Қоғамның дамуы – білім саласының дамуына тікелей байланысты екендігі еш дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Сондықтан кез келген дамушы қоғам білім мен ғылым сапасын тоқтаусыз, толассыз жетілдіруге тырысады.
Ел болып еңсе тіктеген сәттен бастап елімізде мемлекеттік деңгейде білім саласына барынша көңіл бөлініп келеді. Әлемдегі ең озық үлгілер сыннан өтіп, жергілікті жағдайға ыңғайланып, күнделікті іс-тәжірибемізде пайдалануға енгізілгендіктен, бүгіндікке соның оң нәтижелері жемісін беруде. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың білім саласына үлкен қолдау жасап, қамқорлық көрсетуін де сезінудеміз. Ұстаздардың ұсыныстары мен талап-тілектеріне сәйкес Білім және ғылым министрлігіне оң өзгерістер жасау қажеттілігі жөнінде тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын өзі бақылап отырғанын күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, көріп отырмыз. Бұл үшін білім саласы қызметкерлерінің, соның ішінде қалың елдің ортасында жүрген қарапайым ұстаздардың алғысы шексіз. Алдағы уақытта да білім және ғылым саласында жақсы да жағымды жаңалықтар көбейіп, іс жүзіне асатынына сенімдіміз. «Мемлекеттің барлық бастамалары білім саласын жетілдіріп, педагог мәртебесін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда білім саласы жаңартылған білім мазмұнына көшті, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды, ұлттық біліктілік тестілеу енгізілді, педагог кадрлардың жалақысы артты, директорлық корпусты тағайындау тәртібі өзгерді, жаңа мемлекеттік білім мен ғылымды дамытудың бағдарламасы қабылданды. Білім және ғылым министрлігінің елмен етене араласып, берілген тапсырмаларға сәйкес тиісті ұсыныстарды жүзеге асырып жатқанына мұғалімдер қауымы дән риза.
Шұға Қаратаева,
Мәртөк ауылындағы №2 мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері:
«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – барлық педагог қауымы үмітпен күткен басты жаңалық. Ұстаздар тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет осындай үлкен мәртебеге ие болып отыр. Заң алдымен, ұстаздардың құқықтарын кеңейтіп, қорғайтын болады, яғни мұғалімге тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту көзделген.
Осы аталған бағыттағы іс-әрекетті ұжым да сезінді. Біз мектепке қатысы жоқ іс-шаралардан арылып, уақытымызды білім беруге, өзімізді дамытуға арнадық. Екі құжатты – сынып журналы мен сабақ жоспарын ғана толтырамын. Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындап, әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды дайындаймын. Қалған құжаттың еш қажеті жоқ.
Гүлжан Садирова,
Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияның мұғалімі, Білім беруісінің үздігі:
Мен жаңартылған білім мазмұны курсына қатысып, кәсіби білімімді жетілдірдім. Бұл менің біліктілік санатымды арттыруға үлкен көмегін тигізді. Енді мен – педагог-зерттеушімін, біліктілік санатыма сай еңбекақыма 40% үстемеақы алып отырмын. Бұл менің және барлық әріптестерімнің еңбегінің бағалануы деп түсінемін.
Нұрлан Джакибаев,
№1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының мұғалімі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері:
– Иә, ұстаз еңбегі өте төзімділікті, табандылықты, сабырлылық пен шығармашылықты қажет етеді. Мен – сынып жетекшісімін. Әрине, қазіргі сынып жетекшісіне төленетін қосымша ақы тағы екі есеге артатыны қуантады. Себебі сынып жетекшісінің еңбегі өте күрделі әрі жауапты, оның ішінде ата-анамен де жұмыс жүргізу бар. Сондықтан бұл өзгеріс бізге тиімді болып отыр.
Гүлмараш Мукашева,
№6 Хромтау гимназиясының директоры, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері:
– Педагогтің ұстаздық қызметпен алаңсыз айналысуы үшін педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беру – бұл да бізге деген мемлекеттің қамқорлығы деп түсінеміз. Сонымен қатар педагог мамандығына оқуға түсетін түлектер үшін балды 60-тан 70-ке көтеру де дұрыс шара және оны біз қолдаймыз. Себебі ертең мектепке біздің ісімізді жалғастыратын сапалы білімді жастар келеді деп сенеміз.
Алтынай Ақдәулетова,
Қарауылкелді орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Білім беру ісінің үздігі:
– Қазіргі уақытта олимпиадаларға, ғылыми жобаларды қорғауға оқушылардың қызығушылығы жоғары, сәйкесінше қатысушылар да көп. Республикалық, халықаралық олимпиадалар бойынша Білім және ғылым министрлігінің тізбесі жасалған. Осы тізбеде олимпиада жеңімпаздарын дайындаған мұғалімдерге әр мекеменің ішіндегі үнемделген қаражат есебінен 300 АЕК көлемінде үстемеақы төлеу қарастырылған. Бұл елімізде дарынды балаларды қолдау, таланттарды танытуға септігін тигізеді деп білеміз. Сонымен қатар ұстаздар үшін керемет мотивация екені сөзсіз.
Естай Жайлыбай,
Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің директоры, Білім беру ісінің үздігі:
– 1985 жылы кәсіптік-техникалық білім беру саласына жұмысқа орналасып, оқытушылықтан бастап колледж директорына дейінгі бүкіл сатысынан өттім. Оны айтып отырғаным – осы 35 жыл ішінде бұл саланың барлық жетістіктері мен қиыншылықтарының куәгері болып келе жатырмын. Қазіргі таңда елге керекті орта буын, жұмысшы мамандарды даярлау қажеттігі туындаған кезде мемлекет тарапынан білім саласына қолдау көрсетіліп жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануының маңызы өте зор. Мұғалімдердің мәртебесі артты, жалақылары өсті. Олардың қоғамдағы орны көрнекті бола бастады. Өзім қызмет ететін Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжі республикалық «Жас маман» жобасына еніп, екі мамандыққа заманауи техникалық құрал-жабдықтар алу мүмкіндігіне ие болды. Осындай қолдауды жете сезінген әріптестерімнің бар күш-жігерін қажетті әрі сапалы мамандар даярлауға арнайтынына сенімдімін.
Р.S. Міне, жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Шәкірттер мен ұстаздарға оқу жылының басталғанын хабардар етіп, сыңғырлай жөнелетін қоңырау үні биылғы оқу жылында да қашықтан естілмек. Қоңырау үні қашық болғанымен, ұстаздар мен оқушылар арасы жақын. Өйткені заманауи технологиялар жетістігі екі арадағы байланысты жақындата түсті. Осы аралықта ұстаздар қауымы цифрлы технологиялар арқылы өз бетінше үздіксіз білім алып, сан алуан ақпаратпен алмасу мүмкіндіктерін әбден игерді.
Облысымызда жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Барлық оқушылардың отбасылық жағдайының әлеуметтік картасы жасалды. Осының негізінде әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың оқушыларына, басқа да қажеттілігі бар балаларға білім беру ұйымдарындағы компьютер, планшет құрылғылары уақытша пайдалануға берілді. Әлі де жетіспеушіліктің орнын толықтыруға республикалық, облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінуде.
Әрбір қиындықтың соңында жақсылығы болады. Әлемді жайлаған індет білім саласына қашықтан оқыту форматын енгізді. Педагогтер мен мектеп оқушыларына ақпараттық технологияның тілін жан-жақты меңгеруіне мүмкіндік туды. Педагог – оқушы – ата-ана үштігі бұл сынақтан бірлесе шынығып шығатыны анық.
Облыс ұстаздары мен білім саласы қызметкерлерінің білімі мен күш-қуаты қандай сынақты болсын еңсеруге жететініне сенімдіміз.
Дина ЖАМАНБАЕВА,
Ақтөбе облыстық ғылыми-әдістемелік орталықтың директоры