Малидің мазасы қашып тұр. Таяуда елде көтеріліс бұрқ ете түсіп, президент Ибраһим Кейта президенттік лауазымынан бас тартты. Бұл көтерілісшілерді қуантса да, халықаралық қоғамдастық Малидегі жағдайға алаңдаушылық білдіруде.
И.Кейта мемлекеттік телеарна арқылы өз лауазымынан бас тартатынын және ұлттық кеңесті тарататынын мәлімдеді. Соның алдында ғана көтерілісшілер президент пен премьер-министр Бубу Сиссені тұтқындағаны туралы ақпарат тараған еді.
ORTM арнасы арқылы халыққа үндеу жасаған И.Кейта мерзімінен бұрын қызметінен кетуінің себебін түсіндіріп, «билігімді сақтап қалу үшін қан төгілгенін қаламаймын. Сондықтан президенттік мандатымнан бас тартуға шешім қабылдадым», деді.
Президенттің өкілеттігін тоқтатуы шерушілерді бір серпілтіп тастады. The Guardian басылымының хабарлауынша, наразылар қазіргі үкіметтен шаршағанын жеткізген. Көп ұзамай көтерілісшілердің басшылары телеарна арқылы мәлімдеме жасады. «Біз билікті ұстап тұрғанымыз жоқ, біз елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етеміз. Бәріміз бірлесіп қана елдің ұлылығын қайтара аламыз», деді Мали әуе күштері қызметі басшысының орынбасары Исмаил Ваге. Сондай-ақ ол ел шекарасы жабылғанын, кешкі 9-дан таңғы 5-ке дейін коменданттық сағат енгізілгенін хабарлады.
«Бұл қадам аз уақыт ішінде Малидегі билік пен халық арасындағы сенімділікті қалпына келтіріп, күнделікті өмірімізді жақсы жағына жетелейтін әлеуетті институт қалыптастыратын жалпы сайлау өткізуге мүмкіндік береді», деді И.Ваге.
Жалпы, Малидегі ахуалдың шиеленісуі маусымда басталған-ды. Оқиғаның өршуіне биылғы парламенттік сайлау түрткі болды. Үкіметке наразылар көшеге шығып, президенттің қызметінен кетуін талап еткен. Ел президенті И.Кейта шерушілермен келіссөздер жүргізіп, сайлауды қайта өткізуге уәде берген. Бірақ бұл наразы тарапты тоқтатқан жоқ.
Өткен аптада Кати аймағындағы сарбаздар қолдарына қару алып, жоғары шенді офицерлерді тұтқындады. Үкіметке наразылар олардың әрекетін құп көріп, әділет министрлігінің ғимаратын өртеді.
Оқиғаның бұлай өршуіне алаңдаған премьер-министр Б.Сиссе сарбаздарды қаруын тастауға шақырған. Бірақ көтерілісшілер алған бетінен қайтқан жоқ. Осылайша, олар президент И.Кейтаны, премьер-министр Б.Сиссені және қаржы министрі Абдулла Даффені тұтқындады.
Малидегі жағдайға халықаралық қоғамдастық та алаңдап отыр. Оқиғаға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жабық есік жағдайында жиын өткізген. Айта кетерлігі, Малиде БҰҰ бейбітшілік миссиясының 15600 өкілі қызмет етеді.
БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Малидегі жағдайды конституциялық тәртіп пен заң ережесін өрескел бұзу деп айыптады. Африка ұйымының төрағасы Мусса Факи Махамат та көтерілісшілердің әрекетін заң бұзуға балап, президент пен премьер-министрді босатуға шақырды.
Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ив ле Дриян мұндай ауыр оқиғаны Франция қатаң айыптайтынын жеткізді. Қытайдың сыртқы істер министрі Бейжің билігі үкіметті күшпен ауыстыруға қарсы деп хабарлады. Еуропалық одақ көтерілістің Малиді ғана емес, өңірдегі бүкіл ахуалды қиындататынын мәлімдеді.
Бір қызығы, И.Кейтаның қазіргі тағдыры Малидің бұған дейінгі президенті Амаду Туреге өте ұқсас. 2012 жылы осы елде әскери көтеріліс болып, Туре қызметінен кеткен еді. Көтеріліс салдарынан елдегі ахуал қиындап, бірқатар аймақта экстремистік бағыттағы қарулы топтар күшейе түсті.
Кейінірек Франция әскерінің көмегімен экстремистерді талқандаудың сәті түскен. Дегенмен Ибраһим Кейтаның басшылығы кезінде аталған топтар қайта күш жинаған сыңайлы. Оның үстіне, кей топтардың ДАИШ террористік ұйымына қатысы бар екені айтылады. Халықаралық қоғамдастықтың қауіптеніп отырғаны да осы.