Startup жобалардың басым бөлігін IT, инновация саласына қатысты жобалар құрайтыны белгілі. Ал әлеуметтік бағыттағы startup жобалар сиректеу кездесіп жатады. Десек те, әлеуметтік startup жобаларға ден қойып жүрген жастарымыз да соңғы кездері көбейіп келеді. Солардың бірі – Айзада Жайыққызы. Ол Британ кеңесі мен Chevron энергетикалық компаниясы ұйымдастырған конкурста топ жарып, әлеуметтік startup жобасын жүзеге асыруға 3000 АҚШ доллары көлемінде грант жеңіп алды. Бүгін біз аталған жобасын әрі қарай іске асыру үшін еріктілердің қолдауына сүйене еңбек етіп жүрген А.Жайыққызын әңгімеге тартқан едік.
– Әлеуметтік жобаларды қолдауға бағытталған Британ кеңесі мен Chevron энергетикалық компаниясы ұйымдастырған конкурсқа қатысуыңызға не түрткі болды? Оған кімдер қатыса алады?
– Британ кеңесі мен Chevron энергетикалық компаниясы әлеуметтік жобалар байқауын республикамыздың түрлі қалаларында жыл сайын өткізіп тұрады. 2017 жылы аймақтар тізіміне Атырау өңірі енгізіліп, атыраулықтар да ойдағы жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Негізі, жоба туралы былтыр естідім. Алайда құжат тапсыруға кеш қалып, қатысудың реті биыл туды. Жобаның мақсаты еліміздің түкпір-түкпіріндегі өз мақсаты мен идеясы бар жастарға қолдау көрсету. 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген қазақстандық технология, ғылыми инновация, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік мәселелерге қатысты жобасын ұсына алады. Ең бастысы, жоба халыққа пайдалы болуы керек.
Іріктеу 15 шілдеде басталып, 1 айға созылды. 100-ден астам жобаның ішінен 25 үздігі таңдалды. Одан әрі 3 апта бойы арнайы тағайындалған менторлармен жұмыс істеп, жобамызды қорғадық.
Грант алу үшін жобамен қатар ментордың да маңызы зор. Менің менторым Атыраудағы тәжірибелі бизнес тренерлердің бірі – Бибігүл Шахиева. Ол жобам туралы естігеннен бастап, жан-жақты көмек көрсетіп, дайындады, нақтылай айтқанда жобамды қазылар алдында қорғауға, қосымша сұрақтарға жауап іздеуге, карантин секілді дағдарыс кезеңдеріндегі жұмысты ұйымдастыруға, аймақтағы бәсекелестерді зерттеуге көмектесті.
Жалпы, жобаның өз талаптары мен ережелері бар. Арнайы тапсырмалар беріліп, қадағаланады. Қатысушылар жұмысы апта сайын бағаланып отырады. Тапсырмалардың уақтылы орындалуы міндеттеледі.
Жоба аймақтағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететіндей болуы тиіс, оның халыққа пайдалы болғаны абзал. Жобаның ерекшелігі де назарға алынады. Мен ерекше балаларға арналған арт терапия жобасын ұсындым.
– Сіздің жобаңыз несімен ерекшеленді? Жоба идеясы қалай туды?
– Менің жобам өнермен емдеуге, яғни арт терапияға қатысты. Менің таңдауым соның ішіндегі құм терапиясы. Жалпы, құм терапиясының адамның психикасына, сезу мүшелеріне тигізер пайдасы мол: депрессия, психологиялық шаршаудағы адамдардың дертіне бірден-бір ем. Ол көптеген тәжірибе негізінде дәлелденіп жүр. Балалардың ұсақ моторикасын дамытуда үлесі көп. Ал ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін тіптен пайдалы. Ұсақ моторикасын дамыту арқылы дұрыс сөйлеуіне, омыртқа жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне әсер ете аламыз. Дұрыс сурет салуды үйрету арқылы ойын жинақтауға, қиялын кеңейтуге көмектесеміз.
Атырауда ерекше балаларға арналған орталықтар бар. Оларға белгілі бір жастағы балалар ғана қабылданады. Бұл жағдай арт терапия орталықтарының қажеттілігін білдіреді. Сонымен қатар 13-18 жас аралығындағы балаларға көп көңіл бөлінбейді. Ал олар әлі де дамуды қажет ететін топ. Өзімнің тәжірибемді, білімімді жинақтап, менторыммен кеңесіп жоспар құрдық. Жоба осылай пайда болды.
Былтыр Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығына жұмысқа орналастым. Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істегендіктен әлеуметтік бағдарламалардың басы-қасында жүреміз. Аймақтағы әлеуметтік мәселелерден хабардармын. Атырауға келгенімде, арт терапия орталықтарын іздей бастадым. Өкінішке қарай, жақсы орталық табу қиынға соқты.
– Демек атыраулықтар сіздердің орталығыңызда тегін арт терапия сабақтарын ала алады ғой?
– Иә, ерекше күтімді қажет ететін балалар орталық жұмысын бастағаннан кейін тегін сабақтарға қатыса алады. Арнайы мамандар құммен, сумен сурет салуды үйретіп, қажетті біліммен бөліседі. Сабақтардың барлығы терапияға негізделген. Орталықта дефектолог-логопед, психологтар да жұмыс істейді. Яғни, орталық жай ғана бос уақытын өткізетін жер емес, олардың денсаулығын түзейтін орталыққа айналса деген ойымыз бар. Құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді, мамандар да дайын. Қазан айында жұмысымызды бастаймыз деген ойдамыз.
Атырау қаласында арт терапия бойынша 2 маман ғана бар. Олар ерікті түрде көмектесіп жатыр. Мамандардың қатарын толықтырсақ деген ой бар. Сондықтан келешекте волонтерлерді шақырып, оларға да арт терапияны үйретуді жоспарлап отырмыз.
Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»