900 орынға шақталған бұл ғимаратқа 1935 жылы салынған ескі үйде сығылысып отырған қаланың алтыншы қазақ мектебі көшті, деп хабарлайды Egemen.kz.
300 орынға шақталып ашылған ескі мектеп үйі Қызылжардағы алғашқы қазақ мектебі еді. Оның қабырғасынан Солтүстіктің талай қырандары қанат қаққан. Жанынан интернат ашылып, онда бір кезде бүкіл облыстан келетін балалар оқыған. Сондықтан да ол қызылжарлық қазақ зиялы қауымы үшін көзге ыстық, жылы мекен. Қазір ондағы оқушылар саны сыйымдылығынан 3 есе асып кеткен. Осыны ескерген облыс, қала басшылары «Жас өркен» деп аталатын жаңа ықшам ауданға салынған жаңа ғимаратты осы мектепке берді.
Есігін айқара ашып, оқушыларын күтіп отырған заманауи үлгідегі жаңа мектепті бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов аралап, шәкірттер мен ұстаздарға сәттілік тіледі. «Жаңа мектепте оқушылар заманауи талаптарға сай білім алып, еліміздің белсенді де білімді азаматтары болуына тілектестеспіз. Ескі мектептің тар екендігін ескеріп біз екі жыл бұрын жаңа ғимарат салу жөнінде шешім қабылдағанбыз. Міне, енді ол өскелең ұрпаққа есігін айқара ашып отыр. Бұл мектеп оқушылары мен ата-аналарының ғана емес, барша Қызылжар тұрғындарының қуанышы», деді ол өзінің сөзінде.
Жаңа ғимаратта балаларын оқытуға қазірдің өзінде 970 ата-ана өтініш білдірген екен. Бұл жер қаланың жаңа үлгідегі әсем үйлері салынған жаңа ықшам ауданы. Осы арада, жаңа жылдың қарсаңында, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимараты да есігін ашатын болады.
Биыл Солтүстік Қазақстанда мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын бүлдіршіндер саны 9 мыңнан асады. Бұл былтырғыдан 500-ге дейін артық. Оқушылар санының өскені халық саны өскендігінің айғағы екені хақ. Қазір Қызылжарда қазақ тілінде оқытатын он мектеп бар. Соның өзі өскелең талапқа сай келмей, қазірдің өзінде аздық етуде. Қала іргесіндегі Бескөл ауылында да биыл 600 орындық қазақ мектебі есігін айқара ашатын болады.
Өңір басшысы бүгін колледждерде де болып, қондырғыларды жаңарту жұмысымен танысты. М.Жұмабаев атындағы колледжде 3D моделдеу, робототехника, веб дизайн кабинеттері ашылды. Сондай-ақ «Петропавл кәсіби кәсіби-педагогикалық колледжінде» автомашиналарды жөндеу және тексеру цехы ашылды.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.