Конституция күні қарсаңында 33 отбасы жаңа қонысқа көшіп, қуанышқа кенелді. Жаңа пәтерлер Атырау қаласындағы "Нұрсая" ықшам ауданында бой көтерген 9 қабатты тұрғын үйден берілді. Баспана алғандардың дені – 2013 жылдан бері тұрғын үй кезегіне тіркелген көпбалалы отбасылар, деп хабарлайды Egemen.kz
"Бұл – "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жалға берілген пәтерлер. Аталған бағдарлама аясында жыл басынан бергі 8 айда жаңа баспана алған отбасылардың саны 257-ге жетті", деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Оның айтуына қарағанда, жыл аяғына дейін тұрғын үй кезегінде тұрғандарға жаңа пәтерлер беріледі. Сондай-ақ, апатты жағдайдағы жатақханалардың тұрғындары да жаңа мекенге көшіріледі.