Жақында "Жануарлар – менің достарым!" республикалық байқауының жеңімпаздары анықталған болатын, деп хабарлайды Egemen.kz
Edu Stream компаниясының Youtube арнасы арқылы онлайн-режіммен өткен марапаттау рәсімінде Бала құқығы жөніндегі уәкілетті өкіл Аружан Сайын Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Сәуір мен шілде аралығында өткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен төрт мыңнан астам бала қатысқан. Нәтижесінде, Бас жүлдеге алматылық Мария Иваниченко (15 жас) лайық деп табылса, ал 6-8 жас тобы бойынша өскемендік Полина Зонова (8 жас), 9-11 жас аралығындағы балалар тобынан солтүстікқазақстандық Елдос Жангелді (10 жас), 12-14 жастағы жеткіншектер арасынан оралдық Дана Курак (14 жас), 15 пен 17 жас аралығындағы өнерпаздардан нұр-сұлтандық Алина Байбосынова (15 жас) бірінші орынды иеленді.
Бас жүлде иегері Мария Иваниченкоға байқаудың бас демеушісі Edu Stream компаниясы тарапынан Австрияға жолдама және Apple iPad табысталды. Сонымен қатар бірінші орын иегерлеріне де Австрияға сапар сертификаты берілді. Жеңімпаздарға "Технодом", "Настоящий Буратино" компанияларынан смартфон, самокат және басқа құнды сыйлықтар табыс етілді. Өнер додасына қатысушыларды Ішкі істер министрлігі, LIKEE ғаламдық платформасы, "Добровольное общество" Милосердие" қоғамдық қоры, Animal Security қоғамдық қоры, "Белый бим" жануарларды қорғау мекемесі ынталандыру сыйлықтарымен марапаттады.
Онлайн-жобада жеңімпаздар жануарларға сүйіспеншілігін жеткізіп, алға қойған мақсат-мұраттарымен бөлісті. Мысалы, бірінші орын иеленген Елдос Жангелді граттаж техникасымен сурет салғанды ұнататынын, бәйгеге қатысуына әлеуметтік желіден балалардың итті өртегені жайлы оқыған ақпараты себеп болғанын тілге тиек етсе, 2-орын иеленген түркістандық суретші Жасурбек Карчиев: "Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Онлайн-құттықтау тамаша өтті, демеушілерге, ұйымдастырушыларға рақмет айтамын", деді.
Сондай-ақ жас суретші өткен жылы республикалық сурет байқауына қатысып, Бас жүлдені жеңіп алғанын, көшеде қараусыз қалған иттің суретін салу идеясы үй жануарлары туралы фильмді көріп отырғанда туғанын айтты.
Edu Stream компаниясынан Австрияға сертификат алған жеңімпаздар карантиннен кейін өз еңбектерін Венада өтетін көрмеде паш етпек. Ал конкурсқа қатысқан бір топ баланың суреті қала көшелеріндегі билбордқа ілінеді.
Байқаудың мақсат-мұраты – табиғатқа, қоршаған ортаға, жануарларға деген сүйіспеншілікті өскелең ұрпақ санасына сіңдіру. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор деп есептейді. Елші-амбассадор Диана Гамазова жануарларды қорғау мақсатында заңда қарастырылған нормаларды қатаңдату, иесіз қалған үй жануарларына жағдай жасау және иттерді баланың көзінше ауламау сияқты ұсыныстарды алға тартты. Ал әділ қазылар алқасының мүшесі Т. Жүргенов атындағы ҚҰӨА Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры Ольга Батурина мектепте әлемдік бейнелеу өнерінің тарихы жайлы сабақты қайта жандандыруды ұсынды.
Айта кету керек, байқау Қазақстан Президентінің қамқорлығымен, БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің қолдауымен, "Балалар Әлемді Бейнелейді" Қоғамдық Қоры, бас серіктес Edu Stream компаниясының және "Технодом" мен "Настоящий Буратино" серіктестерінің қатысуымен өткен еді.