Қытайдағы Янцзы өзені арнасынан асып, ел билігі су тасқынынан қорғану мақсатында 100 мыңнан астам адамды қауіпсіз жерге көшірді. The Guardian басылымның хабарлауынша, кемерінен асқан су Сичуан провинциясындағы Үлкен Будда ескерткішіне қауіп төндіріп тұр.
Көне жәдігер осыдан 1200 жыл бұрын салынған. Оның биікті 71 метрге жетеді. Лешан үлкен Будда деп аталатын ескерткіш ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралары тізіміне енген.
Еріктілер, полиция қызметкерлері қазіргі таңда тарихи жәдігерді қорғап қалуға тырысып жатыр. Өйткені тасыған су ескерткіштің төменгі жағын кеміре бастаған. Аймақта соңғы рет судың мұншалықты көбеюі сонау 1949 жылы тіркеліпті.
Қытай өзендеріне жауап беретін Янцзы су ресурсы комиссиясы қауіптің қызыл деңгейін жариялап, өзен суының 5 метрге дейін көтерілуі мүмкін екенін айтып дабыл қағып отыр. Ал су ресурстары министрлігінің хабарлауынша, Янцзы өзеніндегі бөгеттердегі суды жіберу көлемі секундына 74 мың шаршы метрге көбеймек.