Ядролық қарудың тауқыметін Қазақстан жақсы түсінеді. Ұлы далада 40 жылға жуық атом бомбасы жарылып, Табиғат ананы да, адамды да аямады. Оның зардабы әлі күнге дейін түпкілікті жойылған жоқ...
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ал 2009 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Қазақстан тарапының ұсынысы негізінде осы 29 тамыз күнін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.
Бір қызығы, ядролық қарудың жасалу тарихы данышпан Альберт Эйнштейн есімімен тығыз байланысты. 1905 жылы даңқты ғалым өзінің әйгілі формуласын – «E=mc2»-ні есептеп шығарады. Яғни физикалық заттың энергиясы оның салмағын вакуумдегі жарық жылдамдығын екі еселеп көбейткенге тең. Эйнштейннің бұл теңдеуі атом бомбасын жасауға алғышарт жасап берді.
Әрине данышпан формуласын есептеп шығарғанда мұны білмегені анық. Оған мына оқиға мысал. 1939 жылы физик Лео Силард уранның тізбектік ядролық реакция қабілетіне ие екенін анықтайды. Дәл сол кезеңде Еуропада нацистік Германия дүрілдеп тұрған. Л.Силард уранның мұндай қасиетін фашистер анықтаса, әлемге үлкен қауіп төнетінін аңғарады. Сөйтіп ол Англияда демалып жатқан данышпан Эйнштейнге барып, мәселенің мән-жайын түсіндірген көрінеді. Мұны естіген ғалым ол туралы мүлдем ойланбағанын жеткізеді.
Бірақ Силард бекерге келмепті. АҚШ президенті Франклин Рузвельтке атом бомбасын нацистерден бұрын жасауды сұрап хат әзірлейді де, оған Эйнштейннің қол қоюын сұрайды. Силардтың сиқырлы сөзіне алданып, қарудың Гитлер қолына түскендегі қауіпті ойлап, Эйнштейн хатқа қол қояды. Бірақ кейін АҚШ Хиросима мен Нагасакиге ядролық қару тастағанда ғалым бармағын тістеп қалған екен. Тарихшылардың айтуынша, данышпан өле-өлгенше Рузвельтке жазылған хатқа қол қойғаны үшін өкініп өткен көрінеді.
Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбалардан кейін әлемдегі екі алып держава – АҚШ пен КСРО ядролық қаруды игеруде жарысқа түсті. Осылайша 1947 жылы Семейде полигон ашу туралы шешім қабылданса, 1949 жылғы 29 тамызда алғашқы атом бомбасы сынақтан өтті.
Міне, қазақ даласының ядролық сынаққа қатысты қайғы-қасіреті осылай басталды. Сөйтіп қырық жылдан астам уақыт ішінде Семей полигонында 468 ядролық қару жарылды. Бұл – бүкіл КСРО-да жасалған сынақтардың үштен бірі. Осының өзі Семейдегі полигонда жарылған ядролық қару қуатының қасіретін анық аңғартса керек. Мәселен, Семейдегі сынақтың жалпы қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбалардан бірнеше мың есе көп еді.
Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Қазақстанның еншісіне өте мол ядролық арсенал мұраға қалды. Бұл – «қырғи-қабақ соғыс» кезінде бәсекелескен АҚШ-ты бейжай қалдырған жоқ. Тіпті халықаралық қоғамдастық та Одақ тарқағаннан кейін жаңадан тәуелсіздігін алған елдерге күдікке толы күмәнмен қараған-ды. Бірақ Қазақстан ядролық арсеналынан түбегейлі бас тартты.
Қазақстанның оқтұмсықтары батыстың беткеұстар дипломаттарының ұйқысын қашырғаны мынадан-ақ байқалады. Екіжақты келісімді сылтауратып шетелдік шенеуніктер бірінен соң бірі елімізге жиі ат басын бұрды. Әйтсе де, бәрін мазалаған бір ғана мәселе: Қазақстанның ядролық қаруы. Мәселен, 1991 жылғы 31 тамызда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі, қайсарлығы арқасында «Темір леди» деген атпен танылған Маргарет Тэтчер сол кездегі астанамыз Алматыға келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.
Осы кездесуді Елбасы Н.Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай еске алады: «Тэтчер бірінші кездесудің өзінде маған: «Сіз ядролық қаруды не істемек ойдасыз?» – деген сауалды тікесінен қойды. Іштей кесімді шешім қабылдап қойсам да, әлі де ойлану үстіндегідей қалып таныттым. Бір жағынан маған оның мұндай тік мінезі ұнады. Екінші жағынан, Тэтчердің бұл сауалды өз тарапынан ғана емес, сондай-ақ батыстағы тұтас саясаткерлер ортасы атынан қойып отырғанын түсіндім».
Кейінірек 1991 жылғы 17 желтоқсанда АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Қазақстанға келіп, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Бұл сапар туралы америкалық беделді басылымдар жарысып жазды. Мәселен, The Washington Post газеті «Республика Президенті АҚШ өкілі Д.Бейкерге ядролық қарудан әзірге бас тартпайтынын айтты» деген тақырыпта мақала жариялады. Бұдан бөлек, The New York Times, Los Angeles Times басылымдары да АҚШ мемлекеттік хатшысының сапары туралы жан-жақты ақпарат берді. Мұхиттың арғы бетіндегі бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның ядролық қарудан әзірге бас тартпаймыз деген ұстанымын қызу талқылады.
Н.Назарбаевтың алыстан ат терлетіп келген қонақтың бетін қайтарып тастауының өз себебі бар. АҚШ тарапы жаңадан тәуелсіздігін алған елге доқ көрсетіп, ядролық арсеналынан бас тартуға көндіруге талпынды. Бұл оқиға Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» кітабында егжей-тегжейлі жазылған. Д.Айткен өз кітабында: «Ол америкалық қонағына Қазақстанның ядролық қару клубына қосылуға ынтасы жоқ екенін жеткізді... Дегенмен, Назарбаев қайтарымы болмаса, Қазақстанның ядролық қаруды иеленуден бас тартпайтынын анық айтты», дей келіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Маған керегі қауіпсіздік кепілдігі еді», деген сөзін еске алған.
Джеймс Бейкер Ресеймен 3500 миль шекараны бөлісіп жатқан, бұрынғы КСРО құрамында болған Қазақстанға АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдігін бере алмайтынын айтып, ауыр сөздерімен Назарбаевты тоқтатуға тырысты. Тіпті қатты кетіп, Қазақстанда орналасқан әрбір оқтұмсыққа қарсы АҚШ-тың үш ядролық қаруы қарсы тұрғанын айтып, қатаң ескерту жасады. «Мен бұдан қорықпаймын әрі маңыздысы ол емес. Біз бәрін тең дәрежеде шешеміз. Ең әуелі, ядролық арсеналдан бас тартқаннан кейін Қазақстан оның орнына не алатынын білуіміз қажет», деп жауап берді Назарбаев.
Осы сапардан Д.Бейкер көп нәрсе түйіп кеткенін болжау қиын емес. Көп ұзамай Президент Н.Назарбаев АҚШ-қа сапармен барды. Сол 1992 жылғы мамырда үлкен Джордж Бушпен келіссөздер барысында, «ядролық мәселенің» еліміз үшін барынша пайдалы, оңтайлы шешімін табудың сәті түсті. Әлемдегі аса ірі державаның Қазақстанды саяси тұрғыда толық мойындап, жан-жақты экономикалық әріптестік жасауға ынта білдірді. Осылайша әлем тарихында тұңғыш рет сыртқы саяси диалогта ядролық қаруға ие болу емес, керісінше, одан бас тарту маңызды тетікке айналды.
Қазақстанның ядролық арсеналы Батыс елдерін ғана қызықтырып қойған жоқ. Араб әлемі де оқтұмсықтарды сатып алуға ниетін білдірді. Мәселен, 1992 жылы сол кездегі Ливия басшысы Муаммар Каддафи Қазақстанның атом бомбасын сақтап қалуы үшін миллиардтаған доллар қаржылай көмек беруге әзір екенін жеткізген. Тәуелсіздігін енді алған мемлекет үшін бұл арбайтын ұсыныс. Өйткені Кеңес өкіметі құлағаннан кейін ел экономикасы тұралап қалғаны белгілі. Бірақ Қазақстан мұндай жомарт ұсыныстан бас тартты.
Міне, осылайша Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жер-жаһанды жаппай қырып-жою қаруларынан азат етуге бағытталған соны қадам болғанын уақыт көрсетті. Бүгінде еліміз ядролық қарудан бас тарту ісінде өзгелерге үлгі. Жалғыз Қазақстанның бастамасымен шартарапты атом бомбасынан құтқару мүмкін емесі түсінікті. Алайда еліміздің шешімі әлемді қауіпті қарудан құтқаруға зор үлес қосып келеді десек қателеспейміз.
Жоғарыда есептеп шығарған формуласы ядролық қаруды жасауға әкелгенін естіп, Эйнштейннің өмір бойы қайғырып өткенін айттық. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуға қосқан үлесі данышпанның қасіретін жеңілдетер ме еді, кім білсін?!