Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қара теңізден газ қоры табылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, «Фатих» бұрғылау кемесі теңіздің Анадолыға тиесілі бөлігінде көгілдір отынның мол қоры бар екенін анықтаған.
Сарапшылар газ қорының көлемі 320 млрд текше метрді құрайтынын болжап отыр. Бірақ Түркия президенті Қара теңіздің қойнауында қазба-байлық бұдан да көп деп есептейді. «Бұл – мол қордың бір бөлігі ғана. Алланың қалауымен оны да табамыз», деді ол. Сондай-ақ Р.Т.Ердоған энергетикалық ресурстарды шетелден сатып алуды доғарып, керісінше экспорттауға көшкенге дейін тиісті жұмыстар тоқтамайтынын жеткізді. Жоспар бойынша, газды өндіру 2023 жылдан басталмақ.
Анадолыға тиесілі теңіз бөлігінен газ табылуы Түркия үшін аса маңызды. Бұл қадам бауырлас мемлекеттің Ресейдің, Иранның және Әзербайжанның көгілдір отынына мұқтаждығынан құтқарады. Мәселен, былтыр Түркия газ импорттауға 41 млрд доллар жұмсаған. Ел экономикасының әлеуеті мен лираның құны арзандағанын ескерсек, бұл – өте көп сома. Алда-жалда газ өндіру жұмысы сәтті аяқталып жатса, Анадолының шығыны да азая түсетіні айтпаса да түсінікті.
Дегенмен, елдегі газды игеру Түркияны біржола шетелдік импортқа тәуелділіктен құтқарады дегенге сену қиын. Өйткені Қара теңізден табылған көгілдір отынның қоры аса көп емес. Сондықтан шығар, өткен аптада Р.Ердоған газ табылғаны туралы хабарлағанда лираның құны өсіп, оның көлемі 320 млрд текше метрді құрайтыны айтылғанда ұлттық валютаның бағасы қайта төмендеді.
Оның үстіне, сарапшылар газды өндірудің қиындығын, оны жүзеге асыруға 10 жыл кететінін айтып отыр. Ал кен орнының құрылысын жүргізуге миллиардтаған қаражат қажет екені айтпаса да түсінікті.
«Фатих» бұрғылау кемесі көгілдір отынды 2,1 шақырым тереңдіктен тапқан. Түркияның энергетика министрінің сөзіне сүйенсек, газды өндіру үшін тағы 1,4 шақырым қазуға тура келеді.
Түркия тарапы талай жылдан бері Қара теңіздің өзіне тиесілі бөлігінен де, Жерорта теңізінен де жерасты байлығын іздеп келеді. Бірақ Анадолының Жерорта теңізін игерсем деген арманына гректер мен кипрліктер қарсы. 10 тамызда түріктердің бұрғылау кемесі Грекия мен Кипр арасындағы суларда барлау жасап жүргені анықталып, екі тараптың арасында дау тағы қызған. Осыған байланысты Франция Элладалар еліне көмекке бірнеше фрегат жіберді.
Бірқатар елдің басшылары Түркияны қазба-байлыққа кезіккені үшін құттықтап үлгерді. Палестинаның президенті Махмуд Аббас оқиғаға байланысты Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға телефон шалып, арнайы құттықтаған. Ол Түркияның жетістігі Палестинаның жетістігі деп есептейтінін жеткізсе, Р.Ердоған Анкара билігі әрдайым Палестина халқын қолдайтынын айтқан. Сонымен қатар екі елдің басшысы қарым-қатынасты нығайтып, аймақтық ынтымақтастықты дамытуға уағдаласқан.
Украина президенті Владимир Зеленский де Р.Ердоғанды телефон арқылы құттықтады. Украина президенті әкімшілігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Зеленский мен Ердоған аймақтық даму жөнінде әңгіме қозғап, екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың маңызды екенін атап өткен.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те бауырлас Түркияны жерасты байлығын тапқанымен құттықтап, бұл қор елдің өнеркәсіп әлеуеті мен әл-қуатын арттыратынына екпін берген, сондай-ақ энергетика импортына тәуелділігін азайтатынына сенім білдірген. Бұдан бөлек, түріктерді бірқатар Араб елдері де құттықтады.