Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды. Бұл шешім БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында жарияланды.
Биыл COVID-19 пандемиясымен байланысты БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі дәстүрлі іс-шарасы онлайн режімінде өтті. Отырысты ашқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясының төрағасы Мұхаммад Тижани-Банде Қазақстанның ядролық сынақтарға тыйым салу бағытын ілгерілетудегі жетекші рөліне тоқталды. Оның айтуынша, 1945 жылдан бастап әлемде 2000-нан астам ядролық сынақтар жүргізіліп, планета мен адамзатқа, бірнеше буын ұрпаққа зор қасірет әкелді. «БҰҰ құрылғаннан кейін 75 жыл өтсе де, ядролық қауіп әлі де бар, мыңдаған ядролық қару қоймаларда сақталып, пайдалануға дайын», деді БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы.
БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі Жоғарғы өкілі Изуми Накамицу іс-шарада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің үндеуін жеткізді. Бас хатшы өз үндеуінде жаһандық ядролық сынақтарға тыйым салудың асыл мақсатына жетудегі кешеуілдеу үшін ешқандай себеп жоқ екенін жеткізді және әлем мемлекеттерін Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойып, ратификациялауға шақырды.
Изуми Накамицу сонымен бірге қазіргі қиын геостратегиялық ортада халықаралық қоғамдастық ядролық сынақтарға қарсы норманы қуаттау үшін күш-жігерін арттыруы керектігіне тоқталды. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігерге қосқан ерекше үлесін ескеріп, Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мәртебе беру туралы бастама көтерді. Елбасының 1991 жылғы 29 тамызда әлемнің ең ірі ядролық полигондарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде тарихта қалғаны мәлім. Сондай-ақ Президенттің полигонды жабу туралы Жарлығы халықаралық күнді белгілеуде де маңызға ие.
БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясының барысында Елбасы Н.Назарбаевтың іс-шара қатысушыларына үндеуін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді оқыды. «1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан планетадағы ең қуатты ядролық қарудың төртінші арсеналынан бас тарту шешімін өз еркімен таңдады. Тарих бұл қадамның дұрыстығын растады – біз жарқын мысалмен бейбіт жолмен прогресс пен өркендеуге бет алуға болатынын көрсеттік», делінген Елбасының үндеуінде.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның үлгісімен жүруге және ядролық ессіздікті тоқтату үшін күш біріктіруге шақырды. «Мен Америка Құрама Штаттары, Ресей, Қытай және Еуропалық одақтың басшылары планетаның болашағы үшін ерекше жауапкершілікте деп санаймын. Егер осы төртжақты форматта саммит өтетін болса, онда оның басты тақырыптарының бірі ядролық қаруды кезең-кезеңімен және пропорционалды түрде қысқарту туралы көпжақты келісімді әзірлеу болуы керек деп сенемін. Қазақстан осы саммитке өз алаңын ұсынуға дайын», деді Елбасы өз үндеуінде.
Бастамашы топ «Чемпион» мәртебесін иеленген тұлғалар ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қол қоймаған мемлекеттермен мақсатты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетініне сенімді. Сонымен қатар олар ұйымдағы ынтымақтастықтың артықшылықтары туралы түсініктерін жақсарту, Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын өз еркімен бөлшектеу секілді озық тәжірибелерімен бөліседі.
Финляндияның экс-президенті Тарья Халоненге де осындай мәртебе берілді. «Чемпиондар», сондай-ақ ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының атақты тұлғалар тобының мүшелігіне кіреді.
Бас Ассамблеяның отырысына қатысушылар Қазақстанға ядролық қаруды таратпаудағы жетекші рөлі үшін алғыс білдіре отырып, бұл мәселені халықаралық қоғамдастықтың назарында ұстаудың, сондай-ақ көпшілік жыл сайын Қазақстан бастамашылық ететін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтудің маңызын сөз етті.