Көрші елдегі қолайсыз жағдай біздің елге де ауыр тиіп отыр. Ежелден “төсекте басы, төскейде малы” қосылып, тату отырған, барынша жақын ағайын жұрттың ішіндегі алалық бізге батпай қоя ма?
Осындай бір рет шыққан бүліктің өзі халықтың есінде мәңгі қалатын, ал мына оқиға алдыңғысына көп уақыт өтпей жатып тағы да қайталанып отырғаны өте өкінішті. “Шыққан қол ойнамалы” дегендей, халықтың мыңдаған жылдар бойы аңсап, зорға қолы жетіп, өз алдына ел болып жатқанында қайта-қайта көтерілуі жақсылыққа апармайды. Әрине, мұны экономикалық қиындықпен түсіндіруге болар. Бірақ соның ішінде кейбіреулердің тіршілік мүдделері де жағдайды ушықтыра түсуге себеп болатын секілді.
Мен бұл халықты өте жақсы білемін, онымен жапсарлас жатқан өңірде туып-өстім. Кейінгі өмірде де қоян-қолтық араластық деуге болады. “Манастың” мың жылдығын өткізуге сол жылдары мен басқарған Жамбыл облысы үлкен көмек көрсетті. “Манасқа – 1000 жыл” атты мерекелік алтын медальдің бірін де қырғыз ағайындар маған таққан болатын. Сол кездегі қырғыз басшылары А.Ақаев, А.Жұмағұловтармен жақсы араластым. Асқар Ақаев өте мәдениетті, халыққа шын жаны ашитын, мінезі жұмсақ, өте жәйлі адам еді. Оның қызметтен төңкеріс жолымен кеткеніне өкініш білдіруші едім.
Ал Қ.Бакиев жалпы халыққа жақсы белгілі емес адам еді. Ол қолындағы билігі нығая бастаған соң-ақ халыққа берген уәдесін ұмытты, қайта өзімен бірге болған әріптестерінің көбін қудалап, кейбірін тіпті түрмеге жапқызды. Халықтың жағдайы жақсарудың орнына бұрынғыдан да төмендеп кетті. Халық мұндайға шыдамады, “Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ күнде сынады” дегендей, осындай жағдай орын алды. Енді арты тыныштығымен тынсын дейік. Қ.Бакиевтің өз еркімен, елдің арасын ашпай отставкаға кеткені дұрыс. Қазақстан қолдан келген моральдық, материалдық жәрдемін жасап, ағайын елде тұрақтылықтың орнауына ықпал етуі керек.
Өмірбек БАЙГЕЛДИ, сенатор.
АЛДЫН АЛМАСА — АПАТ
Қырғызстандағы оқиғалар сияқты қантөгіске ұласқан жағдайлар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған елдерде орын алады. Көрші елде, бізбен туысқан елде осындай қанды оқиғаның орын алғаны өте өкінішті. Біздің Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғаларға дұрыс баға берді және Қазақстан ондағы жағдайды реттеуге ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде де ықпал ете алатынын айтты.
Қырғызстан басшылығы мұндайдың алдын алуы керек еді. Онсыз да тұрмыс деңгейі өте төмен халыққа коммуналдық төлемдердің тарифін бірден биікке көтеру аса қауіпті екенін олар болжауға тиісті болатын. Елде қан төгілуін, соның ішінде жас адамдардың өмірінің қиылуын ешқандай себеппен ақтай алмайсың. Қандай жағдайда да халыққа қарсы әскери оқ атуға болмайтын еді, тұрғындардың наразылығы күш көрсетуге ұласса, оған қарсы қолданылатын толып жатқан осы заманғы жетілдірілген жарақтар бар емес пе?! Мәселен, су шашу, газ қолдану, т.б. сияқты. Ал тағы да қайталап айтамын, кісі өліміне әкелетін оқ атуды ешқандай да ақтауға болмайды.
Елдегі конституциялық тәртіптің бұзылуына ешқандай жол берілмеуі тиіс. Қырғызстандағы жағдайды реттеуге халықаралық ұйымдар белсенді қатысулары керек. Соның ішінде ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан көрші туысқан елде тұрақтылықтың орнауына қолдан келген көмектің бәрін жасап, оған Ұйымның әлеуетін толық пайдалануы қажет. Ал енді Қ.Бакиевтің қайтадан мемлекет басына келетініне күмәнім бар. Өйткені, өз халқына қарсы оқ атқан адамның қайтадан елді басқаруға келуі маған мүмкін емес секілді көрінеді.
Ғани ҚАСЫМОВ, Қазақстан патриоттары партиясының төрағасы.