Кезінде Тараз қаласында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің Жамбыл облыстық филиалы ашылған болатын. Мұндағы мақсат – медицина қызметкерлерінің әлеуетін арттырып, өңір медицинасының деңгейін көтеру еді. Алайда, одан бері үш жылдан астам уақыт өтсе де аталған филиалдың бар-жоғы белгісіз болып келді. Енді аталған мәселе қайта көтеріліп, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожинмен және аталған оқу ордасының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында Акушерлік және гинекология, педиатрия, кардиология, онкология сияқты негізгі мамандықтар бойынша резиденттерді дайындау үшін Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының базасында аталған оқу орнының филиалы ашылатын болды. Бердібек Сапарбаев Тараз қаласында резиденттерді дайындау кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектесетінін атап өтті. Әкім өңірдегі аудандар мен ауылдарға қажетті медицина кадрларын дайындаудың маңызды екенін де жеткізді. Талғат Нұрғожин аталған бастаманы қолдайтынын білдіріп, университеттің өңірдегі филиалында жұмыс істеуге дайын оқытушылардың жеткілікті резерві бар екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, аталған оқу орны жоғары курс студенттерін практикалық дағдыларды игеру үшін облыстық көпбейінді ауруханаға жібере алады. Ал, ынталандыру мақсатында жоғары оқу орны студенттер мен Жамбыл медицина қызметкерлеріне электронды ғылыми кітапхананы пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, университет аймақтағы медицина қызметкерлерін Израиль, Литва, Корея мемлекеттерінің жетекші жоғары оқу орындарына біліктілігін арттыруға жіберуге дайын. Сондай-ақ, коронавирус індетінің күтілетін екінші толқыны мен маусымдық тұмаудың таралуы кезеңінде аталған медициналық жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамының облыс тұрғындарына тәулік бойы кеңес беруі үшін call-орталығы ашылатын болды. Сонымен қатар, университет Жамбыл облысына анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерді де жіберетін болып келісілді.
Жамбыл облысы