Арыз-шағым, өтініш ескерусіз қалмайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық өңірде қолдау тапты. Ел игілігі үшін қолға алынған игі бастама Шымкент қаласы әкімдігінің жұмысында да басшылыққа алынды.
Бұрынғыдай емес, бүгінде халықтың құқықтық сауаты артқан. Сондықтан кез келген ел тұрғыны өзін толғандырған мәселелер бойынша ойын ортаға салып, одан тұшымды жауап ала алады. Тұрғындардың арыз-шағымдары мен өтініштеріне дер кезінде құлақ асып, оған тиісті дәрежеде көңіл бөлу, мәселені тиімді шешу – басты назарда. Мұны нақты деректермен дәлелдеуге болады.
2020 жылдың қаңтар-шілде айында Шымкент қаласы әкімдігіне 8 711 арыз-шағым келіп түскен. Өтініштердің 950-нің мәселесі қанағаттандырылып, 8491-не жазбаша түсіндірме берілді. Арыз-шағымдар түрлі салаға қатысты. Оның ішінде жер қатынастары бойынша – 3986, карантин кезінде қалада жүріп-тұруға рұқсат алу – 839, энергетика және коммуналды шаруашылық – 314, баспана мәселесі – 302, әлеуметтік және жұмысқа орналастыру – 300, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары – 198, құрылыс саласы – 161, білім саласы – 142, денсаулық сақтау – 135, екінші деңгейдегі банктерден алған несие сомасын өтеу туралы – 78, басқа мәселелер бойынша 2 134 өтініш бар. Әкімдіктің ресми сайтындағы «Ашық диалог», «Сұрақ-жауап» блогтарына 375 арыз-шағым түсіп, толық жауап берілген.
Сонымен қатар бұқараға барынша жақын болу мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов карантин кезеңіне дейін, яғни қаңтар-наурыз аралығында халықпен 7 рет жүздесіп, 186 тұрғынды қабылдады. Әкімнің қабылдауына келген 108 азаматтың мәселесіне түсіндірме жауаптар берілсе, 75 азаматтың мәселесі шешімін тапты. Ал 2 азаматтың мәселесін шешу ұзақ мерзімдік бақылауға қойылды. Жеке қабылдауға қатысқан 16 азаматқа әкімдік қаланың жомарт азаматтарының көмегімен қоларба, ортопедиялық аяқкиім, көзілдірік, дәрі-дәрмек әперіп, ота жасатуға ақшалай көмек берді. Құжаттарын ресімдей алмай жүрген 15 азаматтың мәселесі шешіліп, заңгер қолұшын созды.
Шаһар басшысы карантинге қатысты азаматтарды онлайн байланыс арқылы қабылдап, тікелей эфирге шығуды қолға алды. Аптаның әр жұмасында өтіп жатқан онлайн қабылдауда 26 азаматтың өтінішін тыңдап, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Бұған қоса қала әкімінің орынбасарлары жыл басынан бері 266 азаматты қабылдап, өтініштер негізінде жұмыс атқарды.
Кері байланыста кедергі болмайды
Аты жаман індеттің салқыны тиген қаншама тұрғын қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысына, қызмет көрсету сапасына сын айтқаны жасырын емес. Әсіресе, басы ауырып, балтыры сыздаған науқастар жедел жәрдем көлігінің тым кеш қимылдайтынын айтып ашынған еді.
Тұрғындардың талап-тілегін ескерген жергілікті билік кеткен олқылықтардың орнын толтырды. Енді шаһар жұрты жаңадан іске қосылған медициналық жәрдем көрсету стансасының «Call» орталығына хабарласып, қажетті көмекті уақтылы алатын болды. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бұл орталық жақында ашылды. 103-ке келіп түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер жаңадан ашылған орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылайды. Қоңырау қабылдау орындары екі есеге артқан. Нәтижесінде азаматтар еш кедергісіз жедел жәрдем нөміріне хабарласа алады.
Орталықтағы қоңырауларды басқару үшін PRI арнасының үздіксіз байланыс желісі мен спутниктік бақылау жүйесі (GPS) және мобильді интернет технологиясы қолданылады. Біріктірілген жүйе арқылы операторлар 10 секунд ішінде шақыртуды бригадаға бағыттайды. Сондай-ақ ақпараттық жүйенің көмегімен Шымкент қаласының картасы бойынша мекенжайларды іздеу, көлік бағыттарының карталарын қадағалау, күту уақыты, қозғалыс жылдамдығы туралы мәліметтерді автоматты түрде бақылауға болады. Ал шақыртуда жүрген мамандардың жұмысын бақылау үшін 100 жедел жәрдем көлігіндегі қызметкердің бәріне толығымен жаңа планшет берілді.
Шымкент қаласы әкімдігі мен «Мейдей Қазақстан» түрік компаниясы арасында жедел жәрдем қызметін жаңғырту жобасы аясында екіжақты меморандумға қол қойылған. Келіссөз нәтижесінде бірінші кезеңде жедел жәрдем қызметіне 100 жаңа көлік берілген. Екінші кезеңде осы жоба аясында «Call» орталығы әлемдік стандарттар бойынша жаңғыртылды.
Байланыс қызметін жақсартуға күш салып жатыр
Бұл қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе еді. Пандемия кезінде үй жағдайында онлайн режімде жұмыс істеуге мәжбүр болған шымкенттіктер интернеттің қиындығын әбден көрді. Сөйтіп тұрғындардың өтініші негізінде қала әкімдігі кешенді зерттеу жұмыстарын қолға алды. Нәтижесінде қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жер қатынастары басқармасы байланыс антенналарын орнату үшін 11 жер телімін бөліп, оларды заңдастыру туралы қаулы шығарды. Енді жоспарлы жұмыс жедел қолға алынса, байланыс қызметінің кедергілері жойылмақ.
Бұл туралы шаһарды цифрландыру бойынша өткен жиналыста қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев баяндады. Оның айтуынша, байланыс антеннасын инвестор өз есебінен орнатады. Одан әрі ұялы байланыс операторлары өздерінің базалық стансаларын осы құрылғыға жалғайды.
«Энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасына тиесілі жарықтандыру бағандарына жалғанған мобильді операторлардың базалық стансаларын инвестор есебінен тұрақты бағандарға ауыстыруды ұсынамыз. Оның жүк көтергіштігі 1,5-2 тонна болады. Біреуінің құны шамамен 2-2,7 млн теңгені құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жол картасы әзірленді», деді әкімнің орынбасары.
Сондай-ақ мобильді интернет пен байланыстың сапасын жақсарту шеңберінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері мобильді байланысы нашар Шымкенттің аймақтарын анықтау бойынша жұмыс жүргізді. Жаңа жабдықты орнату үшін 43 мекенжай көрсетілген жол картасы дайындалды. Бұл учаскелер қала көшелеріндегі драйв-тест нәтижелері бойынша анықталған.
Бұған қоса зерттеу жүргізу және базалық стансаларды орнату мақсатында арнайы топ құрылды. Топ жұмысына цифрландыру басқармасының, жер қатынастары басқармасының өкілдері, сондай-ақ 43 жер учаскесінің әрқайсысына байланыс операторларының мамандары жұмылдырылды. Сала мамандары көптеген проблема тұрғын үй кешендеріне жақын базалық стансалар болмаған кезде туындайтынын айтады.
Алда жаңа оқу жылы келе жатыр. Эпидемиялық жағдайға байланысты білім беру мекемелеріндегі жұмыс тек онлайн форматта жүргізілмек. Ал ол үшін сапалы интернет қажет. Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Досан Әлібеков қаладағы білім беру мекемелерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
Оның сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласы сапалы интернет жүйесімен 80 пайыз қамтылған. Ал орнатылып жатқан базалық стансалардың жұмысы аяқталған сәтте бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Нәтижесінде қала аумағына қосылған елді мекендердегі интернет мәселесі толық шешіледі.
Сонымен қатар қалада AR-shymkent, 2-ГИС және Тру-Конф жобалары іске асырылып жатыр.
Жолдың сапасы – жіті қадағалауда
Карантин кезінде де Шымкентте жол жөндеу жұмыстарының қарқыны бәсеңдеген емес. Сақтық шараларын бұзбай, атқарылған жұмыстың нәтижесінде қала жолдары тақтайдай түзеліп, ретке келтірілді. Ендігі жұмыс төселген асфальт пен салынған жолдың сапасын тексеру еді.
Бұл бағытта тындырымды тірлік көп. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының Шымкент қалалық филиалы үшінші мегаполистегі жөндеуден өтіп жатқан жолдардың сапасына бақылау жүргізіп, рейдтік іс-шара өткізіп келеді.
Кезекті рейд ұзындығы 1850 метрді құрайтын Түркістан көшесінде жүргізілді. Рейд барысында «Жол активтерінің ұлттық сапа» орталығының жылжымалы зертханасының көмегімен жаңа асфальттың бірінші жабынының қалыңдығы және жиектастардың беріктігі тексерілді. Тексеру кезінде жол жабынынан кемшілік табылмағанымен, бордюрлардың беріктігіне күмән тудырарлық көрсеткіштер байқалды. Дегенмен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Баймендиев жиектастардың жаңадан қойылғанын, 28 күн ішінде толықтай дайын болатынын алға тартып, мерзімі келгенде тағы бір тексеруді ұсынды. Бұған қоса ол қазір қалада бордюрлардың жетіспеушілігі байқалып жатқанын айтты.
«Осыған дейін 10 рейдтік іс-шара өтіп, 50-ден аса кемшілік анықталды. Бүгін жиектастардың беріктігі күмән келтірді, бұл бойынша алдағы уақытта тағы тексеру жүргіземіз. Өйткені біздің мақсат – қателіктердің алдын алу», деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жәни Қамбар.
Бұл орташа жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған. Жолға 611 млн теңге бөлінген.
Тұрғын үй құрылысы бойынша көш бастап тұр
Шымкент тұрғын үй салу жағынан республикада көш бастап келеді. Оған дәлел – бір жылға жетер-жетпес уақытта шаһарда көпқабатты 262 тұрғын үй салынып жатқаны. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов айтты.
«Биыл құрылыс жұмыстарының көлемін 120 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Бүгінде оның 7 ай ішіндегі көлемі 52,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артты. Осы жылы Құрылыс басқармасы арқылы 154 нысанның құрылысы жоспарланған. Олар – 92 тұрғын үй, 34 инженерлік инфрақұрылым, 13 мектеп, 1 денсаулық сақтау, 2 мәдениет, 3 спорт, 3 абаттандыру, 3 ауыл шаруашылығы және 3 өзге сала нысандары», деді Е.Ахметов.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда қалада «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен барлық қаржы көздері есебінен ауданы 1 млн шаршы метр 262 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде Құрылыс басқармасы арқылы бюджет есебінен 92 баспана тұрғызылып жатыр. Олар кредиттік және арендалық бағытта іске асуда. Атап айтсақ Әкімшілік іскерлік орталығында, Шымкент Сити және Тұран шағын аудандарында 80 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 51-і биыл тапсырылып, нәтижесінде 3 284 отбасы қолжетімді бағамен баспана сатып алады. Ал арендалық тұрғын үйге келсек, 12 баспана бой көтеруде. Оның 8-і Әкімшілік іскерлік орталығында, 4-еуі Тұранда орналасқан. Биыл 8 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 448 пәтер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар нарықтан 696 пәтер сатып алынады. Нәтижесінде 1 144 арендалық пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Оның ішіне кіретін отбасылар – 450 көпбалалы отбасы, 394 әлеуметтік осал топтар және 300 жұмыс істейтін жастар.
Ерлан Құланбайұлының сөзіне сүйенсек, қалада биыл 7 айда 20 кредиттік тұрғын үй, яғни 1 416 пәтер пайдалануға тапсырылған. Олардың 8-і Әкімшілік іскерлік орталығында, 12-сі Шымкент Сити шағын ауданында орналасқан. Жалпы осы жылы 612 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланса, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 299,86 мың шаршы метрге жеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл өсім 122,7 пайызды құрап отыр.
Шымкент – туристер үшін тартымды қала
Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков Шымкент қаласына жасаған іс-сапарында дәл осылай баға берді. Сапар барысында комитет төрағасы шаһардың бірнеше туристік нысандарын аралап, сала мамандарымен кездесті.
Ең алдымен қаланың орталығындағы Қошқар ата өзеніне, кейін Ордабасы алаңына және Цитадель қалашығы мен Тәуелсіздік саябағына атбасын бұрды. Онда туристік нысандарды дамыту бойынша бірнеше ұсынысын айтып, туризм басқармасының жаңа жобаларымен танысты. Сондай-ақ ескі қалашыққа арнайы тоқталып, ондағы археолог-тарихшылармен, жоба үйлестірушілерімен кездесті.
«Шымкент – туристер үшін өте қызық әрі әсем қала. Мұнда жайлылық пен ерекше жылылық бар. Цитадель Шымкент қаласындағы ең тарихи әрі туристік нысан болады. Жобаның аяқталғандағы келбетін тамашалауға бәріміз асықпыз. Мұнда Қазақстанды тануға құштар тарихшылар мен туристерді тартамыз. Сол себепті бұл жұмыстардың ауқымы мен маңызын сезініп, абыроймен атқаратындарыңызға сенемін», деді Д.Рыспеков.
Бұдан соң ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исаховпен және туристік нысан өкілдерімен бірге дөңгелек үстелге қатысты. Онда карантиндегі туристік орталықтардың жұмыс қарқыны мен жеңілдетілген карантиндік режімдегі талаптар сөз болып, алдағы жұмыс алгоритмі талқыланды.
Сондай-ақ Дастан Рыспеков отбасылық қолөнершілер Бейсбековтер шаңырағында болып, қазақтың дәстүрлі бұйымдары мен туристерге ұсынылатын түрлі жабдықтармен танысты.