жетті. Бұрнағы күні ойналған ширек финалдық жекпе-жектердің қорытындысында жүлдегерлердің есімдері түгел анықталды. Ендігі мәселе кімнің қандай түсті медаль алатынын нақты анықтауға қарап тұр. Бүгін шаршы алаңды шайқайтын жартылай финалдық шайқастар сол жолдағы бірінші қадам болмақ.
Қазақстан құрамасы осы күндері өзінің тарихында ешқашан болмаған зор жетістіктерге жетті. Былғары қолғап шеберлерінің жаһандық жарысында біздің саңлақтардың 8 бірдей медальге қол жеткізген кезі бұрын-соңды болған емес. Біз күні ертең бұлардың қаншасының алтын мен күміс болып жіктелетінін дәл білмейміз, бірақ, бүгінгі асып отырған асудың өзі толағай табыс болып табылады. Осы кезге дейін әлемдік додада 8 және одан да көп медальдар салтанатына Кубадан басқа бірде-бір елдің құрамасы жетіп көрген жоқ. Ал, Ресейдің жеткен жетістігі екі рет 7 медальдың ауқымымен өлшенеді.
Енді осының мысалын Қазақстанның өз шежіресінен келтірер болсақ, біздің республикамыз тәуелсіздік алғалы бергі аралықта ең мықтағанда 5 медальға қол артқанын байқар едік. Оны 2005 жылы Қытайдың Миньянг қаласында өткен біріншілікте тіркедік. Бұдан да әрі кетсек, еліміз құрамасы өзі бірінші рет қатысқан, 1993 жылы Финляндияның Тампере қаласында өткен VII жаһан жарысынан 1 ғана қола медаль алып қайтқанын айтар едік. Сосын 1995 жылы Берлинде 1 күміс, 1 қола медальды олжа санадық. 1997 жылы Венгрияның астанасы – Будапешт шаһарында да сол көрсеткішті қайталадық. 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында бірінші рет алтын медальға қол жеткізіп, оның жанына 1 күміс, 1 қола медальды қоса алдық. 2001 жылы Ирландияның Бельфастында жалғыз күміс медальды қанағат тұттық. 2003 жылы Таиланд орталығы – Бангкок қаласында 2 алтын медальды мойынға тақтық. 2007 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында 1 алтын, 2 қола медальға шамамыз жетті. 2009 жылы Италияның Миланында жалғыз қола медальға күніміз қарады. Ал 2011 жылы Бакуде 2 күміс, 2 қола медальмен Хазар теңізінің бергі бетіне өттік.
Міне, осылардың қай-қайсысымен салыстырғанда да, көрсеткіштің көрнекті екені көзге ұрып тұр. Құраманың Мырзағали Айтжанов бастаған жаттықтырушылар алқасы бұл алынып отырған биік белестің тектен-тек келмегенін осыдан екі ай бұрын Иорданияның астанасы – Амман қаласында өткен Азия біріншілігінде 7 алтын, 1 күміс медальдарымен-ақ толық дәлелдеп қойған. Қазақстан құрамасының бұл чемпионатта басқалардан айдыны озық, айбыны артық екенін тағы мына нақты көрсеткіштерден байқауға болады. Әлемдегі ең мықты бокс державалары саналатын екі ел – Куба мен Ресейдің әрбірі жартылай финалға, яғни медальдар ауылына бар-жоғы төрт-төрттен ғана өкілдерін ендіре алды. Осы саптағы 40 боксшының сондай-ақ 3-уі Әзербайжан мен Италия елдерінен болып отыр. Ал Ирландия, Германия, Өзбекстан және Бразилия сынды елдердің үлестері 2 боксшыдан аспай қалды. Бұлардан бөлек, Коста-Рика, Уэльс, Таиланд, Украина, Моңғолия, Венесуэла, Армения, Англия және Аргентина секілді мемлекеттер құрамаларында бір-бір атлеттен ғана бар.
Біз бұдан бұрын чемпионатқа 111 елден 457 боксшы келгенін айтқан болатынбыз. Солардың арасында соңғы Олимпиялық ойындардың 1 чемпионы, 4 күміс жүлдегері, 11 қола жүлдегері болды. Бұған қоса, соңғы әлем біріншілігінің 5 чемпионы, 4 күміс жүлдегері, 11 қола жүлдегері келді. Бұдан бөлек, биыл ғана Еуропаның чемпионы атанған 7 саңлақ пен Азияда топ жарған 9 тұйғын осы чемпионаттың жалынына жалын қосуға атсалысты.
Сонымен, бүгін – жартылай финал. Ақтық айқасқа кімдердің баратынын анықтайтын бұл сайыстың оңай болмайтынын қазірден шамалап отырмыз. Себебі, күні кеше өткен ширек финалдағы жан алып, жан беріскен іс-қимылдар алдағы айқастың содан да қауырт болатынын байқатқандай. Боксшылар өздерінің тарихындағы бірінші рет шлемсіз өтіп жатқан ірі халықаралық жарыстарында шынында барын салып жатыр. Бокстың өзіне тән әдемілігін танытатын бұл ереже оларға да ұнағандай.
«Егемен Қазақстанның» әлем чемпионатындағы
көшпелі редакциясы.